Береке – бірлігі барға келеді

Береке – бірлігі барға келеді
ашық дереккөз
Береке – бірлігі барға келеді

567f32191ad6e81012d8d36abb7ad40bМейірхан Өмірбеков, аудан әкімі.

Санаулы күндерден кейін еліміздің Тәуелсіздігіне 25 жыл толады. Иә, осы бірауыз «Тәуелсіздік» деген сөз көңіліңді көкке жеткізеді, мерейіңді тасытады, шабытыңды шалқытады. Ынтымақты – ұран, татулықты – ту еткен еліміз осы уақыт аралығында толағай табыстарға қол жеткізді. Тарихтан алар тәлім мол. Біз өткенімізге құрметпен, болашағымызға сеніммен қарайтын халықпыз. Тәуелсіздіктің арқасында қоғамдық-саяси өмірде, экономикада түбегейлі реформалар жасалды. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген басшылығымен бүгінде Қазақстан қатардағы елден Орта Азия аймағындағы көшбасшы мемлекетке айналды. Зайырлы, құқықтық-демократиялық іргетасы берік мемлекеттер шоғырына қосылдық.

91Қазіргі таңда Тәуелсіздіктің елең-алаңындағы өтпелі кезең қиыншылықтары артта қалып, жаңа буын кәсіпкерлер нарықтық экономиканың қыр-сырын жіті меңгеріп, кәсіптерін білгірлікпен өрге бастыруда. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар мен көмектерді мақсатты пайдаланып, алтын бесік – ауылдың гүлденуіне өз үлестерін қосуда. Бұған ауданда атқарылып жатқан ауқымды істер, өмірге етене еніп, ел игілігіне айналған мемлекеттік бағдарламалардың жергілікті жерде жүзеге асырылуы толық дәлел бола алады. Тәуелсіздік алған күннен бергі уақыт бедерінде қол жеткен табыстарымызды ой елегінен өткізіп, зерделейтін болсақ, кең-байтақ республикамыздағы секілді біздің ауданымыз да жыл санап өркендеп, өрге басып келе жатқандығы тайға таңба басқандай көзге көрініп тұр. Қазіргі таңда өңірімізде ірі индустриялық жобалар іске асырылып, жаңа жұмыс орындары көптеп ашылып жатыр. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт салаларында жаңа әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Нақты дерекке сүйенсек, еліміз егемендігін алғалы бері 8 мектеп, 3 балабақша бой көтеріп, 10 білім беру мекемесі күрделі жөндеуден өтті. Денсаулық сақтау саласы бойынша 12 нысан ел игілігіне ұсынылып, 8 нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал спорт саласында 10 нысан жаңадан салынса, 5 нысан күрделі жөндеуден өтті. Мәдениет – өркениет мәйегі дейтін болсақ, бүгінгі таңда аудан орталығымен қатар, барлық ауылдарда мәдениет үйлері мен ауылдық клубтар, кітапханалар жұмыс істейді. Бұл ретте қиын-қыстау кезеңдерде жекенің қолына өтіп кеткен 3 нысан конкурс бойынша қайта сатып алынып, мемлекет меншігіне өтті. Одан бөлек, 4 мәдениет үйі мен 7 ауылдық клубқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ауданда ауыл шаруашылығы басты сала болып табылады. Бұл тұрғыда тәуелсіздікті жаңа алған аумалы-төкпелі жылдарды айтпағанда, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда едәуір ілгерілеу бар. Мәселен, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 2016 жылдың қаңтар-қыркүйегінде 12,9 миллиард теңгені құрады. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 105 пайызды құрайды. Биыл 34 мың гектар ақ егіс орылып, 85590 тонна өнім жиналды. Жиналған өнім әр гектарға шаққанда орта есеппен 25,2 центнерден айналды. Яғни, былтырғы жылмен салыстырғанда, жалпы жиналған өнім 34247 тоннаға ұлғайып отыр. Бұл ретте айта өтерлігі, бүгінге дейін келер жылдың өніміне 11980 гектар алқапқа күздік бидай тұқымы себілді. Мал өсіру – аудан халқының ата кәсібі. Меркіде мал басы да өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай өскен. Осы орайда аудан шаруалары асыл тұқымды мал өсіруге бағытталған «Ырыс», «Алтын асық», «Сыбаға» секілді бағдарламалар арқылы қораларын малға толтыруда. Осы бағдарламалар аясында өткен жылы 562 бас мүйізді ірі қара, 15450 бас қой, 620 бас жылқы сатып алынды. Ал аудан бойынша мүйізді ірі қара 6,3 пайызға артып, 38 300 басқа жетсе, жылқы 2,1 пайызға көбейіп, 11 800 басқа жетті. Түйе басы да 3,7 пайызға өскен. Қой мен ешкі саны да 238 500 басты құрап отыр. Шаруашылықтың барлық санаттарында 5,9 мың тонна ет өндірілді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 21,3 пайызға артық. Сол сияқты 24,9 мың тонна сүт, 1 миллион 490 мың дана жұмыртқа өндірілді. Осы орайда «Меркі асыл тұқымды зауыты» АҚ-ның 62,5 пайыз акциясының бақылау пакетін иеленген «Агростан» ЖШС шаруашылықтың дамуына 2 миллиард 207,6 миллион теңге инвестиция салып, дүниежүзілік стандартқа және заманауи үлгідегі технология талабына сәйкес 3000 бас ірі қара малға арналған мал бордақылау алаңы құрылысын жүргізуде. Осы агрокешен құрылысы бойынша 600 басқа арналған карантинге қойылатын мал қорасының құрылыс жұмысы аяқталды. «Аймақтық мастер – сүт кластерін» құру бойынша ауданның 42 шаруа қожалығы топтастырылған «Меркі өнімдері» ауыл шаруашылығы өндірісі кооперативі құрылып, оның жаңа сүт зауытының құрылысын жүргізу үшін 8,3 гектар жер таңдалып, мемлекеттік актісі мен төлқұжаты алынды. Ендігі кезекте егін шаруашылығында жаңа техника мен егістікті өңдеудің озық технологиясының алатын орны ерекше. Соңғы он жылдың көлемінде шаруа қожалықтары мен басқа да агроқұрылымдардың машина-трактор паркі жаңа техникамен толықтырылғанын ерекше атап өткен жөн. Бұл ретте тек қана биылдың өзінде 156 миллион 300 мың теңгеге 57 дана әртүрлі ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынды. Бүгінгі таңда ауданда шағын және орта бизнес саласында 5141 кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, онда 12579 адам жұмыс істеуде. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында банк несие пайызының бір бөлігін субсидиялау бағыты бойынша жалпы сомасы 543 миллион 900 мың теңгені құрайтын 13 жоба іске асты. Осы жылы ауданда өнеркәсіп өнімін өндіру өткен жылмен салыстырғанда 47,9 пайызға өсіп, 29 миллиард 893 миллион теңгені құрады. Мұның өзі Меркі қант зауытының өнімін ұлғайтуына байланысты болды. Бұл ретте индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында «Орталық Азия қант бірлестігі» ЖШС-ның Меркі филиалы жалпы құны 664 миллион теңгеге шырын тазалайтын цехын қайта жаңғыртып, іске қосты. Осында 18 жұмыс орны ашылды. Биыл ел өміріндегі елеулі оқиғаларға толы, бірлік пен берекенің, тұрақтылық пен татулықтың жылы болғаны мәлім. Бірлік бар жерде тірлік болатыны, татулық болған жерде табыстың арта түсетіні анық. Бұл ретте осы жылдың 1 қазанына аудан бюджетінің кірісі 7 миллиард 157 миллион 600 мың теңгені құрап, жоспар 100,2 пайызды құрауы – осының айғағы. Оның ішінде өзіндік кірістер 897 миллион 300 мың теңгені құрап, трансферттердің түсімдері 6 миллиард 260 миллион теңгеге жетіп, жоспар 100 пайызға орындалды. Бүгінгі таңда ауданда мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиемен 2438 бала қамтылып, қамту үлесі 35,8 пайызды құрап отыр. Балабақшамен қамту үлесін арттыру мақсатында 110 миллион теңгеге Жеміс-жидек ауылындағы 120 орындық балабақша ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Нысан жақын күндері пайдалануға беріледі. Жыл аяғына дейін мемлекеттік-жеке меншік әріптестік негізінде 75 орындық екі балабақша ашу көзделуде. Нәтижесінде мектепке дейінгі тәрбиемен қамтудың үлесі 39,7 пайызды құрайтын болады. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында республикалық және жергілікті бюджеттен Меркі ауылындағы №17 И.Трубицын атындағы орта мектеп гимназиясының күрделі жөндеу жұмыстарына 268,8 миллион теңге және Кеңес ауылындағы №6 орта мектебінің терезелерін ауыстыруға 9,6 миллион теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Денсаулық сақтау саласы бойынша ауданда бір мезетте 250 келушіні қабылдауға арналған орталық емхана құрылысы аяқталып, қазан айында пайдалануға берілді. Аудан орталығындағы көшелер мен ауылдардағы кіреберіс жолдарға тас төселіп, ағымдық және күрделі жөндеуден өткізілді. Атап айтқанда, биылғы жылы жалпы автомобиль жолдарына бөлінген қаржы көлемі 131 миллион 700 мың теңгені құрайды. Есепті кезеңде Меркі ауылындағы Ә.Ысмайылов көшесіне, Қызылсай ауылындағы Рысқұлбеков көшесі мен кірме жолына, Т.Рысқұлов ауылындағы 180 орындық орта мектепке кірме автожолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қосымша биылғы жылы республикалық маңызы бар «Қырғызстанға батыстан кірме» 7,7-32 шақырым автомобиль жолын (Екпінді ауылынан Андас Батыр ауылындағы шекараға дейін) орташа жөндеу үшін 594 миллион 600 мың теңге қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал «Су – тіршілік көзі» десек, елді мекендердегі су құбырларын, ұңғымаларын қайта қалпына келтіру және қоршау орнату үшін, яғни, ағымды жөндеу жұмыстарын жүргізуге «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 36 жобаға 25,7 миллион теңге және аудандық бюджеттен 14,5 миллион теңге бөлініп, қазіргі таңда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде 76,8 миллион теңге қаражат бөлініп, 29 жобаны іске асыру жоспарлануда. Қазіргі таңда 19 жоба бойынша жұмыстар аяқталып, 10 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ауданда қылмыспен күресу және оның алдын алу бойынша жұмыстар да жүйелі жүргізілуде. Нәтижесінде ауданда қылмыс 5,5 пайызға төмендеген. Осының барлығы да тәуелсіз жылдары жүзеге асырылып, ел игілігіне айналған өркенді істер. Барлық жетістік пен табыстың басында қажырлы еңбек пен ауызбірлік тұратыны анық. Қашан да, қай кезде де жаңа талап үдесінен шыға білуге тиіспіз. Ал бұған дейінгі шешімін тапқан баянды істер Елбасы саясаты мен мемлекеттік бағдарламалардың жүйелі түрде іске асуының нәтижесі екені анық. Ынтымақ пен бірліктің арқасында қол жеткен Тәуелсіздік табыстары арта берсін. Лайым, Тәуелсіздігіміз мәңгі болғай!

Ұқсас жаңалықтар