Тарихқа – құрмет, Тәуелсіздікке – тағзым

Тарихқа – құрмет, Тәуелсіздікке – тағзым
ашық дереккөз
Тарихқа – құрмет, Тәуелсіздікке – тағзым

Кеше Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне 100 жыл толуына және ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс: тарихи маңызы, тағылымы мен зерттеулердің перспективалары» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция болып өтті.

Жалпы 1916 жылғы патшаның Маусым жарлығынан кейін жер-жерде басталған толқулар Қазақстанның көп өңірлерін қамтыған. Ең ірі қозғалыстар Жетісу, Торғай – Ырғыз өлкелерінде болды. Мыңдаған қазақ сарбаздары патша әскерлерімен шайқасты, жүздеп оққа ұшты. Көп қазақтар елін, жерін тастап Қытайға, Ауғанстанға қашты. Тарихшыларымыз жоңғар шапқыншылығынан кейін қазақ халқының басына түскен ірі зобалаң осы болды дегенді де айтады. Ал Тараз төрінде өткен басқосуда басты әңгіме желісі ұлт-азаттық көтерілісінің әдістемесі мен теориясы, тарихи тағылымдары, халық ауыз әдебиетінде, аймақтың тарихында көрініс табуы, қысқасы, жаңаша көзқарас тұрғысынан зерттелінуі тұрғысында өрбіген. ТарМПИ-дің ректоры, тарих ғылымының докторы Дария Қожамжарова осы тұрғыда сөз сабақтап, іс-шара жоспарымен таныстырды. Бұдан кейін облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов қатысушыларға қазақ қоғамында айрықша орны бар атаулы күндерге байланысты құттықтауын жеткізіп, конференция жұмысына сәттілік тіледі. – Былтыр осы уақытта мемлекет тарихындағы айтулы кезең – Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын бүкіл ел болып кеңінен атап өттік. Ол осынау тарихы терең елімізді бүкіл әлемге паш етті. Ұлы даланы мекен еткен халқымыз азаттық жолында талай көтерілістерді бастан кешті. Арты оның ең ірісі – 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысына алып келді. Оған, міне, 100 жыл толып отыр. Осындай ел басына күн туған қиын да қилы заманда халық қамын ойлаған Кейкі мен Аманкелді, Ақкөз бен Бекболаттай, Ұзақ пен Жанекедей қазақ азаматтарының батырлығы мен батылдығы, өз еліне деген сүйіспеншіліктері тарих беттерінде мәңгі қалады. «Өткеніңді білмей, болашағыңды болжау қиын» деп дана халқымыз айтқандай, жастарымыз еліміздің өткен тарихын жақсы білуі тиіс. Сонда ғана ел ертеңі жарқын бола түспек. Ұлттың тарихын білу және оны құрметтеу Отанға деген сүйіспеншіліктің мызғымас негізі екені анық, – деді ол. Конференцияның пленарлық мәжілісінде бірқатар баяндамалар жасалып, қозғалыстың мәні мен маңызы тарата айтылды. ҰҒА корреспондент мүшесі, Абай атындағы ҚазҰПУ «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі Мәмбет Қойгелдиевтің ел мен жер тарихына көзқарас түзелмейінше, діліміз де, тіліміз де оңала қоймайтынын тереңнен қозғап айтқан ойы да көп көңілінен шықты. Оның айтуынша, біздің төл тарихымыздың жазылуы да, оқытылуы да әлі белгілі бір жүйеге түсірілмеген, бұрмалаудан да ада емес. Конференцияға арқау етілген мәселеге орай «Негізінде нағыз ағартушылық істі қазақ қоғамына алғаш алып келіп, қазақтың ой-санасында сілкініс туғызған басқа емес, алашордалықтар еді, ұлт-азаттық қозғалысы, міне, солардан бастауын алды» деді ол. Ал Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ның профессоры Талас Омарбековтің айтуынша, жалпы еліміздің барлық өңірін қамтыған бұл зобалаң тұсында жазалау топтарының жазықсыз құрбанына айналған қазақ азаматтары 500 мың – 1,5 миллион аралығында. Олардың дені ауылдардағы қорғансыз қарттар, әйелдер мен балалар. Қолына қару алып, патша әскеріне тегеурінді қарсылық көрсетушілер аса көп зардап шеге қоймаған. Ғалым сондай-ақ бұл оқиғаның кейбір зерттеушілер тарапынан «ұлт-азаттық төңкеріс» немесе «ұлт-азаттық соғыс» деп сипатталуы мүлде дұрыс еместігін, шын мәнінде Қазақстанда 1929-1931 жылдары орын алған қозғалыстар түп тамырын «он алтыншы» жылғы оқиғадан тартып жатқанын нақты мысалдармен дәйектеп те берді. «Осындай сабақтастық үзілмей келеді. Оқиғалар тізбегі биыл 30 жыл толуын атап өткелі отырған Желтоқсан қозғалысына ұласты. Онда қазақ жастары ұлттық сананы әлі жоғалтпағандарын, ұлттың тарихынан хабары бар екенін, ұлт-азаттық көтерілістер дәстүрін білетінін көрсетті», – деп атап көрсетті. Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымының докторы Бүркіт Аяған бірі қасіретті, екіншісі қуанышты екі айтулы күннің мән-маңызын және бір еске салып, ұлт-азаттық көтерілісі батырларына жер-жерлерде ескерткіштерін тұрғызу, кинофильмдер түсіру секілді есімдерін, ерліктерін мәңгі есте қалдыру шаралары қызу қолға алынуы керек деген ұсынысымен бөлісті. Ал «Қазақстан-Тараз» телеарнасының директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Мейрамбек Төлепберген ұлт-азаттық көтерілісіне қатысушылардың кейбір халық ақындары мен жазушылар туындыларында жазылып көрсетілгені болмаса, еліміз көлемінде, тіпті жергілікті жерде де әлі жеткілікті зерттелмей жатқанына назар аудартып, тарихи деректерде бірінші дүниежүзілік соғысқа 129 060 қазақ жастары алынып, оның 13 мыңы окоп қазу жұмыстарына жегілгендігі келтірілгенін жеткізді. Қалай болғанда да бұл қозғалыс біздің қанымызда бар ерлік рухының бой көтеріп, ел мен жерді қорғау, сол арқылы тәуелсіз ел болу арманын жүзеге асыруға жасалған батыл қадам еді. Өткен тарихымызға көз жүгіртіп, тағылымды ой түйіп жатқанымыз – ертеңгі болашағымыз үшін, мұның бәрі Мәңгілік Ел құру жолында ел мен жерді сүйетін отаншыл жас ұрпақ қалыптастырып, олардың зердесін дамытуға ықпал етуге тиіс. Ұлт-азаттық қозғалысы тарихынан тағылым аларлық тұсымыз көп. Ең бастысы – тарихқа құрмет көрсету, ел мен жер үшін атқа қонған әруақты ерлеріміздің рухына тағзым ету, елдің тарихи жадын жаңғырту. Баяндамашылар пікірлері де осыған сайып жатты. Аталған білім ордасы жанынан ашылған «Түркістан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, тарих ғылымының кандидаты Ордалы Қоңыратбаев, облыстық мәслихаттың депутаты Дәулетбай Есімбеков, жазушы Мақұлбек Рысдәулет, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директорының міндетін атқарушы Үртай Сапақовалар ұлт-азаттық қозғалысының тәрбиелік рөліне қатысты ойларымен бөлісіп, іс-шараның мазмұнды өткеніне ризашылықтарын жеткізді. Осы күні ТарМПИ ректоры, тарих ғылымының докторы Дария Қожамжарованың «Түркістан өлкесіндегі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс туралы» (Сырдария және Жетісу облыстарының материалдары бойынша) атты монографиясының тұсауы кесіліп, ғылыми әлеует тарапынан бұл еңбектің құндылығы атап өтілді. Бірқатар зерттеуші ғалымдар, тарих, тіл жанашырлары ұлт-азаттық көтерілісіне 100 жыл толуы құрметіне шығарылған ескерткіш медальдармен марапатталды. Конференция түстен кейін секциялық жұмыстармен одан әрі жалғасты.

img_6364 img_6398 img_6406 img_6424 img_6466

Ұқсас жаңалықтар