Өңір әлеуеті өндірісімен артуда

Өңір әлеуеті өндірісімен артуда
ашық дереккөз
Өңір әлеуеті өндірісімен артуда

Елбасының 5 институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары мен мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын насихаттау мақсатындағы баспасөз туры аясында арнайы ақпараттық топ облысымыздағы аграрлы-индустриялық аймақ саналатын Талас ауданында болды. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері алтын айыруда қолданылатын натрий цианидін шығаратын жаңа өндіріс орнының жұмысымен танысуды оның басқару орталығынан бастады. Жалпы зауыттың тыныс-тіршілігі туралы «Талас инвест компани» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Бақтияр Алдашов қысқаша баяндап берді. Журналистер өндіріс алаңы мен алып цехтардағы жұмыс ырғағымен танысты. Негізінде 1500 градустық отта табиғи газ бен тиісті кеннің алмасуы арқылы түзілетін өнім ең соңында аппараттарда екшеліп, түйіршіктелген таблетка түріндегі дайын өнімге айнадырылады екен. Кәсіпорын экологиялық қауіпсіздігі ескеріліп, қаладан 3,5 шақырым жерден 18 ай ішінде бой көтерген. Бүгінгі таңда зауытта 493 адам тұрақты еңбек етеді. Одан тыс қосымша жұмыста (күзет қызметі, асханада) 66 адам еңбек етуде. Орташа жалақылары – 90 мың теңге көлемінде. Мұнда жыл басынан бергі тоғыз ай ішінде 1047 тонна натрий цианиді, 295 тонна аммоний сульфаты, барлығы 737,9 миллион теңгенің өнімі өндірілген. Зауыттың өнімін еліміздегі алтын өндірумен айналысатын кәсіпорындар пайдаланады екен. Шет елдерден де сұраныс көп. Өткен жылы доллар бағамының өсуіне байланысты 1 тонна өнім 1,1 миллион теңгеге өткерілсе, биыл 870-930 мың теңге көлемінде бағалануда. Б.Алдашов кәсіпорынның өз есебінен 40 білімгердің Қаратау қаласындағы химия-технологиялық колледжінде, тағы 40 білімгердің облысымыздың өзге оқу орындарында даярланып жатқандығын айтып, технология Қытайдікі болғандықтан, ол жақтан да мамандар тартылып отырғандығын жасырмады. Ақпараттық топ бұдан әрі қала маңындағы жұмысы басталғалы тұрған бірқатар өндіріс орындарына қарай жол тартты. Бізді ең әуелі «Қаратау – ПОО» ЖШС-ның бас директоры Алексей Подольский өндіріс алаңынан қарсы алып, ә дегеннен-ақ зауыттың сұлбасы мен құрал-жабдықтарын орнату жұмыстарының негізінен аяқталып келе жатқандығынан хабардар етті. Жалпы, жобалық құны 1,9 миллиард теңгеге бағаланған бұл құрылысқа «Бәйтерек» холдингі несие бөлген. Кесек-кесек кендерді ұсақтап, ұнтақтап шикізатқа айналдыратын қуатты құрылғылар Италиядан сатып әкелінген, сол елдің мамандары күшімен құрастырылыпты. Құрылыс алаңында 100-ге тарта адам еңбек етуде. Дені жергілікті тұрғындар. – Жалпы, бұл істі үстіміздегі жылдың желтоқсанында аяқтап, келер жылдың бірінші тоқсанында алғашқы өнімімізді шығара бастаймыз, – деді ол. Серіктестік – еліміздегі ғана емес, әлемдегі жетекші компаниялардың бірінен саналатын «Алинекстің» бір филиалы. Бұл өндіріс орнынан «Жамбыл недр» ЖШС да аса қашық емес. Цемент өндіруге лайықталып соғылған алып зауыттың ірі-ірі оқпанды-цилиндрлі пештері мен қоймалары анадайдан менмұндалайды. Серіктестік директорының орынбасары, бас инженер Болат Батырбековтің таныстырып өткеніндей, мұнда бірқатар кен орындарынан әктас пен құм әкелініп, шұңқырларға тасталынған соң, ленталы құрылғылар арқылы олар алып пештерде химиялық қосындылармен байытылып, ұнтақталып, екінші пештен дайын өнімдерге айналып, қапшықтарға салмағына қарай құйылып, бірден қоймаларға жөнелтіледі екен. Айтуға оңай, әрине. Қоспалар М-400, М-550 500 маркалы цементке айналу үшін қаншама еңбекті қажет етеді десеңізші! Жобалық құны 3365,7 миллион теңге тұратын цемент зауытына темір жол рельсі де тартылған. Электрмен, сумен қамтылған. Мұнда ең кемі 100-200 адам жұмыс істейтін болады. Ал Көктал кентінің солтүстігіндегі «Атамекен-Мрамор Көктал» ЖШС-ның қуаты әлгі үш зауытпен салыстыруға да келмес. Оның басшысы Шолпан Қырықбаева тауды бұзып, тасты жарып, мәрмәр тастан үй қабырғаларына арналған плиткалар, баспалдақтар, кірпішке бейімделген табиғи тастар мен ескерткіштер тастақталарын шығарумен айналысуда. Қаратау қаласындағы нан зауытының директоры Қалдыкүл Қайыпова да мақсатын жүзеге асырған жеке кәсіпкердің бірі. Бұрынғы нан зауыты жұмысын тоқтатқан соң өзінше әрекет етіп наубайхана ашқан Қалдыкүл «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында 2011 жылы 2,2 миллион теңге несие алып, кішігірім зауытын іске қосқалы бері кәсібінің тасы өрге домалап келеді. Күніне 1600 дана нан, 300 дана жұмсақ нан, 70 дана қара нан және де басқа да нан өнімдерінің 12 түрін наубайхананың өнімін қала халқы емес, біз жоғарыда әңгімелеген зауыттар мен қаладағы балабақшалар да тұтынады екен. Сапасына әзірге сын жоқ. БАҚ өкілдері Қаратау қаласында есігін айқара ашуға әне-міне дайын тұрған 250 адамға арналған аудандық емхананың жайымен де танысты. Нысан қараша айында ашылмақ.

Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».

Талас ауданы.

Ұқсас жаңалықтар