Жауапсыздық опық жегізеді

Жауапсыздық опық жегізеді
ашық дереккөз
Жауапсыздық опық жегізеді

Биыл Тараз қаласы мен бірқатар аудандарда «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша құрылыс нысандарының жұмысы қолға алынып, бірнеше білім мекемесі «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өткізілгені белгілі. Соның ішінде, яғни күрделі жөндеуден өткізіліп жатқан бірнеше білім нысаны биылғы жаңа оқу жылына дайын болмай шықты. Соның бірі – Байзақ батыр көшесінде орналасқан № 24 гимназияның ғимараты. Сейсмикалық күшейту арқылы толық күрделі жөндеуден өткізіліп жатқан екі қабатты нысанның салынғанына 80 жылдың жүзі болыпты. Қақыраған қабырғаларын айтпағанда, қыш кірпішінің өзі тозығы жетіп, кейбір жері өзінен-өзі үгітіліп тұр. Күрделі жөндеу жұмысын жүргізіп жатқан мердігер «ТаразҚұрылысИнвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі екен. Олар аталған ғимараттың бірінші қабатындағы қабырғалардың жоғары бөлігін айналдыра бірнеше жерден ойып тастаған. Ойылған тесіктер арқылы екі қабырғаның арасын жалғайтын ені шамамен 40-50 сантиметрлік белдемше темірлер орнатқан. Сірә, бұл екінші қабатты едендеу үшін жасалса керек. Әйтсе, де екінші қабат пен ғимарат шатырының салмағына темір белдемшелер көтергенімен, үгілген кірпіш шыдас бере ме? Аталған нысанның құрылыс жұмысын тексере барған «Нұр Отан» партиясының облыстық және Тараз қалалық филиалдарының партиялық бақылау комиссиясының мүшелері мұның қауіпті екенін, тіпті, олқылық құрылыстан хабары жоқ адамның көзіне анық байқалып тұрғанын алға тартты. Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Асаубай Майлыбаев «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС директорының орынбасары Ержан Қуандықов пен өзге де жауапты тұлғаларға көзге ұрып тұрған кемшілікке жол бермеуді тапсырып, белдемшелерге арнайы тіреу орнату қажеттігін еске салды. Былтыр апатты жағдайда деп танылған №30 орта мектептің «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша бастан-аяқ қайта салынып жатыр екен. Мердігер «Арайстроймаркет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің прорабы Қайырбай Күлімбетов 1000 балаға арналған бұл білім мекемесі келер жылдың жаз айында пайдалануға берілетінін айтады. – Мектептің іргетасы шілде айында қаланды. Әзірге осы жылға бөлінген 1 миллиард теңгенің 450 мың теңгесін игердік. Ғимарат жеті корпустан тұрады. Соның екеуінен басқасының қабырғалары қалану үстінде. Мектеп шатыры құйма бетонмен жабылады. Құрылыс басында 90 жұмысшы еңбек етіп жүр. Олардың еңбекақысы уақтылы төленуде, – дейді ол. Бұдан кейін партиялық бақылау комиссиясы Жамбыл даңғылының бойындағы 210 метр, Жұбанышев көшесіндегі 770 метр жылу құбырын қайта жаңғыртудан өткізіп жатқан «Геруда» ЖШС-ның жұмысымен танысты. Комиссия мүшелері ондағы жауапты мамандарға жер астына орналасқан құбырды тегістеу барысында жабынды топырақтың үстінен су жіберіп, нығыздау керектігін ескертті. Асаубай Майлыбаев партия тарапынан ұйымдастырылған рейдтің мақсаты мемлекеттік бюджет есебінен бөлінген қаржының тиімді жұмсалуы мен құрылыс жұмыстарының сапалы атқарылуына қадағалау жасау екенін айтты. – Таразда күрделі жөндеуден өткізіліп жатқан үш мектептің жұмысы жаңа оқу жылы басталғанға дейін бітпеді. Ондағы оқушылар сол мектепке жақын маңда орналасқан білім нысандарында оқып жүр. Аталған білім ошақтарының жаңа оқу жылына дайын болмай шығуына тендердің өз уақтысынан кеш жариялануы себеп болып отыр. Себебі, тендер қыркүйек айынан бір ай бұрын ғана жарияланды. Оның алдында өткізілгені дұрыс жарияланбаған екен. Осы қателіктердің болашақта қайталанбауына және құрылыс жұмыстарының сапасын тексеру барысында анықталған кемшіліктерді дер кезінде жоюға күш саламыз, – дейді ол.

Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар