«Үш күннен соң біздің даусымыз біріккен ұлт тар ұйымына жетеді...»

«Үш күннен соң біздің даусымыз біріккен ұлт тар ұйымына жетеді...»
ашық дереккөз
«Үш күннен соң біздің даусымыз біріккен ұлт тар ұйымына жетеді...»

bcb77mqekae8_2Мәкен Уақтегі, Желтоқсан оқиғасын зерттеуші, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Қайрат Рысқұлбековті жастайынан білетінмін...

Тағдырдың маған сыйлаған ерекше тартуы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының қаһарманы Қ.Рысқұлбековтің ата-анасымен жақын таныс болып, Қайратты жастайынан жіті танып-білуім еді. 1980 жылдары Көктерек кеңшарында сүт таситын автокөлікті жүргізетінмін. Қайраттың ата-анасы тауарлы сүт фермасында бақташы-сауыншылық жұмыста еді. Шу ауданындағы мектеп-интернатта оқыған Қайрат ауылға келгенде, оқуға қайтарда көбіне менің көлігіммен қатынайтын.Тентектеу балаларға қосылмай, көбіне ата-анасына көмектесіп мал бағысып, сиыр сауысып тіптен ыдыстарын жуысатын. Сондықтан, қыршын боздақтың алғашқы қорғаушы-ұстазы Сейіткерім Қожаназаровпен 1990 жылдан бастап бірлесе оны жалған жалалардан ақтап, жастарымызды ұлтжанды, адамгершілікке тәрбиелеу үшін Қ.Рысқұлбеков атындағы қор құрып, ауқымды шаралар атқаруға тікелей атсалыстым. Ең алдымен Бірлік ауылындағы «Киров» атындағы орта мектепке Қайраттың есімін бергізуге күш жұмсадық. Алдына белгітас орнатқыздық. Бірліктің орталығына Алматыдан ескерткіш жасатып әкеп қойғыздық. Алматыдағы Обручев көшесі, Астанадағы жаңа Абылай хан мен Ш.Құдайбердіұлы көшелерімен қиылысатын көше мен Бірлік ауылындағы Гагарин көшесінің Қ.Рысқұлбековтің есімімен аталуына ықпал еттік. Айрықша атап өтерлік жайт, 1988 жылы Семей түрмесінде құпия жағдайда қайтыс болғандықтан, біршама әуре-сарсаңға түсіп 1993 жылы шілденің соңында жергілікті Рахат Алтайұлы сынды ұлтжанды азаматпен ол жатқан түрменің 21-камерасына кіріп мәйітін алғаш көрген дәрігер сарапшы Болат Шалағановпен пікірлесе келе, Қайраттың өміріне қастандық жасалғанын анықтадық. Нәтижесінде 1996 жылы 9 желтоқсанда Қ.Рысқұлбековке «Халық Қаһарманы» атағы берілді. Сондай-ақ, ұлтжанды, өнегелі қасиеттерімен ерекшеленген Ресейдің Омбы қаласындағы қазақтың «Мөлдір» мәдени орталығының төрайымы Алтынай Жүнісоваға және өзгелерге Қайрат атындағы сыйлық тапсырдық. Осы игі шаралар туралы баспасөз беттерінде кеңінен жарияланды. Кейінгі кезеңдерде Қайрат және Желтоқсан оқиғасын зерттеумен айналысып «Ер намысы – ел намысы», «Қайрат және Желтоқсан оқиғасы», «Қайрат танытқан қайраткерлер», «Қайрат. Желтоқсан. Тәуелсіздік» кітаптарын жарыққа шығардым. Сонымен бірге 2000 жылдан тұрақты түрде Шу қалалық таэквондо «WTF» федерациясының президенті Марат Тілеуқұловпен бірлесіп, шығыс жекпе-жегінен жастар мен жасөспірімдер арасында Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков атындағы республикалық турнирдің ойдағыдай өткізілуіне белсене атсалысып келемін. Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың өзі: «Халық Қаһарманы болатындай Қ.Рысқұлбеков қандай ерлікке барды?» деп, әлі күнге дейін күдікпен қарауда. 2013 жылдың 16 желтоқсанында «Отау ТВ» жүйесіндегі «Алматы» телеарнасынан кешкі 20.00 мен 22.45 уақыт аралығында өтетін «Бабалар аманаты» бағдарламасын көріп таңғалдым. 3 сағатқа жуық берілген хабарда Қайраттың Желтоқсан оқиғасы күндеріндегі іс-әрекеттері толыққанды емес, шикілеу айтылғандай әсер қалдырды. Тіптен, осы хабарды ұйымдастырып басы-қасында жүрген інісі Талғат Ноғайбайұлының тете бауырының ерліктерін небәрі 20 жасында көрсеткенін айғақтайтын деректерді білмегеніне таңғалдым. Ал «Егемен Қазақстанның» 25 желтоқсандағы санының 11-бетіндегі «Намыс дауылы» айдарымен берілген сұхбатында желтоқсаншы Құрманғазы Айтмырзаұлы Қайрат Рысқұлбеков туралы: «Ол көпшілікті ұйымдастыруға қатыспаған. Алаңға шыққан 40 мың адамның бірі ғана. Бірақ, батырлығы бар, рухани дүниесі мықты жігіт» деп пікір білдірген. Осыларға байланысты, Талғат Рысқұлбеков пен Құрманғазы Айтмырзаұлының назарына мына нақты деректерді ұсынуды жөн көрдім. Әу баста ана қауымын пір тұта, қаракөз қыздарымызды қорғаймын деп алаңға шыққан Қайраттың бір бойжеткен қарындасты (шіркін, сол қыз аман болып, хабарласса ғой!) ұмытпасам Алмабеков деген милиция шашынан сүйреп бара жатқан жерден құтқарып алғандығы жайлы «Бабалар аманаты» телебағдарламасында айтылғандығын жоққа шығара алмаймын. Сонда да сол хабарды ұйымдастырушылардың айтуынша Қайрат қолына таяқ ұстап жүргендіктен құқық қорғаушылардың назарына түскен деп келтіреді. Меніңше сол күндері жалғыз Қайрат емес, өзі-өзін қорғау мақсатында қолдарына таяқ ұстағандардың жеткілікті болғанын оқиғаға қатысқандар растайды. Екінші жағынан қарағанда Қайрат көше бұзықтарының бірі сияқты екен дегендей әсер қалдырады. Менің мұрағатымда көптен бері сақтаулы нақты деректер бар. Дәлірек айтсам, 1991 жылы 12 желтоқсандағы «Атамекен» газетінің 1-бетінде «Тірі куәлер не дейді?» айдарымен жарыққа шыққан сол кездегі студент Ғ.Насыровтың: «Марқұм Қайрат алаңда жиналғандарға: «Жігіттер, үш күнге шыдайық. Үш күннен соң біздің даусымыз Біріккен Ұлттар Ұйымына жетеді», деген жан даусы әлі күнге құлағымнан кетпейді деген естелігі бекер айтылмаған. Қайрат сол үндеуден кейін ғана «тыңшылардың» назарына іліккендігі анық. Бұл әркімнің қолынан келе бермейтін ерліктің үздік үлгісі емес пе ?! Өз өмірі қыл үстінде тұрған қандай адам өзге біреуді қорғай алады. Осы ерлік Қайраттың тарапынан орын алған болатын. 2000 жылы Қайраттың туған күні 13 наурыз қарсаңында Алматыдағы ұлттық сәулет-құрылыс Академиясында алқалы басқосу өтті. Қайраттың қорғаушы-ұстазы Сейіткерім Қожаназарұлы екеуміз арнайы қатысқанбыз. Желтоқсаншы ана Жансая Сәбитова мен 8 жылға сотталып, түрменің ащы дәмін татқан, аталмыш оқу орнының бұрынғы доценті Әркен Уақов сыйлы қонақ ретінде шақырылыпты. Көпшілік алдында Әркен аға ақ жүректен ақтарыла: «Желтоқсан оқиғасынан кейін қаныпезер тергеушілер мені Қайрат Рысқұлбековпен беттестіріп, мына адамды танисың ба, осы кісі емес пе сендерді алаңға шығыңдар деп үгіттеген» дегенде, Қайрат қаймықпастан: «Бұл ағайды танымаймын. Алаңға өзіміз шықтық» деп мені ашық қорғады. Егер де ол басқаша айтқанда, Қайрат емес, менің ату жазасына кесілетінім айдан анық еді», деп тебірене көзіне жас алған болатын. Өзінің ғұмырын тәрк етіп, аяулы ұстазын қорғау – ерліктің нағыз үлгісі дер едім.

бүкіл одақты ұйқыдан оятты

Мойынқұм ауданы мұғалімдерінің 1987 жылғы тамыз мәслихатында шәкірті Қайратқа таңылған ату жазасын жеңілдету жайлы үндеу көтерген Сейіткерім Қожаназарұлын мінберден сөйлетпей ұстаздар қауымын жанталаса қарсы қойған лауазымды мырзалар бүгінде өзін сол кездердегі желтоқсаншыларды қолдаған қайраткер ретінде өздерін көрсеткісі келуде. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін Балтық жағалауы мен Кавказ елдерінде халықтық толқулардың орын алғаны белгілі. Бірақ, тым шалғай болғандықтан ол жақтағы көтерілістердің қалай басталғандығынан бейхабармыз. Жақында «Жас Алаштың» №84 санында «Оның аты-жөні Жексенбай Ошанов» атты мақалам жарық көрген еді. Соған байланысты Жексенбайға жолыққанымда: – Желтоқсан оқиғасына байланысты ұйымдастырушылардың бірі деп, әрі оңтүстікқазақстандық Ермұхамбет Қуандықовты жерлестері сатып кеткендіктен сотта оған ара түскендігімнен, тергеушілердің мазалаулы қыспағынан әрең босағанмын. 1987 жылдың көктем айлары болатын. Бір күні жатақханадағы бөлмеме 3-4 жігіт рұқсат сұрай кірді. Бойшаң, спортшы пішіндес, денелі жігіттер. Бірақ, сөйлескенде орысшаны бұрмалай өте сақтықпен тілдесті. Менімен жіті танысқысы келіп, уақытты белгілеп, белгілі мейрамхананың біріне шақырды. Айтқан кезінде келсем, әлгі жігіттер күтіп отыр. Орнығып жайғасқан соң, танысып білісе келе, таңғалдым. Сөйтсем, олар сонау қиырдағы Балтық жағалауындағы Литва елінен келген екен. Қонақтардың іссапарының мақсаты – Желтоқсан оқиғасын жан-жақты зерттеп-білу. Өйткені, литвалықтар да тәуелсіздік жолындағы көтеріліске дайындалу үстінде екен. Сол себептен (тек Ж.Ошановқа ғана жолықпағаны анық. М.У. ) біздің іс-тәжірибеміз оларға ауадай қажет. Тіптен әңгіме үстінде: «Қиындық көріп, оқудан шығарылып, қудалауға ұшырасаңдар біздің елге келіңдер, сендерді батырларымыздай қарсы аламыз, деп ашығын айтты. Жастық жалынмен барғым-ақ келіп еді, ата-анам мен туған-туыс, қатар-құрбыларымды қимадым» – деп, ол бар шынын ақтарып салған-ды. Шындығында Ж. Ошановтың айтқандары шындыққа жанасып, литвалықтар бастаған Балтық жағалауының елдері халықтық толқулармен одақтас республикалар ішінен алғашқылар қатарында тәуелсіздікке қол жеткізген жоқ па?! Ал мына жайды ешкім ескере бермейді. 1989 жылдың маусымында М.Горбачевтың Қытай Халық Республикасына барған іссапарына қарсы Бейжіңнің Тянь-Энь-Минь алаңы наразылықпен шыққан жүздеген мың студент жастарының ереуіліне ұласып, Горбачевтың нөкерлерімен мінберден тікелей Мәскеуге қайтып кеткені Орталық телеарнадан көрсетілгені әлі күнге есімде.

Шу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар