ҰБТ! Ортадан ауды. №45 классикалық гимназияның түлектері орташа 101,8 балдық көрсеткішпен алға шықты

ҰБТ! Ортадан ауды. №45 классикалық гимназияның түлектері  орташа 101,8 балдық көрсеткішпен алға шықты
ашық дереккөз
ҰБТ! Ортадан ауды. №45 классикалық гимназияның түлектері орташа 101,8 балдық көрсеткішпен алға шықты

Мектеп бітірушілерді дайындығын ширатып, қоңыр күзден бері сарсаңға салған сынақтың екі күні артта қалды. Біреулер үшін сәтті, ал кейбірі «әттеген-ай» деп сан соғып жүр. Қалай десек те, жастардың алдағы бағыт-бағдары осы ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысына байланысты болып тұрғаны анық.

Болашақта білім алатын оқу ордасын тестте жинаған балына қарай таңдайтын болғандықтан, оқушылар да қолда бар мүмкіндікті пайдаланып қалғысы келеді емес пе? Дегенмен, сәттілік әрқашан жолдас бола бермейтіні тағы бар. ҰБТ-ның алғашқы легінде жамбылдық сынақ тапсырушылардың көпшілігіне тест тапсырмалары оң жамбастарына келе қоймаған секілді. Алғашқы лекте «Алтын белгіге» үміткерлердің 46-сы (28,4 пайызы) ғана өз білімдерін дәлелдей алыпты. Ал, үздік аттестатқа үміткер 56 бітірушінің 9-ының (16,1 пайызы) ғана жолы болған. – 2 маусым күнгі ҰБТ қорытындысы бойынша облыстағы орташа көрсеткіш 71,39-ды құрап отыр. Талапкерлердің апелляцияға берген өтініштері қаралу үстінде. Оның шешімі бойынша орташа балдық көрсеткіш өзгеруі де мүмкін. Қазір Тараз қаласында бір ғана мектептің көрсеткішін нақты айта аламын. №45 классикалық гимназияның түлектері орташа 101,8 баллдық көрсеткішпен алға шықты, – дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жәмила Бекбатырова. Басқарманың мәліметіне сүйенсек, Сарысу мен Талас ауданында ҰБТ бір ғана лекте өткен. Бірінші лекте Тараз қаласы мен Жуалы ауданы бітірушілерінің көрсеткіші тәуір болыпты. Жуалыда – 78,7, Таразда – 79. Бірақ, бұл нәтиже нақты емес, екінші лекте орташа балл азаюы немесе артуы мүмкін дейді мамандар. Жалпы, Ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы күні республика бойынша өтініш жазған 27 мың 670 түлектің 26 мың 134-і сынаққа қатысқаны мәлім болып отыр. Тәртіп бұзғаны үшін 13 талапкер дәрісханадан шығарылған. Тест тапсырушылардан 5 962 ұялы телефон, 1 783 шпаргалка, 121 калькулятор, 6 фотоаппарат, 2 рация табылған. Ал, басқарма басшысының орынбасары «облыстағы барлық он пунктте тестілеу тыныш, талапқа сай өтті» дейді. Қалай десек те, тест тапсырушы түлектердің алғашқы екі тобы сынақтан өтті. Ертең үшінші тобы бағы мен бабын сынамақ.

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар