Тіл мерейін өсірген Марина енді республикалық байқауда бақ сынамақ

Тіл мерейін  өсірген Марина енді республикалық байқауда бақ сынамақ
ашық дереккөз
Тіл мерейін өсірген Марина енді республикалық байқауда бақ сынамақ

6Жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі «Абай оқулары» байқауы Шу ауданында өтті. Облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасы қазақстандық бірлікті қуаттау, өзге этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеруге деген ықылас-ниетін арттыру мақсатындағы аталмыш байқауды биыл да өз дәрежесінде ұйымдастырды. Абайдың мол мұрасына терең бойлаған көркемсөз оқу шеберлері бақтарын сынады. Іс-шараның алғашқы бөлімінде аудандық және Шу қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары қазақ поэзиясы атасының өмір жолынан үзінді бейнелейтін театрландырылған қойылым көрсетті.

Байқауда 15-21 жас аралығындағы жас үміткерлер ақынның өлеңдерін жатқа айтып қана қоймай, әлемнің 116 тіліне аударылған бірегей туынды «Абай жолы» романынан үзінді оқып, әндерін орындады. Тараз қаласының және облыс көлеміндегі аудандардың намысын қорғауға келген 11 қатысушы байқау шарты бойынша қазақтың ұлттық киімдерімен өнер көрсетіп, сахнаның сәнін келтірді. Барлық үміткерлер талап үдесінен түгел шықты деу қиын. Біреуде қобалжу басым болса, бірінде дайындық деңгейі әлсіз екендігі айқын сезілді. Сондай-ақ, туындылардың қайталануы жиі ұшырасты. Әсіресе, ән орындау аталымында барлық өнерпаздар «Желсіз түнде жарық ай» және «Көзімнің қарасы» деп аталатын атақты екі шығарманы орындаудан әрі аспады. Байқаудың үш кезеңінде де бағы жанғандар жоқ емес. Облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының маманы Мөлдір Ахметова бастаған қазылар алқасы барлық үміткерлердің мәнерлеп оқу мен ән орындау шеберлігін, өнерін тура таразылап, әділ бағасын берді. Нәтижесінде, бірнеше қатысушы «Прозалық шығармалар шебері», «Поэзиялық шығармалар шебері», «Көңілім әнді ұғады» сынды аталымдар бойынша марапатталды. Ал, байқаудың жүлделі бірінші орны Шу ауданы №49 мектептің оқушысы Костенко Надеждаға, бас жүлде Тараз қаласынан қатысқан Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің студенті Марина Устиноваға бұйырды. Барлық жүлделі орын иегерлері тілдерді дамыту басқармасының дипломдары мен бағалы сыйлықтарға ие болды. Орыс ұлтының өкілі Марина алдағы уақытта облыс намысын республикалық байқауда қорғайтын болады.

Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол».

Шу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар