Кәсіпкерлердің үлесі мол

Кәсіпкерлердің үлесі мол
ашық дереккөз
Кәсіпкерлердің үлесі мол

Облыста үстіміздегі жылы отандық тауар өндірушілердің өнімдері мен қызметтерін пайдалану көлемі 30,7 пайызға артқан. Жергілікті тауар өндірушілер, бас мердігерлердің қатысуымен жалпы сомасы 945 668 408 теңгенің 8 келісімшартына қол қойылған. Бұл жыл басынан бері құрылыс саласында жасалған келісімшарттардың 15,7 пайызын құрайды. Оның барлығы да жергілікті мердігерлік ұйымдар мен жеткізуші компаниялар. Жыл қорытындысы бойынша есеп беру жиынында облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Қарлығаш Аралбекова осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасының түзілуі облыс экономикасына тың серпін берген. Кәсіпкерлікті жетілдірудің шешуші қадамдарының бірі болған аталмыш картаға туризм, агроөнеркәсіп кешені, қызмет көрсету салалары бойынша жалпы сомасы 12,4 миллиард теңгені құрайтын 10 жоба еніпті. Палата облыс экономикасының негізгі басым бағыттарының бірі – туризмді дамытудың нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеген. Облыс әкімінің атына осы тұрғыда қордаланған мәселелерді шешу, саланы қаржыландыру мақсатында ұсыныс та жолданған. Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесі үшін өткізілген «Алтын сапа» байқауына «Қазфосфат», «АрайСтройМаркет-2003» және «Katsa» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, сондай-ақ, «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме байқауына 72 компания қатысқанын еске салған ол жүлдегер деп танылған компанияларды атады. Сондай-ақ, алдағы жылы облыста жұмысын бастайтын инвесторларға қызмет көрсету және агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытында атқарылған жұмыстарға да кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, өңірімізде бүгінгі күнге дейін 68 ауыл шаруашылық кооперативі тіркелген. Алайда, олардың 40-ның жұмысы тоқтап тұр. Ал Мойынқұм ауданындағы шаруа қожалықтары тарапынан әлі күнге дейін кооперацияға бірігу ниеті байқалмауда. Бұрын құрылған кооперативтер заң талаптарына сәйкес, қайта тіркеуден өтпеген және бұл бағытта жергілікті атқарушы органдар да нақты жұмыстар жүргізбей отыр. Жан-жақты жүргізілген келіссөздер нәтижесінде Меркі ауданында 42 шаруашылықтың бірігуімен өңірде сүт кластерін дамыту бағытындағы іргелі «Меркі өнімдері» кооперативі құрылғанын еске салған Қ.Аралбекова кәсіпкерлердің білімі мен біліктілігін арттыру бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарды да тілге тиек етті. Облыс әкімдігінің қаржы басқармасы мен палатаның бірлескен жарғылық капиталы негізінде биылғы жылдың шілде айынан бастап «Атамекен-Тараз» шағын несие ұйымы жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Несие алуға түскен 34 өтініштің 26-сы (жалпы сомасы 221 700 000 теңгені құрайды) қанағаттандырылған. Сервистік қызмет көрсету аясында 2739 шағын және орта бизнес субъектісіне 3780 қызмет көрсетілген. Қ.Аралбекова палата тарапынан кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, оларға жасалып жатқан басқа да қамқорлық пен көмек жөнінде де тарқата айтып берді. «Жамбыл Жарық Сауда-2030» ЖШС директоры, кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің мүшесі Жұмағали Сабалақов пен облыс прокурорының көмекшісі Абай Алтаев өңірлік кеңестің жұмысы мен прокуратура тарапынан кәсіпкерлер құқығын қорғауда жүзеге асырылған жұмыстардан хабардар етті. «Дана-дель» ательесінің директоры, облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесінің мүшесі Бақыткүл Тоқтыбаева кеңестің бір жылда атқарған жұмысы жайлы хабарлама жасады. Баспасөз мәслихаты барысында БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға да нақты жауаптар қайтарылды.

Амангелді әбіл, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар