Білгеннің жөні бір басқа

Білгеннің жөні бір басқа
ашық дереккөз
Білгеннің жөні бір басқа

«Дін – ұстай алсаң, қасиетің, ұстай алмасаң, қасіретің» деген ұғым бар. Бүгінгі таңдағы қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – дінді ұстанған жастарға дұрыс бағыт беру. Түрлі экстремистік-террористік түсініктегі ұйымдар қылаң берген уақытта жастарды адастырмау аса маңызды. Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының «Дінтану» орталығы және тәрбие бөлімінің ұйымдастыруымен өткен «Діни фанатизмнің қауіптілігі» тақырыбындағы семинарға аталған оқу орнының профессор-оқытушылары мен студенттері шақырылды. Басқосуды аталған институттың проректоры Орынқыз Жолдасова ашып, жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде дін әлемге ортақ құндылық болғанымен, әр ұлттың дүниетанымы, дәстүр-салт ерекшеліктері бар екенін, қазақтың дәстүрі дінмен байланыса жалғасып келе жатқанын айтып өтті. Мұнан соң сөз сөйлеген Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыс бойынша департаменті антитеррорлық орталығының маманы Марат Нығметов лаңкестік пиғылдағы адамдардың көпшілік ортада жүретінін, бірқатар ерекшеліктері болатынын айтып, ондай бағыттағы адамдардан сақтануға шақырды. Сондай-ақ, ол антитеррорлық орталық тарапынан әзірленген теріс ағымдардан сақтануға арналған бейнероликті жиналған жастардың назарына ұсынды. Ал облыстық прокуратураның бөлім басшысы Бахтияр Шайсламов студент жастарға жоғары және арнаулы оқу орындарында белгіленген талапқа сай киініп жүру қажеттігін ескертті. Облыс әкімдігі «Дін проблемаларын зерттеу орталығының» дінтанушы-маманы Дінмұхамед Сауырбай адамды адастыратын түрлі қатерлі ұйымдардың құрамына қарапайым тұрғындар ғана емес, профессорлар, өнер-әдебиет өкілдері, лауазым иелерінің өзі қосылып кетіп жатқанына алаңдаушылық білдірді. Ол қатерлі ұйымдардың түрлі қадамдар арқылы ойларын жүзеге асыратынын, қақпанына түскен жастарға ата-ананы, Отанды жат көрсету арқылы қоғамнан оқшаулайтынын ескертіп өтті. ТарМПИ-дің «Дінтану» орталығының жетекшісі Таңжарық Тұрғанқұлов студент жастарды жалған діннің, теріс жолдың құрбанына айналып кетпеуге шақырды. Муфтият тарапынан рұқсат етілген кітаптардың өзін санаға салып, електен өткізіп оқуды, уағыз айтушылардың да қажетті өсиетін ғана қабылдауды сөз етті. Мұнан соң жиналғандар тарапынан сұрақтар қойылды. 1-курс студенттері Гүлмира Әбдіғали, Нұрила Бектасова жұрт көңіліндегі көп түйткілдерді қозғап өтіп, жиынға келген азаматтар тарапынан жан-жақты жауап алды. Жиынды ТарМПИ-дің идеология және қоғаммен байланыс жөніндегі департаментінің директоры Оңғар Сәлімбаев қорытындылап, әсерлі де маңызды ойлары үшін құзырлы орындардан келген қонақтарға алғысын білдірді.

Есет досалы, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар