Ауылым қонған балқаштың жағасына

Ауылым қонған балқаштың жағасына
ашық дереккөз
Ауылым қонған балқаштың жағасына

Қуат ЕМБЕРГЕНОВ, Мыңарал ауылдық округі бойынша жастар ісі жөніндегі нұсқаушы.

Мыңарал – аудан аумағындағы байырғы елді мекендердің бірі. Тарихпен бірге жасасып, талай кезеңнің куәгері болумен келеді. Мыңаралдықтар соғыс тақсыретін де күллі елмен бірдей тартты. Ал одан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру, тың көтеру жылдарында ерен еңбектің үлгісін танытты. Мыңарал – балықшылар ауылы. Осы байлығымен кеңестік кезеңнің өзінде аты алысқа танылып еді. Балқаш көлінде «су маржандарының» бірнеше түрі өсіріледі. Балықты жергілікті жерде өңдеп, ұқсату мақсатында еліміз аумағындағы бірегей зауыт та осында алғаш іске қосылған-ды. Мыңаралдықтар осылай бағзы кезде-ақ шағын индустрияландырудың игілігін көрді. Одақтың тарауымен бұрынғы экономикалық байланыстар үзіліп, қоғам өзгеріп, ескісінің орнына жаңасы орныға алмай жатқан тұста да аудан орталығынан 350 шақырым қашықтықта жатқан бұл ауылдың тұрғындары іргелерін қозғалта қойған жоқ. Әлі күнге туырлығы тұтас күйінде отыр. Мыңарал – бүгінгі күні де қарқынды дамып келе жатқан елді мекендер қатарында. Мұнда жергілікті тұрғындардың жағдайын жақсарту мақсатында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Бүгінде ауданның бірегей индустриялық орталығына да айналып үлгерген Мыңарал ауылдық округі Тәуелсіздікпен бірге түлеп, өркенін жая түсті. Округ тұрғындарының ширек ғасыр ішіндегі қол жеткен жетістіктерін Елбасымыздың жан-жақты қолдау, қамқорлығынсыз көзге елестету мүмкін емес. Бұған мысалды көптеп келтіруге де болады. Осы орайда өңірдің өркендеуіне, жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылып, бұрынғыдан да бақуатты бола түсуіне «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» ЖШС-ның қосып отырған үлесі де айрықша елеулі. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында Қазақстан мен Франция бірлесіп іске қосқан кәсіпорын еліміздегі цементке деген ішкі сұраныстың 15 пайызын қамтамасыз етуде. Бүгінде 600-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Зауыттың жеке темір жол терминалы, ҚТЖ желісіне жалғану бекеті, кеңселік үй-жайлары, су тұщыту стансасы мен материалдық қоймалары, өрт сөндіру орталығы, жанармай құю және қосалқы электр стансалары, медициналық орталығы, асханасы, вахталық әдіспен қызмет ететіндер мен қонақтарға арналған мейманханасы бар. Зауыт басшыларының бастамасымен арнайы техникалық мамандар отбасыларына арналып, Балқаш көлінің жағасынан тұрғын үйлер салынып, үй жиһаздарымен толықтай жабдықталып берілді. Зауыт қалашығы аумағының барлық қажетті инфрақұрылымы жасақталған, электр, газ, су жүйелері, интернет пен кабельдік телеарналар желілері жүргізіліп, асфальт жолдар салынған. Мұнда, сондай-ақ балабақша, мектеп, шағын маркет, дәрігерлік амбулатория, тұрмыстық қызмет көрсету орындары, кинозал, тренажер залы, бильярд, караоке, теннис кордтары, кітапхана, басқа да мәдени-әлеуметтік кешендер жұмыс істейді. Осылай жапан далада жаңа қалашық пайда болып, күн санап көркейіп, гүлдену үстінде. Кәсіпорын іске қосылғалы бергі алты жыл ішінде өз жұмысшыларына ғана емес, тұрғындарға да қолайлы жағдай жасалып, бірқатар әлеуметтік нысандар салынып, ел игілігіне берілуіне зор ықпал жасаумен келеді. Мекеме, ұйымдарға демеушілік көмектер көрсетіп, қайырымдылық шараларын да жиі өткізеді. Мұнда сала болсын кенжелеп қалмай, қатар даму үстінде. Балқаш көлінің жағалауына орналасқан ауылда, әсіресе балық шаруашылығын өркендетудің мүмкіндіктері мол. Тоқсаныншы жылдардың басындағы тоқырау кезінде шаруашылығы шатқаяқтаңқырап, қайта түзелгені де естен шыға қойған жоқ. Балық зауытының 2011 жылы бірқатар жаңғырту және жаңарту жұмыстарымен қамтылып, толық қуатында қайта іске қосылуы жұмыс орындарының көбеюіне мүмкіндік берді. Ауылдың білім саласында да үлкен жетістіктер бар. Кезінде Мыңарал темір жол стансасында тек бастауыш мектебі ғана болды, ал жоғары сыныптарда оқитындар Мыңарал ауылының К.Қасымов орта мектебіне автобус көлігімен тасымалданып, оқытылды. Ал 2013 жылы стансаның өзінде он бір жылдық орта мектептің ғимараты тұрғызылып, іске қосылды. Бастауыш мектеп балабақшаға айналдырылды. Медициналық пункт ашылып жұмыс істеуде. Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын жүзеге асыру аясында Мыңарал ауылы мен Мыңарал стансасында көшелер жарықтандырылып, әрбір үйге дерлік таза ауызсу жүйесі тартылып берілді. Ауыл ажарын арттыруға жеке азаматтардың да қосып отырған үлесі қомақты-ақ. «Ауылын көр де, азаматын таны» демекші, олар осы сөзге әбден лайықты. Көптеген игілікті істерді жүзеге асырып, ауылымыздың көркеюіне жанашырлықпен атсалысуда. Жастарды имандылыққа, адамгершілік әдептеріне тәрбиелеу мақсатымен мешіт салып беріп, ауыл тұрғындарын үлкен қуанышқа бөледі. Бұл орайда алдағы уақытта да бірқатар жұмыстар атқарылуы ойластырылып отыр. Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын іске асыру бойынша Мыңарал ауылын абаттандыру жұмыстары қолға алынып, «Жастар саябағы» және әкімшіліктің өзін-өзі қаржыландыру бюджеті есебінен округке қарасты Мыңарал ауылы мен стансасында, «Қашқантеңіз» стансасында балалар ойын алаңдары салынатын болады. 1752 тұрғыны бар, 315 отбасы түтін түтетіп отырған Мыңарал ауылының бүгінгі келбеті мен тыныс-тіршілігі, міне, осындай. Өңір көркеюде, өмір сапасы сәт сайын сатылап көтерілуде. Мұның барлығы да елімізге – егемендік, өзімізге – қуаныш, шаттық сыйлаған Тәуелсіздігіміздің жемісі екені айтпаса да түсінікті. Болашағымыз баянды, бірлік пен ынтымағымыз жарасқан тірлігіміз ғұмырлы, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болып, көк байрағымыз көгімізде асқақ желбірей бергей!

Мойынқұм ауданы.

Ұқсас жаңалықтар