Мемлекет бізге жағдай жасады

Мемлекет бізге жағдай жасады
ашық дереккөз
Мемлекет бізге жағдай жасады

ендеше, біз елге қарайласуымыз керек

1991 жылы әскер қатарынан оралған бойда бірден кәсіпкерлікпен айналыса бастадым. Бертінде мал шаруашылығына бет бұрдым. Шаруамды шалқытқан ширек ғасырға шексіз ризамын. Осы жылдар ішінде лизингтік жүйемен 6 трактор сатып алдым. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мен оның жергілікті жердегі серіктестігі арқылы қомақты несиеге қол жеткізіп, иелігімдегі мал басын да көбейттім. Мемлекеттік қолдаудың, несиелеудің тиімділігін шаруалар біркісідей түсініп қалды. Қайтарыммен еңбек етсең, қарыздан құтылудың еш қиындығы да жоқ. 2011 жылдарға арналған «Сыбаға» бағдарламасы аясында берілген 20 миллион теңге несиеге мүйізді ірі қара малын сатып алып, берешегімді де толықтай жауып үлгердім. Алдағы уақытта «Құлан» бағдарламасы бойынша асыл тұқымды жылқы сатып алуды жоспарлап отырмын. Өйткені, қазақтың жабы тұқымдас жылқысы Мойынқұмның аптап ыстығы мен аязды суығына шыдамды келеді. Айта кетейік, 2013 жылдан бері мемлекеттен мүліктің түріне қарай субсидия төленіп келеді. Бұл – шаруаларға берілген үлкен көмек. Ең бастысы, жер-жерде кәсіпкерлік желісін кеңге жайған сайын мемлекетіміз де дамып, өркендеп келеді. Қазіргі әлем экономикасында қалыптасқан ахуал Қазақстанның дамуына тежеу бола алмайды деп ойлаймын. Себебі, біз колхоз бен совхоз таратылып, мал саны азайып, біраз қиыншылықтар туындаған тоқсаныншы жылдардағы қиын кезеңдерді де еңбекпен еңсергенбіз. Ол кезде біздің шаруа қожалығымызда 10-15 сиыр, 50 қой ғана бар еді. Қазір иелігімізде қой – 4000, мүйізді ірі қара – 350, жылқы 240 басқа жетіп отыр. «Үркер» шаруа қожалығында бүгінде 20-ға жуық адам жұмыс істейді. Мемлекет қолдауының арқасында ауыл жұрты да жұмыссыз қалып жатқан жоқ. Бұл – Тәуелсіздіктің, Елбасының ауыл шаруашылығын дамытуға жасаған үлкен қолдауының жемісі. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығына мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау өте көп. Былтыр қараша айында облыс орталығында ауыл шаруашылық күніне орай өткен жиында мал шаруашылығын дамытуға қосқан үлесіміз үшін «Нива» автокөлігін сыйға алдық. Бұл үшін облыс, аудан басшыларына айтар алғысымыз шексіз. Еңбек бағаланып жатса, жұмыс жандана түседі. Мемлекет бізге жағдай жасады, енді біз елге көмектесуіміз керек. «Елде болса, ерінге тиеді» дегендей, бүгінде біз малшыларға, механизаторларға шаруашылық есебінен отын-су, жемшөпті тегін беріп отырамыз. Сондай-ақ, көп балалы, жағдайы төмен отбасылар мен аудан орталығындағы мешітті де қыстық отынмен қамтамасыз етуді дәстүрге айналдырдық. «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында Т.Рысқұлов, Ә.Төлепбергенов атындағы орта мектептерінің оқушыларына қаржылай көмек жасап тұрамыз. Ауданымыздағы жағдайы төмен отбасыларына да көңіл бөліп, шаруашылық атынан арзан бағамен ет сатамыз. Мәселен, биыл Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Мойынқұм, Қылышбай ауылдарындағы 25 отбасыға – әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы аналарға, мүгедектерге тегін азық-түлік таратып, отын-суын, жемшөбін қамдап бердік. Ендігі мақсатымыз – мал санын көбейтіп, етті экспортқа шығару. Ол үшін Тәуелсіздігіміз тұғырлы, Елбасымыз ғұмырлы болса, қазақ елі Мәңгілік Ел боларына еш шүбә келтірмеймін.

Бәкір ИСАБЕКОВ, «Үркер» шаруа қожалығының жетекшісі, аудандық мәслихаттың депутаты.

Мойынқұм ауданы.

Ұқсас жаңалықтар