Егін егіп, мал өсірген шаруаларымызбен мақтанамыз

Егін егіп, мал өсірген шаруаларымызбен мақтанамыз
ашық дереккөз
Егін егіп, мал өсірген шаруаларымызбен мақтанамыз

Елбасымыздың жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауларынан туындайтын міндеттер мен тапсырмалардың мүлтіксіз орындалуы елімізді өркендетудің, жерімізді көркейтіп, гүлдендірудің кепілі екені анық. Бұл ретте қатардағы қарапайым еңбеккерден бастап түрлі буындардағы басшы азаматтарға дейін ортақ мүдде-мақсат – ел игілігін үстеу жолында зор жауапкершілікпен, ерекше құлшыныспен жұмыла еңбек етуі талап етіледі.

Әрине, жұмысымыздың бағасын бірінші халық береді. Халықтан асқан сыншы жоқ. Жолдарды жөндеу, ауылдарға газ тарту, көріктендіру мен абаттандыру, бизнесті дамыту, ауданға инвестор тарту, су құбырларын жаңалау секілді игілікті істер сол халықтың көз алдында жүзеге асырылуда. Тұрғындар бәрін де көріп, біліп отыр. Мемлекеттік бағдарламалар аясында кешенді шаралар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Ауданның әлеуметтік-мәдени саласы да жылдан-жылға жақсарып келеді. Биылдың өзінде бізде осы заманғы үлгідегі жаңа мектеп, балабақшалар салынды. Кәсіпкерлікті дамытуға, мал шаруашылығын өркендетуге, жалпы, жұмыс істеймін деген адамға мүмкіндіктер мол. Ойға алған жоспарларымыз рет-ретімен іске асып келеді. Қысқа қайырып айтар болсақ, Құлан жерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту бағытында атқарылған жұмыстар аз емес. Мәселен, ауыл шаруашылығы саласында егіс-дала жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мал саны бұрнағыдан көбейді, еңбекақылар мен жәрдемақылар мерзімінде төленіп отыр. Жұмыссыздық пен кедейшіліктің деңгейі төмендеді, қызмет көрсету, өнім өндіру көлемі артты. Әлеуметтік нысандардың құрылыс жұмыстары жалғасуда, құқық бұзушылық саны азайды. Халқымыздың біртуар перзенті Тұрар Рысқұловтың есімін иеленген аудан төскейі төрт түлік малға, егінге толы аграрлы аймақ болып саналады. Бұл бағыттағы әлеуеті де мол.Салыстырмалы түрде айтар болсақ, осыдан он жыл бұрын, яғни, 2006 жылы игерілген егістік жер көлемі 99 700 гектар болып, оның 94 300 гектарына дәнді дақылдар себілсе, 2016 жылы игерілген егістік көлемі 141 350 гектарды құрап, барлық егіс алқабының 99,7 пайызы игерілді. 2006 жылы 86 366 тонна астық өндірілсе, 2015 жылы жиналған дәнді дақыл көлемі 110 997,1 тоннаны құрады. Өткен жылы ауыл шаруашылығындағы өнім көлемі 11 миллиард 808 миллион 900 мың теңге болып, нақты көлем индексі 104,5 пайызға жетті. Тек қана өткен жылдың өзінде егін шаруашылығына 202 миллион 813 мыңнан астам теңге субсидия төленді. Бұл мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған үлкен көмек екендігі даусыз. Ал малға да, жанға да жайлы болған биылғы жылы ақ егістен бұрын-соңды болмаған өнім алынды. Мал өсіру – аудан халқының ата кәсібі. Бабаларымыз ықылым заманнан төрт түліктің тұқымын бұзбай, асылын жоғалтпай, жаз жайлауы мен қыс қыстауын, көктеуі мен күздеуін алдын ала белгілеп отырды емес пе? Егемендік алған алғашқы жылдарғы қиыншылық кезеңде бұл үрдіс ұмыт бола бастаған еді. Сондықтан да мемлекетіміз асыл тұқымды мал өсіруге ерекше назар аударып, қолдау көрсетуді қолға алды. Осы орайда асыл тұқымды мал өсіруге бағытталған «Сыбаға», «Алтын асық», «Ырыс» секілді бағдарламалар дүниеге келді. Аудан шаруалары осы бағдарламалар аясында өткен жылы 216 мүйізді ірі қара, 3488 бас қой, 78 жылқы алып, өрістерін малға толтыруда. Ауданымызда жоғары сапалы ет пен барлық стандарттарға сай, бәсекеге қабілетті сүт өнімдерін өндіруге ерекше назар аударылуда. Сапамен қатар, сандық көрсеткіш те өсіп келеді. Мәселен, 2006 жылы әр сиырдан 2 886 литр сүт сауылған болса, 2015 жылы 3 657 литрден сүт өндірілді. Ауданымызда соңғы кездері асыл тұқымды мал өсіруге ерекше назар аударылуда. Атап айтқанда, «Шәушен» шаруа қожалығы асыл тұқымды еділбай қойын, текті тұяқты тұлпарлар өсірумен және элита сұрыпты егін шаруашылығымен тұрақты түрде айналысып келеді. Қожалық жетекшісі Сайранбай Дөненбаев ауылын көркейтуді де назардан тыс қалдырған емес. Қазіргі Жарлысуды Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ауылмен салыстыруға әсте болмайды. Алыстан көз тартатын еңселі де әсем мешіт, барлық жағдайы жасалған орта мектеп, жұмыртқадай тізілген жаңа үлгідегі тұрғын үйлер, 40 орындық интернат үйі, қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына орнатылған еңселі ескерткіш пен аллея ауыл көркін ерекше ажарландыра түсуде. Осының барлығы да шаруа қожалығының жеке қаражатына салынып, ел игілігіне берілген бүгінгі күннің зәулім ғимараттары. Қожалық «Қарабұлақ» тау қойнауынан тәулігіне 1500 литр қымыз өндіретін, құны бір миллиард теңге қымызбен және атқа мініп серуендеу арқылы емдеу кешенін іске қосып отыр. Сол сияқты Ортақұмда «Құдайберген Датқа» шаруа қожалығы құм жайылымын игеру мақсатында шөлді аймақтан құдық қазып, күн сәулесінен электр қуатын өндіріп, мың бас қой өсіріп отыр. Ал «Луговой жылқы зауыты» ЖШС-ның атақ-даңқы елімізге кеңінен танымал. Шөлейт аймақта бекіре балығын өсіріп, уылдырық өндіріп отырған шаруашылық бұған қоса 30 мың басқа арналған шошқа өсіру кешені мен сағатына 15 тонна құрама жем дайындайтын кәсіпорынды ашып, ел игілігіне айналдырып отыр. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев халықты асыраушы ауылға үлкен көңіл бөліп отырғаны белгілі. Түрлі мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, ауыл тұрғындарына жеңілдіктер жасалуда. Несиелер бөлінуде. Бүгінгі таңда мемлекет еңбек етемін, шаруамды жүргіземін, сөйтіп егемен елімнің өркендеуіне өз үлесімді қосамын деген әрбір ілкімді азаматқа барынша жағдай жасауда. Аудан әкімдігі, міне, осы жеңілдіктерді шаруа баққан адамдардың санасына жеткізіп, олардың шаруаларының аяғынан тік тұрып кетуіне жан-жақты ықпал жасап келеді. Осының нәтижесінде шағын несие алған жекелеген азаматтар шаруасын шалқытып отыр. Бұған несиені тиімді пайдаланып, өздерінің жеке ауласында мыңғыртып мал өсіріп, қой мен жылқы бордақылап, ет өндіріп, шаруасын дамытып отырған Абай ауылдық округіндегі ағайынды Бәрменқұловтардың отбасылық мал бордақылау алаңының игі істері толық дәлел бола алады. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Ауданның әлеуметтік жағдайына тоқталсақ, Құланда құрылыс жұмыстары қыз-қыз қайнап жатыр деуге толық негіз бар. Мәселен, өткен жылы жобалық-сметалық құны 675 миллион 664 мың теңге Подгорный орта мектебі пайдалануға берілді. Мемлекет пен жеке меншік әріптестік аясында Құлан ауылынан жеке кәсіпкер, «Құлан жолдары» ЖШС-ның басшысы Қоныс Сағымбековтің демеушілігімен 100 орындық «Аяна» жеке меншік балабақшасы бой көтерді. Ал биылдың өзінде бала санының өсуіне байланысты Әбжапар ауылында жобалық-сметалық құны 396 миллион 618 мың теңге Қызылту орта мектебінің ғимараты пайдалануға берілді. Бұған қоса Қарақыстақ ауылынан 140 орындық балабақша салынып, бүлдіршіндерге есігін айқара ашты. Соңғы екі жылда 5 ауылда дәрігерлік амбулаториялар мен медициналық пункттер пайдалануға берілді. Қасиетті Құлан жері таланттардан да кенде емес. Әсіресе, аудан атын алысқа танытқандардың дені спорт саңлақтары десек, ешкім дауласа қоймас. Азия мен әлем чемпионаттарын айтпағанда, Олимпиада ойындарының өзінен төрт бірдей азамат жүлделі оралған. Ермахан Ыбырайымов, Ислам Байрамуков, Ақжүрек Таңатаров, Елдос Сметовтің ізін басқан інілері бар. Демек Құлан өңірі спорттық шежіреге өте бай өңір. Бір ауданнан төрт бірдей Олимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері шығуы бұрын-соңды болмаған құбылыс. Бұған Рим Олимпиадасының жүлдегері – тұяқты тұлпар Абсентті қосыңыз. Сонда Құланда бес бірдей Олимпиада ойындарының жеңімпаз-жүлдегері бар деген сөз. Осының өзі ауданда спортты дамытуға айрықша назар аударылып отырғандығын көрсетсе керек. Құландық жас қырандар ағалары салып кеткен жеңіспен өрілген бай дәстүрді үзбек емес. Оның дәлелі, ауылда жаттығып жүріп-ақ жергілікті қыз-жігіттер жыл басынан бері толайым табыстарға қол жеткізіп үлгерді. Қазір 2 балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде спорттың 12 түрінен 1200 жасөспірім жаттығып, шынығуда. Оған 40 жаттықтырушы дәріс береді. Бұл жасөспірімдер арасынан да ел намысын қорғайтын болашақ чемпиондар шығатын­дығына сеніміміз мол.

Жарылқасын Айтақов, Тұрар Рысқұлов ауданының әкімі.

Ұқсас жаңалықтар