Жанына Адалдықты серік еткен айтбек еді

Жанына Адалдықты серік еткен айтбек еді
ашық дереккөз
Жанына Адалдықты серік еткен айтбек еді

22Тәу етер Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары болатын. Спорт былай тұрсын, халықтың әлеуметтік-экономика­лық әлеуетінің өзі күрт төмендеп кеткен сол кезеңде футбол ойыны бір ырғаққа түсіп, дамуы екіталай деп ойлағандар көп болатын. Десе де, әлемдегі нөмірі бірінші спорт түрі саналатын футболға деген жұрттың аңсары, жанкүйерлердің құрметі артпаса кемімеген еді...

Шынашақтай біз де ағаларымыздың соңынан еріп, стадионға барып, «Тараздың» ойындарына жанкүйер болатынбыз. Сонда ғой, жамбылдық жұртшылық «Атыңнан айналайын, Айтбек, «Тараздың» тасының өрге домалауына үлес қосқан азамат бар болса, сендей-ақ болсын» деп жататыны... Бала көңіліміз қайдан білсін, Айтбек деген кісі команданың жаттықтырушысы деп ойлайтынбыз... Кейін білдік... «Адалдық жүрген жерде адамдық жүреді». Осы бір қанатты сөз қамшының сабындай келте ғұмыр кешсе де, елінің, жұртының, дос-жарандарының аяулы азаматына, мейірбан бауырына айналған атпал азамат Айтбек Байқоразовқа арналғандай. 1946 жылдың төртінші қарашасында сол кездегі Жамбыл қаласында дүние есігін ашқан Айтекең 1970 жылы Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын инженер экономист мамандығы бойынша тәмамдайды. Тумысынан іскер азамат ұзақ жылдар бойы облыс орталығындағы №2 шарап өндіру зауытында аға экономист, директордың орынбасары, республикалық «Қазспиртпром» бірлестігі бастығының орынбасары, Көкшетау арақ-шарап зауытының директоры, «Алматы Пепсикола» зауытының директоры, Жамбыл спирт-арақ комбинатының бас директоры секілді жауапты қызметтерді абыроймен атқарған. «Жігітте де жігіт бар, азаматы бір басқа, тұлпарда да тұлпар бар, қазанаты бір басқа» деген сөз Айтбек Байқоразов туралы толғанғанда еріксіз ойға оралады. Иә, фәни жалғанда аз ғана ғұмыр кешсе де, соңында өшпес із қалдырған Айтекеңдердің егемендіктің алғашқы жылдарында отандық өндірістің өркендеуіне қосқан үлесі де, айналасындағы дос-жаран, бауырлары үшін үлкен жүректі азамат болып қалғаны да дәлелді қажет етпейді. Жанарынан мейірім нұры себезгілеп тұратын жақсы адам туралы замандасы, бауыры Батырғали Ақпаевтың мына бір толғамды ойлары сөзімізді нығырлай түсетіндей. «Ойлап қарасам, кейбір азаматтармен ондаған жыл тонның ішкі бауындай араласып жүрсем де, тұшымды пікірлер айта алмауым кәдік. Ал Айтекеңмен біраз жылдар таныс, аралас-құралас болсам да онымен ғұмыр бойы бірге жүргендей күй кешетінім бар. Оның адамгершілік қыры, досқа деген адалдығы, айналасындағыларға қолұшын беруге әзірлігі көз алдымда тұрады. Айтекеңнің іскерлігі бөлек әңгіме ғой. Бір ғана мысал, Горбачевтің тұсында спирт комбинатының құрылысын басқа салаға ауыстыратын болып, оның базасы күйреуге сәл ғана қалған шақта Айтекең басшы болып келді. Ізденісінің, шетел асып, комбинатты модернизациялауының арқасында өндіріс орны қайтадан жаңарған кейіпте іске қосылды. Комбинаттан шыққан өнім республикамыздан тыс жерлерде де өзінің бағасын алды. Жеңіл ойлайтын азаматтар үшін спирт комбинаты деген өте табысты, өзінен-өзі жұмыс істейтін өндіріс ошағы секілді. Ал қазір сол комбинат не болды? Ол кісі тек білгір өнеркәсіп басшысы ғана емес, облыстың қоғамдық мәселелеріне де үлкен үлес қосқан азамат. Тәуелсіздіктің елең-алаң жылдарында өз жұмысының машақатына қарамастан, «Тараз» футбол клубын комбинаттың қамқорлығына алды. Жанкүйерлердің алғысына бөленді. Өзі де спорт десе, ішкен асын жерге қоятын. Оның тұсында облыстың футболдан ардагерлер командасы тұрақты өнер көрсетті. «Айтбек» атты ардагерлер командасы – үлкен еңбектің жемісі. Түйіп айтсам, Айтекең жүрген жер береке, мереке еді», – дейді Батырғали Ақпаев жүрегі жылылыққа толы парасатты азамат хақында ой толғап. «Жақсылар жақсымын деп айта алмайды, жамандар жақсымын деп айқайлайды». Иә, күнделікті күйбең тіршіліктің құрсауында кетіп, жеке бастың қамын күйттеуден гөрі елдік мәселеге жіті көзбен қарап, қоғамдағы өзекті жайттарға баса назар аударған Айтбек Байқоразов туралы тек жылы пікір естиміз. Ол кісі «Тараз» футбол клубының тізгінін қолға алған шақта команда ойыны түрленіп сала бергені де мәлім. «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен» кеткен қиын шақта жанкүйерлердің ең жақсы көретін спорт түріне қолдау көрсетіп, он бір ойыншыға пәтер алып беруі шын мәнінде де ерлікпен пара-пар еді. Сол кезде ғой, «Таразға» қарсылас шақ келмейтін. Түзде де, өз алаңында да қарсы келген команданы бет қаратпай ұтқан «Тараз» футбол клубы ел чемпионы атанды. 1996 жылғы осы бір оқиға жанкүйерлердің жадынан өшпек емес. «Тараз» келесі маусымда да жасындай жарқырап, күміс жүлдеге қол жеткізгені де есте. Ал жиырма жыл бұрынғы «Тараз» бен қазіргі команданың жай-күйін салыстыра аламыз ба? Әлбетте жоқ. Айтбек Байқоразов секілді өңір намысы үшін барын аямай, команданың жағдайын жасайтын азаматтар, шын жанашырлар болса ғана «Тараз» қайта түлер ме еді? Қалай десек те, «Тараз» футбол клубының тарихында Айтбек Байқоразовтың есімі алтын әріптермен жазылып қалатыны ақиқат. – Алланың ісіне қарсы уәж айта алмаймыз. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, жастау кезінде дүниеден ғаламат азамат Айтбек бауырымыз озды. Әттең, ол қоғам, өзінің туған өлкесі, отбасы мен бауырлары, достары, көмегіне зәру адамдар үшін әлі талай жұмыстар атқарып, мұқтаж жандарға қолұшын берер еді ғой. Ханмен де, қарамен де тең қарым-қатынас орната білген Айтбек біздің жүрегімізде мәңгі қалады. Ол басшы, беделді азамат бола тұра, кеудемсоқтыққа жол берген емес. Өзінің бір басына жететін беделі бар екенін білмеді емес, білді. Алайда, қарапайымдылығынан танбады. Өзін өзгелерден биік ұстау оның қанына сіңбеген. Айтбек кісі баласының ту сыртынан ғайбат, өсек атаулыны айтпайтын. Жалпы, өсек-аяңды жаны қаламайтын. Әлдекімге әлдебір нәрсені жеткізу керек болса, бетіне басып айтатын. Ондай жағдайлар біздің де арамызда болды. Бірақ, ешқашан көңілімізге кірбің түскен емес. Қайта достығымыз нығайып, бір-бірімізге деген сеніміміз артты. Жүрегіне жақсылық атаулы ұғым ұя салған Айтбек мен үшін ғана емес, барша достары үшін керемет азамат еді. Достарының қуанышына өзінікіндей қуанып, шаттанып, марқая білетін. Досым өте мықты, ерік-жігері орасан күшті жан еді. Қатты науқастанып жүрген кезінде ол маған «Жәке, менде бәрі жақсы, бұл сырқатқа берілмеймін, жеңіп шығамын» деп айтып отыратын. Мен «Алла қаласа солай болады» деп тілектестігімді білдіретінмін. Алайда бәрі де біз ойлағандай болмады. Ол адами қалпын сақтап, фәни жалғаннан бақиға аттанып кете барды. Айтбек бауырымның орнын ешкім, ешқашан толтыра алмайтыны анық. Жүректі жары Айша мен ұлдары Талғат, Тұрардың амандығы, ары биік абзал азаматты естен шығармағаны тыныштандырады. Бүгінде Айтбектің немерелері өсіп келеді. Ұрпақтар сабақтастығы үзілмесін деймін. Оларға үлкен бақыт, мағыналы ғұмыр тілеймін, – дейді еңбек ардагері, Айтбек Байқоразовтың досы Джамал Мисиров айналасындағыларды мейірім шуағымен көмкере білген білікті басшы, адал дос Айтбек Байқоразов туралы естелігімен бөлісіп. Адамдық арын биік қойған Айтбек Байқоразов шын мәнінде де спорттың, оның ішінде футболдың жанкүйері болатын. – 1994 жылы Айтбек екеуміз Америкаға, Лос-Анджелеске ат басын бұрып, футбол матчын тамашаладық. Мұндай оқиға 1997 жылы Токиода жалғасты. Бұл кезде «Қайрат» футбол клубы жапониялық командаға қарсы алаңға шықты. «Қайраттың» ойыншыларымен бірге Жапонияға ұштық. 1998 жылы футболдан Францияда жалауы желбіреген әлем чемпионатына барудың сәті түсті. Ол кезде Айтбек сырқаттанып жүрген. Сонда да төрт жылда бір келетін әлемдік додадан тыс қалғысы келмеді. Марсель шаһарына ат басын бұрып, керемет кездесулердің бірін көзімізбен көрдік. Шамамен жаз мезгілі болатын. Арада біршама уақыт өткен соң Айтбек дүниеден озды. Әлем чемпионаттарында, өзге де халықаралық футбол бәсекелерінде мен Айтбектің қасында жүретінмін. «Тараз» командасында қандай ойыншылар ойнағанын, қай деңгейде өнер көрсететінін мен де жақсы білетінмін. Ол нағыз спорттың, оның ішінде футболдың шын жанкүйері болатын. Айтбегім отағасы ретінде керемет азамат еді. Біз бақыттың базарында керемет шақтарды бастан өткердік. Отбасымыздың тірегі өмірден озғанда қатты қайғырдым. Бүгінде Айтекеңнің ізін жалғаған Талғат, Тұрар есімді ұлдарымыз бар. Аллаға шүкір деймін. Екі немерем Дубайда білім нәрімен сусындап жатса, үлкен немерем «ҚазМұнайГаз» компаниясында жауапты қызмет атқаруда. Ал бір немере қызымыз Италияның Флоренция шаһарында оқуын жалғастыруда. Қылқалам шебері. Жақында шөбере сүйдім. Сол үшін де Аллаға сансыз мадақ айтамын, – дейді Айтбек Байқоразовтың жары Айша Байқоразова ел сыйлаған азамат жайында сыр шертіп. – Айтбек бауырыммен біз бәріміз отбасы болып араластық. Әлі де досымыздың шаңырағымен байланысымыз үзілген емес. Балаларының қуанышында шашбауын көтеріп біз де жүреміз. Айтбек нағыз азамат еді. Оның жарқын бейнесін біз әрдайым естен шығармаймыз, – дейді Айтекеңнің дос-бауыры Алдияр Түсіпов атпал азаматтың отбасымен әлі де араласып тұратынын меңзеп. Жүрегі елім, жерім деп соққан мейірбан жан Айтбек Байқоразовтың дүние салғанына да он сегіз жылдың жүзі болыпты. Жанарынан жасын атқан арда азаматтың атында ілгеріде ардагерлер арасында футболдан халықаралық турнир өткізіліп тұратын. Жеңімпаз команда тіпті автокөлік кілтіне иелік ететін. Ол додаға Алматының «Қайраты», Қырғыз елінің «Алға» командалары арнайы келіп, бәсеке көрігін қыздыратын. Бүгінде ардагерлердің жас санатына байланысты аталмыш турнир тоқтап қалыпты. Зымырандай зулаған уақыт Отан деп тулаған жүректі арамыздан алып кеткеніне де жиырма жылға жуықтап келеді. Қазақта «Кісінің кісілігін ісінен таны» деген сөз бар. Расында да кімнің кім болғанын білгіміз келсе, өткеніне көз жүгіртетініміз ақиқат қой. Өндірісте де, қоғамдық жұмыста да өзінің өшпес ізін, қолтаңбасын қалдырған Айтбек Байқоразовтың ілкімді істері өскелең ұрпақ үшін үлкен үлгі екені сөзсіз. Айтекеңнің футболшыларға жасаған жағдайын футбол тамашаламақ ниетпен стадионға барғанымызда әлі күнге естіп отырамыз. Тіпті жасы егде тартқан азаматтардың бірі «Айтбектей басшы болғанда «Тараз» әлі талай биікті бағындырар ма еді?» деп күрсініп отырғанын көріп, ішіміз жылып та қалған. Үлкен жүректі азаматтар ғана ірі тірліктерді тындырады. Өткен уақыттың көмескі тартқан парақтарында сондай жаны жайсаң, тірлігі тастай кісілердің игілікті істері қатталып қалады. Ұлы Абайдың «Алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер, кезекпенен өлінер, баяғыдай көрінер» деген пәлсапасы осындайда еріксіз ойға оралады. Иә, қандай үлкен жұмыстар атқарып, елдің қажетіне жарар кісі болсаң да, Алланың қалауынан әрі аса алмайсың. Бұл жалғанда әркімнің бойына шақ өлшенген ғұмыры бар. Айтбек Байқоразов секілді еліне пайдасы тиген жандардың үлгілі тірлігінен бүгінгі жас ұрпақ өнеге ала білсе, кісілік келбеті арта түседі емес пе? Алла да бізге жақсы адамдарға қарап бой түзеуіміз үшін ондай жандарды ортамыздан ерте алып кететіні де сондықтан шығар. Айтекең дүниеден ерте озса да, артында өшпес мұрасы, ізін жалғайтын ұрпағы, асыл жары, жақын достары қалды. Олар барда Айтекеңнің рухы асқақтай берері де сөзсіз.

Табиғат абаилдаев, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар