Брест қамалына қатысты тың деректер табылды

Брест қамалына қатысты тың деректер табылды
ашық дереккөз
Брест қамалына қатысты тың деректер табылды

Ұлы Отан соғысы мен Брест бекінісін қорғаудың 75 жылдығына орай жарық көрген Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Лайла Ахметованың «1941. Брестская крепость. Казахстан» атты кітабының тұсаукесері өтті. Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы мен Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен өткен іс-шараға облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Мақұлбек Жаналиев, «Парыз» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Ұлы Отан соғысында қаза болғандарды деректеуші Әли Бекқұлұлы, майдангерлер және Ауған соғысының ардагерлері мен жастар қатысты. Тұңғыш Президент қорының қаржылық қолдауымен шыққан еңбекте екінші дүниежүзілік соғыс жылдары мен Брест бекінісін ерлікпен қорғау шайқасында қазақстандықтардың ерлігі жайлы тың деректер жазылған. Қамалда болған түрлі полктар мен құрамалар сапындағы қызыл әскерлерінің қаһармандығы суреттелген. – Кеңес өкіметі кезінде Брест қамалын қорғаған небәрі отызға жуық қазақстандықтың дерегі мәлім болған. Бүгінгі таңда ресейлік зерттеушілер сол бекіністе ерлік көрсеткен 7000 жауынгердің 1000-ы қазақстандықтар екендігін мәлімдейді. Брест қамалы жайлы фильмдер мен кітаптарда бұрын қазақстандықтар туралы мүлде айтылмаған. Міне, осы тарихи оқиға туралы Ресей, Беларусь, Германия, Польша мемлекеттерінің мұражайлары мен кітапханаларында жұмыс істеп, тың деректер таптық. Бекіністі қорғаған 556 қазақстандық жауынгердің мәліметі табылды. Бұл жұмыстардың барлығы аталған туындыда толыққанды жазылған және нақты деректер келтірілген, – деген кітап авторы Лайла Ахметова Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлер туралы елімізде зерттеушілердің жоқтығын айтып, оған ұрпақтары да атсалысса деген ұсынысын жеткізді. Ал «Парыз» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әли Бекқұлұлы 1981 жылдан бері Брест қамалын қорғаған жауынгерлердің деректерін жинақтау барысында Жамбыл облысынан 120 жауынгер шайқасқанын жеткізді. Оның 89-ы қамалда, 32-сі бекініс сыртында соғысқан. Сонымен қатар, елімізден барлығы 63 жауынгер «Қамал қорғаушысы» атағын алса, оның 7-еуі жерлесіміз екені анықталған. Осы күнге дейін бірде-бір дерегі анықталмай келген қаһарман батырларды тауып, зерттеген, олардың ерлігін келешек ұрпаққа жеткізген Лайла Сейсембекқызының еңбегіне жиналған көпшілік риза болысты.

Шынар асанқызы, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар