«Мұқаш, өзіңнің еңбек ері екеніңді дәлелдеп, жаңа зауытты іске қосып жатырсың... табысты болыңдар»

«Мұқаш, өзіңнің еңбек ері екеніңді дәлелдеп, жаңа  зауытты іске қосып жатырсың... табысты болыңдар»
ашық дереккөз
«Мұқаш, өзіңнің еңбек ері екеніңді дәлелдеп, жаңа зауытты іске қосып жатырсың... табысты болыңдар»

Сейсенбіде Елордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен дәстүрлі жалпыұлттық телекөпір болып өткені белгілі. Шара барысында еліміз өңірлеріндегі Индустрияландыру картасына енген бірқатар жобалардың тұсауы кесілді. Мемлекет басшысы телекөпір режімінде нысандардағы өндірістерді іске қосып, индустрияландыру аясындағы жобаларды іске қосуға рұқсат берді. Сөйтіп, бұл күні еліміз бойынша жалпы саны 23 жоба ел игілігіне ұсынылды. Олардың қатарында өңірімізде Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында еліміздегі химия саласының көшбасшысы «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты Минералды тыңайтқыш зауытында экстракциялық фосфор қышқылы цехы пайдалануға берілді.

Елбасымен телекөпір арқылы тікелей байланысқа шыққан «Қазфосфат» ЖШС бас директоры Мұқаш Ескендіров Мемлекет басшысына цехта өндірілетін өнімнің маңыздылығы, оны өндірудің елге келтірер пайдасы жөнінде баяндады. Тұсаукесерінің өткізілуі ел Тәуелсіздігінің торқалы тойымен тұспа-тұс келген өндіріс орнын іске қосуға рұқсат сұраған Мұқаш Зұлқарнайұлына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Мұқаш, өзіңнің Еңбек Ері екеніңді дәлелдеп, жаңа зауытты іске қосып жатырсың. Барлықтарыңа көп рахмет, табысты болыңдар» деген тілегін білдірді. ЭФК-1 экстракциялы фосфор қышқылы өндірісінің технологиялық жүйесін қайта жаңғырту жобасының жалпы құны 9 646 000 000 теңгені құрайды. Бұл қаржының 5 миллиард 10 миллион теңге несиесіне компания «Халық банкі» арқылы қол жеткізген. Жобаның жылдық қуаттылығы 220 мың тонна өнім өндіруге есептелінген. Тұсауы кесілген цехта өндірілетін экстракциялық фосфор қышқылы фосфорлы және күрделі тыңайтқыш сынды бірқатар өнімдерге қажетті шикізат болып табылады. Оны өндіру үшін Қаратау фосфориттерін дигидраттаудың соны үлгісі қолданылған. Цехта технологиялық үдерісті «Yokogawa» автоматтандырылған жүйесі басқарады. Оның іске қосылуы өнім көлемін 220 мың тоннаға дейін арттырып, соның арқасында минералды тыңайтқыштар көлемін жылына 500 мың тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, елдегі ауыл шаруашылық өнімін өндірушілердің күрделі минералды тыңайтқыштарға деген сұраныстарын қамтамасыз етуге жол ашпақ. «Казфосфат» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары Нұрзия Лесбекова: «Жоба жылына 500 мың тоннаға дейін минералды тыңайтқыш шығаруға мүмкіндік беріп отыр. Ал осы уақытқа дейін зауытта 140 мың тонна ғана өнім өндіріліп келген. Жаңа жобаның іске қосылуына байланысты келесі жылы өнім көлемін 225 мың тоннаға жеткізіп, одан әрі кезең-кезеңімен екі-үш есеге арттырамыз деп жоспарлап отырмыз. Сөйтіп, 2018 жылдан бастап толыққанды 500 мың тонна өнім өндірмекпіз. Бұл – экстракциялық фосфор қышқылын өндірудің бірінші кезеңі. Ал екінші кезеңінде 1 миллион тоннаға дейін минералды тыңайтқыш шығарылмақ. Соның арқасында жаңа жұмыс орындары ашылып, мемлекет бюджетіне төленетін салық көлемі бүгінгімен салыстырғанда үш есеге дейін артады. Бұл цехсыз біз зауыттың негізгі өнімі саналатын – аммофостың көлемін айтылған көлемге дейін арттыра алмаймыз. Бүгінде елімізде бұл минералды тыңайтқышқа сұраныс 2 миллион тоннаны құрайды. Алайда, жылына оның тек 80-90 мың тоннасы өткеріледі. Ол шаруалардың тыңайтқышты сатып алу мүмкіндігіне байланысты. Сондықтан, зауыт өнімі негізінен экспортталады. Бүгінде Қытай, Ауғанстан елдерімен келіссөздер жүргізілуде» деді. Айта кетейік, «Қазфосфат» ЖШС минералдық тыңайтқыш, сары фосфор, натрий триполифосфаты, фосфор қышқылы және натрий гексаметафосфатын қосқанда химия өнімдерінің 20 түрін өндіреді. Компанияның өнімі әлемнің 27 еліне экспортталады, яғни мұнда өндірілген фосфор өнімдерінің 94 пайызы шетелдерге өткеріледі. Аталған іс-шараға облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев, орынбасары Тимур Жанке және басқа да тиісті сала басшылары, республикалық, облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де қатысқан болатын. Жиында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз экономиканы әртараптандыруға және шикізаттық емес саланы қарқынды дамыту жолына қарай айқын бағыт ұстадық. Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың 2010-2014 жылдары іске асырылған мемлекеттік бағдарламасы өз нәтижесін берді. Жаңа тарихымызда өңдеу өнеркәсібі алғаш рет тау-кен өнеркәсібіне қарағанда жеделірек дами бастады. Сенімді энергетикалық жүйе құрып, шығыстан батысқа және солтүстіктен оңтүстікке дейінгі көлік дәліздерін қалыптастырдық, бағдарлардың әртүрлі болуына және олардың бір-бірін өзара толықтыруына ден қойдық. Өңдеу өнеркәсібінің металлургия, химия, мұнай өңдеу, машина жасау және азық-түлік өндіру сияқты басымдыққа ие салаларына зор мән беріліп отыр. «Глобал 2000» тізіміндегі 30-ға жуық трансұлттық корпорация іске тартылды. Темір жол машиналарын жасау саласы жаңадан қалыптастырылды. Экспорттық жаңа тауарлар, соның ішінде мұнай өнімдері, аккумулятор, трансформатор, металлургиялық жаңа тауарлар, машина жасау өнімдері және басқа да көптеген өнім түрлері шығарыла бастады. Жаңа жаһандық технологиялық дәуірдің басталуымен бірге елді белсенді түрде индустрияландыру стратегиялық міндетке айналып отыр. Жалпы, біз жүргізіп отырған саясат әлемдік тәжірибеге сай келеді, оның барысында экономиканың қазіргі жай-күйі де, жаһандық үрдістер де ескерілуде. Индустрияландыру саясаты – еліміздің болашағына арналған. Еш уақытта біздің ел мұндай саясатпен айналысқан жоқ. Өркениетті ел болу үшін осы шаруаның бәрін іске асыруымыз қажет. Алдағы уақытта да биік белестен көрініп, жаңа табыстарға жете берулеріңізге тілектеспін! Баршаңызды Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!» деді. Дәстүрге айналған бұл шара жыл соңында еліміздің индустрияландыру саласының қорытындысы шығарылуымен де айрықша маңызға ие. Индустрияландыру бағдарламасы жүзеге асырыла бастаған жылдар аралығында еліміз бойынша жалпы саны 961 жоба іске қосылған екен. Аталған өндіріс орындары 4,6 триллион теңгенің өнімін өндірген. Ал азаматтар үшін жаңадан 90,6 мың тұрақты жұмыс орны ашылып, ел экономикасына айтарлықтай оң ықпал етуде. Осы жылдың басынан бағдарлама бойынша 63 жоба іске қосылған. Жалпыұлттық телекөпір соңында Президент «Парыз» және «Алтын сапа» сыйлықтарын лайықты деп танылған азаматтарға салтанатты жағдайда табыс етті. Сондай-ақ, жиында «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауы үздіктерінің де аты-жөндері жария етілді. Аталған байқауға облыс атынан қатысқан «Жамбылгипс» АҚ өнімі «Өндірістік бағыттағы үздік тауар» атанып, І дәрежелі дипломмен марапатталды. Сондай-ақ, «Тараз былғары аяқ киім» ЖШС да үздіктер қатарынан көрінді.

Маржан РАҚАЙ,

"Ақ жол".

Ұқсас жаңалықтар