МОЙЫНҚҰМДА ШЫҒАРЫЛАТЫН «СҰҢҒЫЛА» ШАЙЫ КЕРЕМЕТ

МОЙЫНҚҰМДА ШЫҒАРЫЛАТЫН «СҰҢҒЫЛА» ШАЙЫ КЕРЕМЕТ
ашық дереккөз
МОЙЫНҚҰМДА ШЫҒАРЫЛАТЫН «СҰҢҒЫЛА» ШАЙЫ КЕРЕМЕТ

Сұңғыла – биіктігі 30-40 сантиметр өсімдік. Оның хлорофилсіз және онша жетілмеген бозғылт түсті жапырақтары бар, сабағында күңгірт күлгін реңді шашақтанған ірі-ірі гүлдері болады. Сұңғыла жабайы жусанға да, сол сияқты мәдени өсімдіктерге де түседі. Ол жусан сияқты күрделі гүлділер тұқымдасына жатады, күнбағыстың тамырында да кездеседі. Өзге шөппен селбесіп өсу арқылы күн көретін, жабысқан өсімдігінің нәрі мен дәмін сорып алатын, халық «арамшөп» санап жақтыра бермейтін сұңғыланың қасиеті –тамырында. Шығыс медицинасы оны емдік шөп ретінде қолданады.

Сұңғыладан жасалған дәрі бүйрек, жыныс жолдары аурулары, бедеулік, несеп түтігі, несеп жолдарының ауруларын емдеуде жақсы әсер етеді. Қан айналымын реттейді, терінің ісінуін, ауруды басады. Ал Қытай медицинасында мұны бедеулік, арқа және тізе сынуы, бүйректің Ян қуаты толық жетіспеуінен сіңір және сүйектің әлсіреуі, қанның азаюы, іштің қатуы секілді ауруларға қарсы пайдаланатыны белгілі болып отыр.

Сұңғыла, әсіресе, Мойынқұм ауданында көп өседі. Жергілікті кәсіпкер, фармацевт маман Серғазы Қылышбаев осыдан 2-3 жыл бұрын емдік қасиеттерімен ерекшеленетін осы өсімдікті өңдеуге кіріскен болатын. Ондағы басты мақсаты – емдік шөптен түрлі биологиялық белсенді қоспалар дайындап, сатылымға шығару. Серғазы «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы бойынша жеңіп алған 3 миллион теңге қаражатына өнімді ұсақтайтын және қораптарға, полиэтилен пакеттерге орайтын арнайы құрылғылар, зертхана жабдықтарын сатып алды. Кейін тағы 3 миллион теңге несие алып, оған ғимарат құрылысын жүргізді. Бүгінде Серғазының кәсібі жандана бастады. Серғазы Беденұлы өзі шығарып отырған фито шай, қоспа, ұнтақтардың құрамына инновациялық патент алған. – Әзірге 3 адамды жұмысқа тартып отырмын. Жұмыстың өнімділігі шикізатқа келіп тіреледі. Сұңғыла қабылдайтын, кептіретін, жинап, сақтайтын орындарым дайын. Егер де шикізат көп болса, күніне бір тоннаға дейін өнім шығаруға болады. Емдік қасиеті бар өніміміздің бағасы да қолжетімді, 600 теңге тұрады. Алдағы уақытта цехымды кеңейтіп, «Цистанхе» атты ұнтақ, сондай-ақ «Мәңгілік», «Астана» сауда белгісімен емдік тониктер, қара шаймен, жалбызбен және көк шаймен араластырылған фито шай, түрлі өсімдік сығындыларын, цистанхемен қатар бал, балауыз, марал мүйізі, жалбыз қосылған емдік тұнбалар өндіріп, сатылымға шығару ойымда бар. Ал бұл антоксидант, өт айдаушы, іш жүргізетін, ми жұмысын ретке келтіріп, есте сақтау қабілетін жақсартатын, простатит пен пилонефрит секілді ауруларды емдеуде өте пайдалы болады. Сондықтан болар біздің өнімімізге қазірден бастап сұраныс артып отыр, – деді фармацевт-кәсіпкер Серғазы Қылышбаев.

«Ақ жол-Ақпарат».

Ұқсас жаңалықтар