Ерлерін ардақтаған елдің ертеңі нұрлы

Ерлерін ардақтаған елдің ертеңі нұрлы
ашық дереккөз
Ерлерін ардақтаған елдің ертеңі нұрлы

Тәуелсіздік! Қандай қасиетті ұғым десеңізші! Жүрекке жылылық, адамға рух беретін сөз. Биыл Тәуелсіз мемлекет, егеменді ел болғанымызға 25 жыл толып отыр. Осы мерзімде жеткен жетістіктеріміз ауыз толтырып мақтанып айтуға тұрарлықтай. Біріккен Ұлттар Ұйымының толыққанды мүшесі болдық. Дүниежүзілік сауда ұйымына кірдік. Елбасымыздың елеулі еңбегінің арқасында елімізді төрткіл дүние түгел таныды. Асқан сұлу, көрікті Астанамыз бар. Әлемдегі бейбітшіліксүйгіш мемлекеттердің алдыңғы қатарынан орын алғанымыз да ақиқат. Айта берсек, ширек ғасырда қол жеткізген табыстарымыз мол. Ендеше, сол жетістіктерімізге шүкір айтып, марқайып қана қоймай, осы Тәуелсіздік жолында өмір бойы күресіп, құрбан болған асыл азаматтарды да еске алып отыру – біздің парызымыз. Ата-бабаларымыз бұл күнгі азаттығымыз үшін қанша жыл жоңғарлармен соғысып, Қоқан хандығымен тіресіп, патшалық Ресейдің отаршылдық саясатына аянбай қарсы тұра білді. Бұл ретте «Өткенді білмей, болашақты болжау мүмкін емес» – деген Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың орынды сөзі ойға оралады. Қоқан хандығына қарсы Тентек төре, Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісовтің, 1916 жылғы Амангелді Имановтың, меркілік Ақкөз Қосановтың патшалық Ресейдің озбыр саясатына қарсы көтерілістері де жадымыздан өшпеу керек. Сондай-ақ, өмір бойы жаулармен соғысып, елінің, жерінің бостандығы үшін күрескен қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымовтың жанқиярлық ерлігі, Кеңес одағы кезіндегі Созақ көтерілісі, 1986 жылғы қазақ жастарының Желтоқсан оқиғасы да ескерусіз қалмауға тиіс. Тәуелсіздік үшін құрбан болған қаншама азаматтарды еске алу бүгінгі ұрпақ үшін үлгі-өнеге болуы керек. Аттың жалында, түйенің қомында жүріп ұлан-ғайыр жерімізді сақтап, бізге мұраға қалдырғаны – олардың ерлігінің бұлтартпас айғағы. Келесі жылы қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымовтың біздің облысымыздың жерінде жау қолынан қаза болғанына 170 жыл толғалы тұр. Осы орайда Кенесары мен Наурызбайдың және басқа да қазақтың ержүрек азаматтарының рухын асқақтатып, жастарға таныстырсақ, игілікті іс болар еді. Ол туралы тарихты, қайғылы жағдайды еске алып, «Кенесарының көтерілісі және тәуелсіздік маңызы» деген тақырыпта ғылыми-теориялық конференция өткізіп, қаладағы Ленин көшесіне есімін беріп, түрлі мәдени спорттық іс-шаралар өткізсек, әруақтарға арнап ас берсек, өткенімізді бағалағанымыз, ерлердің ерлік істерін ұмытпағанымыздың белгісі болар еді.

Мәскеу Ноқрабеков, еңбек ардагері.

Ұқсас жаңалықтар