Кәсібімді дамытамын десең «дамуға» бар

Кәсібімді дамытамын  десең «дамуға» бар
ашық дереккөз
Кәсібімді дамытамын десең «дамуға» бар

Облыс орталығындағы ірі кәсіпорындар «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы тарапынан да шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға төмен пайызбен бөлінген несиелердің игілігін көруде. Аталған «Қордың» облыстық филиалы ұйымдастырған баспасөз-турында несие қаражаттардың мақсатты игеріліп жатқанына көз жеткіздік. «Даму» қоры облыстық филиалы мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері алдымен «Тараз былғары аяқ-киім» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды. Мұнда Испания және Германия елдерінен әкелінген зертханалық жаңа технология жұмыстың ауырын жеңілдетуде. Пішу станогы, германиялық «Десман» қондырғысы сапалық тұрғыда бүгінгі күннің талабына жауап береді. Аяқ-киім өндірісі бойынша елімізде теңдесі жоқ осынау кәсіпорында бүгінде 350 адам жұмыс істейді. Орташа жалақылары 70 мың теңгенің көлемінде. Бізді мұндағы жұмыс жағдайымен кәсіпорынның бас директорының орынбасары Мұхтар Шаюнусов таныстырды. Тәулігіне мұнда мың жұп былғары аяқ киім тігіледі. Бір етіктің дайын болуына 21 тәулік уақыт кетеді екен. Алайда, сапасы жоғары болғандықтан, кемінде бес жылға жарамды. Аяқ-киім дайындау цехын да аралап көрдік. Цех бастығы Наталья Бажина жұмыс ырғағын бір сәтке тоқтатпай, қарбалас істің қамымен жүрді. – Біздің кәсіпорын 2002 жылы 50 адаммен жұмысын бастаған болатын. Қазіргі таңда жұмысшы саны сол кездегіден 7 есеге артты. Таразда екі жерде және Жуалы ауданында арнайы дүкендеріміз бар. Өнімнің бірқатарын Алматы қаласына жөнелтеміз. Астана және Алматы қалаларынан арнайы аяқ-киім дүкенін ашуды көздеп отырмыз. Бізге Қорғаныс министрлігінен әскерилерге етік тіктіру жөнінде тапсырыстар түседі. Сапалы етіктерімізге қарапайым тұрғындар тарапынан да қызығушылық басым. Бір сөзбен айтқанда, өнімімізге сұраныс бар. Келешекте тәулігіне 2 мың етік дайындауға қол жеткізіп, жұмысшылар санын көбейтуді де жоспарлаудамыз. Бізде кейбір бағыт бойынша маман тапшы. Мәселен, моделерді Ресейден, технолог-маманды Украинадан алдырып отырмыз. «Даму қорынан» 1,5 миллиард теңге несиені 7 пайыз жеңілдікпен алғанбыз. Қаржыны қажетті мақсат бойынша игердік, – дейді серіктестік директорының орынбасары Мұхтар Қарабайұлы. Мұнан соң баспасөз-туры Байзақ батыр көшесіндегі «Лаф» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жалғасты. Аталған серіктестік директорының орынбасары Мұрат Есекеев мұндағы жұмыс барысымен қысқаша таныстырып өтті. Бұл ұжым халыққа автокөлік жөндеу қызметін көрсетуде. Мұнда компьютерлік диагностика, автоэлектр, дәнекерлеу, токарь цехтары бар. «Даму қорынан» 37 миллион теңге несие алып, қажетті құрал-жабдықтарға қол жеткізіпті. Баспасөз-туры соңында «Даму» қоры акционерлік қоғамы облыстық филиалының бас менеджері Жасұлан Есжанов БАҚ өкілдеріне қысқаша сұхбат берді. Ол «Даму» қоры арқылы бөлінген қаражатқа үнемі қадағалау жүргізілетінін, бүгін БАҚ өкілдері аралаған «Тараз былғары аяқ-киім» және «Лаф» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде бөлінген қаржы тиімді әрі мақсатты игерілгенін айтты.

Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол».

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар