Ауыл жастары ауқымды істерде алда болсын болсын

Ауыл жастары ауқымды істерде алда болсын болсын
ашық дереккөз
Ауыл жастары ауқымды істерде алда болсын болсын

Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің мәжіліс залында «Ауыл» партиясының облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Нұрлы Болашақ» атты I облыстық ауыл жастары форумы өтті. Форумға облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов қатысты. – Елбасымыз ел дамуының әрбір стратегиялық жоспарында ауыл-аймақтарды гүлдендіруге, тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға баса мән беруде. «Ауыл» ХДПП облыстық филиалы атынан сайланған мәслихат депутаты ретінде елді мекендерде бірқатар кездесулер мен іс-шараларға қатысып жүрмін. Сонда бүгінгі ауыл жағдайы мен шешуі кезек күттірмейтін әлеуметтік-экономикалық мәселелермен таныстық. Соның бірі – маман тапшылығы. Нақтырақ айтсақ, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, мәдениет саласында мамандар жетіспейді. Жастардың ауылда тұрақтамауына мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау бағдарламаларының жеткілікті насихатталмауы және өзге де түйткілдер себеп болып отыр. Осындай маңызды мәселелер – бүгінгі форумның негізгі арқауына айналды, – деді, «Ауыл» партиясының облыстық филиалының төрағасы Ерболат Саурықов. Ерболат Байұзақұлының айтуынша, бұл түйткілді мәселелердің шешімін табу үшін ТИГУ-да агробиологиялық ғылыми-зерттеу институты ашылған. Сондай-ақ, 200 ірі қара малға арналған тауарлы-сүт фермасы да іске қосылған. Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік негізінде 100 балаға арналған балабақша салынып жатыр екен. Құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. «Бұл мәселені айтып отырғаным, «Ауыл» ХДПП облыстық филиалының төрағасы ретінде партия мүшелерімен бірлесе отырып, осындай шағын құрылымдарды әрбір ауылдарда ашуға, қажетті мамандармен қамтуға қолдау көрсетуіміз керек. Бүгінгі бас қосуымыздың да негізгі мақсаты – осы. Ауыл жастарының бәсекеге қабілетті білім алып, жастардың мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізуіне ықпал ету болып отыр», – деді ол. Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы Фархат Абдралиев тәуелсіздік жылдары іске асырыла бастаған «Дипломмен ауылға», «Болашақ», «Бизнестің жол картасы – 2020», «Жұмыспен қамту – 2020», «Серпін-2050», «Жасыл Ел» тағы сол секілді мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың жастарға көптеген мүмкіндіктер бергенін сөз етті. – Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, облысымызда 270 мыңға жуық жас бар. Оның 164 мыңға жуығы ауылда тұрады. Ағымдағы жылдың мамыр-маусым айларында облысымыздағы мемлекеттік жастар саясатының іске асырылуы және мемлекеттік бағдарламалардың жергілікті жерде қалай орындалып жатқанын саралау үшін Тараз қаласы мен аудандарда, 124 ауылда жастармен кездесулер өткіздік. Сонымен қатар, ауыл мектептерін бітіруші жастарға «Серпін» бағдарламасы кеңінен түсіндірілсе, ауыл жастарымен, аға буын өкілдерімен кездесулер өткізіліп, жергілікті жерлерде тиісті жұмыстар жүргізілді. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 24 қазаны мен 1 қарашасы аралығында облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы аудандар мен ауылдық округтерде басқарма күндерін өткізді. Осы басқарма күндері аясында 100-ге жуық жастың өтініштері қаралды. Жеке қабылдауларға келген жастардың көпшілігі жұмысқа орналасу, «Жұмыспен қамту – 2020», «Жастар практикасы» бағдарламалары бойынша сұрақтар қойып, басқарма қызметкерлері тарапынан тиісті жауаптар берілді, – деді Фархат Абдралиев. Жиын барысында Байзақ ауданы мәслихатының депутаты Алмас Болшыбеков ауыл жастарының жайын айтса, Жуалы ауданының жас кәсіпкері Мейіржан Телеушов ауылдарда да жастардың кәсіп ашуына мемлекет зор мүмкіндік беріп отырғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ, келелі жиында бүгінгі ауыл жастарын мазалайтын өзекті мәселелер де шет қалмады.

Наурызбек Сарша, «Ақ жол».

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар