Ағайынды Кличколар турнирінде Қазақстан боксшылары 2 «алтын» еншіледі

Ағайынды Кличколар турнирінде Қазақстан боксшылары 2 «алтын» еншіледі
ашық дереккөз
Ағайынды Кличколар турнирінде Қазақстан боксшылары 2 «алтын» еншіледі
Украинаның Бердичев қаласында ағайынды Кличколардың жүлдесі үшін жасөспірімдер арасында «А» санатындағы бокстан 18-ші турнир аяқталды. Осы байрақты бәсекеде Қазақстан боксшылары 2 алтын, 4 қола медаль жеңіп алды, деп хабарлады ҚР Бокс федерациясының баспасөз қызметінен. Турнирге 14 елдің 18-19 жастағы 127 былғары қолғап шебері қатысты. Украинадағы жарысқа еліміздің атынан 10 салмақ санатында 11 боксшы қатысты. Нәтижесінде 52 келі салмақ санатында Оразбек Асылқұлов пен 69 келі салмақ санатында Садриддин Ахметов алтын медаль иеленді. Мұнан бөлек, еліміздің тағы 4 былғары қолғап шебері «қолаға» қол жеткізді. «Балалар жақсы жұдырықтасты. Олардың өздері де жаттықтырушылары да риза. Турнирді Виталий Кличко онлайн тамашалап, Қазақстан командасына арнайы сәлем жолдады. Ол әр уақытта қазақстандық боксшыларға құрметпен қарайды. Турнир жоғары деңгейде өтті, Еуропаның, Әлем чемпиондары болды. Барлығы да бірінші құрамын әкелді. Өйткені, Кличколар турнирі әлем чемпионаты алдындағы соңғы сынақ ретінде қарастырылады. Біз де өз боксшыларымызды бақыладық, мүмкіншіліктерін екшедік. Енді команда дайындықтың соңғы кезеңін өткізеді. Одан кейін 14 қарашада басталатын Әлем чемпионатына қатысу үшін Санкт-Петерборға аттанамыз», - деді Қазақстан жастар құрамасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев.

Ақпарат көзі: ҚазАқпарат

Ұқсас жаңалықтар