Жамбылдың сәлемдемесі, Алматының алғысы

Жамбылдың сәлемдемесі, Алматының алғысы
ашық дереккөз
Жамбылдың сәлемдемесі, Алматының алғысы

Өткен сенбіде Алматы қаласының «Астана» орталық алаңында Жамбыл облысы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі өтті. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өткен шара барысында алматылықтар арзандатылған бағадағы азық-түлікке қарық болып, оның әр түрінен көптеп алып қалуға тырысты.

img_0212

img_0223

Ала таңнан аталмыш алаңға ағылған шаһар тұрғындары ет, көкөніс, жеміс-жидек өнімдерін қызығушылықпен көптеп сатып алды. Жәрмеңкеге арнайы барған облыстық филармонияның өнерпаздары да алаңның ортасына тігілген үлкен саxнадан ән шырқап, тұтынушылар мен сатушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлап, жәрмеңкені думанға ұластырды. Бұл күні жамбылдық тауар өндірушілер жалпы құны 110,5 миллион теңгені құрайтын 229,7 тоннадан астам ауыл шаруашылығы тауарларын сатылымға шығарды. Оның ішінде 31 тонна жылқы, сиыр, қой, шошқа, тауық еттері, 5 тонна шұжық өнімдері, 162 тонна сүт, 1,5 тонна кондитерлік, 6 тонна макарон, 5 тонна қант, балық, сондай-ақ бал, тұз, жеміс-жидек, көкөніс өнімдері және 5 мың дана жұмыртқа ұсынылды. Нарықтағыдан 10-15 пайызға төмен бағада сатылған тауарлар көпшіліктің қызығушылығына ие болды. – Мен Мойынқұм ауданы Мыңарал ауылынан келдім. Балқаш көлінен ауланған 3 тонна 7 балық түрін әкеліп, жәрмеңкеге шығарып отырмын. Алматылықтар, әсіресе, келісі 200-700 теңге аралығындағы балықтың табан, сазан, мөңке, көксерке аталатын түрлерін көптеп сатып алуда. Қайсыбірін келісілген бағадан да арзанға сатудамын, – дейді жеке кәсіпкер Сансызбай Қамиев. Ал Шу ауданының кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Азамат Ошанов ауданнан Алматыға 3 тонна ет, 1 тонна жеміс-жидек, 500 литр мақсары майы әкелінгенін, тауарларына сұраныстың көп түсіп жатқанын жеткізді. Сауда-саттықты қыздырған алматылықтар да дән риза. Зейнеткер Айтжан Оспанова соғым уақтысы жақындағанын алға тартып, жылқы, сиыр еттерін бір-бір жіліктен алғанын айтты. – Мен қасиетті Жамбыл, тариxи Тараз жерін қатты құрметтеймін. Жақсы көремін. Жері шұрайлы өлкенің өнімдері де құнарлы болатыны белгілі. Сондықтан да, жамбылдық соғым етін мол алып қалуға тырыстық. Жылқы етін – 1200, сиыр етін 1100 теңгеден алдық. Қуаныштымын. Осындай игі шара жиі өтіп тұрса екен. Жарнамасы жақсы болса, xалық бұдан да көп келер еді деп ойлаймын. Мұндағы тауар бағалары базардағы нарықтан 5-20 пайызға төмен болуда, – деді ол. Сондай-ақ, өзін Ерқанат деп таныстырған жас жігіт «Туған жерім – Тараз қаласы. Осында білім алып, дәрігер болып жұмыс жасап жатырмын. Осы игі шара туралы xабардар болып, ертерек келіп, Жамбылдың таза көкөнісі мен жеміс-жидегін алып қалуға асықтым. Бұл мен үшін туған өлкемнің сәлемдемесі деп білемін. Осындай жақсы іске бастамашы болған өңір басшыларына алғысым шексіз», деді ағынан жарыла. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев пен Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек жәрмеңкені аралап, екі аймақтың ынтымақтастығы, экономикалық-әлеуметтік байланысы туралы сөз қозғады. – Дәстүрлі түрде жалғасып келе жатқан бұл шара осыған дейін Астана, Қызылорда, Өскемен қалаларында да өтіп, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған болатын. Алматы қаласында осымен екінші рет өтіп отырған облысымыздың ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерінің жәрмеңкесі ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерекесіне арналуда. Жамбыл жері аграрлық өлке ретінде өзге өңірлерге осындай бастамасымен үлгі бола білу керек. Бүгін алматылықтарға өз өнімдерін сатқан тауар иелері алып шаһардан өз сауда-саттықтарын да жасап кете алады, – деді Кәрім Нәсбекұлы. Ал Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек барша алматылықтардың атынан жамбылдық өнім өндірушілерге, тауар иелеріне алғысын жаудырып, ризашылығын білдірді. Ешқандай делдалсыз, арзан бағамен жедел өткен азық-түлік өнімдері жәрмеңкесіндегі сауда барысы еліміздің берекесі мен бірлігі жарасқан мамыражай тіршілігінің бір көрінісіндей болды.

Жанғазы Ахмет, «Ақ жол».

Алматы қаласы.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

   

Ұқсас жаңалықтар