Көлік кешеніндегі заңдылық пен құқық тәртібі

Көлік кешеніндегі заңдылық пен құқық тәртібі
ашық дереккөз
Көлік кешеніндегі заңдылық пен құқық тәртібі

Жиырма бес жылдың бедерінде заңдылық пен құқық тәртібін қамтамасыз ету бағытында қыруар жұмыстар атқарылды. Оған заңдардың дәл және бірыңғай қолданылуына қадағалау жасайтын прокуратура органдары да үлес қосты. Соның ішінде көлік нысандарындағы заңдардың сақталуы мен осы саладағы құқық қорғау органдарының қызметіне қадағалауды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Бас көлік прокуратурасы да егемен еліміздің игілігі жолында үлкен еңбек еткенін айта кетуіміз керек. Бас көлік прокуратурасы 2010 жылы қараша айында жүргізілген оңтайландыру кезінде Оңтүстік-Шығыс, Батыс және Орталық аймақтық көлік прокуратураларын біріктіру жолымен құрылған болатын. Оған тәуелсіз еліміздің көлік кешеніндегі заңдылық пен құқық тәртібін нығайтуға бағытталған мемлекеттік саясатты жетілдіру, көліктегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі өкілетті органдардың құзыретін нормативті-құқықтық реттеу және дамыту міндеті жүктелген еді. Еліміздің Бас көлік прокуратурасы «Құрыш магистральдарындағы қауіпсіз өмір» жобасы аясында «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның 343 темір жол бекеттерінің күзетілетін санатқа өтуіне ықпал еткенін атап айтқан жөн. Нәтижесінде осы орындардағы жол-көлік оқиғаларының саны екі есеге азайды. Қолданылған шаралар нәтижесінде көліктегі қылмыстар саны 2000 жылмен салыстырғанда екі есеге дейін төмендеді (2000 жылғы 6 419-дан 2015 жылғы 3 113-ке). Бас көлік прокуратурасы құрылған күннен бастап экономикалық контрабанда, отын-энергетика (газ, мұнай) саласымен байланысты құқық бұзушылықтарға қатысты қылмыстық істерге тосқауыл қоюда. Түрлі аймақтардағы кеден саласында көлеңкелі кәсіпкерлікпен шұғылданатын төрт бірдей қылмыстық топтың заңсыз іс-әрекеттерінің жолын кесті. 2012-2015 жылдары ішкі нарыққа арналған сұйытылған газды мемлекеттің жеңілдетілген бағаларымен сатып алып, жақын және алыс шетелдерге заңсыз сатқан жосықсыз бірнеше кәсіпорынды анықтады. Көлік прокуратурасы органдары құқық бұзушылықтардың алдын алуға баса назар аударады. Осы мақсатта көліктегі ішкі істер департаментінің қасақана кісі өлтіру істері жөніндегі тұрақты тергеу-жедел тобының қызметіне қадағалауды күшейтті. Сөйтіп, соңғы 3 жылда аталған санаттағы қылмыстардың тыйылуына ықпал етті. Бөтен мүлікті ұрлауға қарсы іс-әрекет көліктегі ішкі істер департаментімен және өзге мүдделі кәсіпорындармен бірлескен жоспарлар аясында жандандырылып, жүзеге асырылуда. Бұл өз кезегінде меншікке қарсы қылмыстардың азаюына әсер еткені ақиқат. Қолға алған істерді соңына дейін жеткізіп, кінәлілерді заңда көзделгендей әділ жауапкершілікке тарту – біздің негізгі міндеттеріміздің бірі. Атап айтсақ, көлік прокуратурасының қадағалауымен «Алматы – Атырау» бағытындағы жолаушылар пойызының апатқа ұшырау дерегі, 4 миллиард теңгеден астам материалдық залал келтірген «Транстелеком» АҚ басшыларының қызмет бабын теріс пайдалануы туралы және аса ірі мөлшерде пара алу үстінде ұсталған «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ президентінің үстінен қозғалған қылмыстық істер соңына дейін тексерілді. Сондай-ақ, 21 адамның қазасына әкеп соққан «SCAT» әуе компаниясы» АҚ-ның және «Қазақмыс» акционерлік қоғамына қарасты 6 адамның өліміне себеп болған «Olimp Air» кәсіпорны ұшақтарының құлау оқиғалары бойынша кінәлі тұлғалар сот шешімдерімен тиісті жазаларын алды. Бұл істер бойынша тәуелсіз еліміздің тарихында тұңғыш рет, бар кінәні қайтыс болған ұшқыштарға жаба салуға жол берілмей, әуе компанияларының басшылық құрамының қызметкерлері жауапкершілікке тартылды. Істің мұқият зерделенуі көлік прокуратурасына азаматтар мен мекемелер тарапынан түсетін арыз-шағымдар санының артуына әсер етуде. Соңғы жылдардағы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жеке және заңды тұлғалар бұзған құқықтарды қайта қалпына келтіру және заңнамаларға түсіндірме беруге қатысты хат-хабар алмасу 60 мыңнан асып жығылады. Бұл көлік прокуратурасы органдарына деген тұрғындар сенімінің зор екенін көрсетсе керек. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев ұсынған «100 нақты қадам» - Ұлт жоспарында Қазақстанның халықаралық көлік-коммуникациялық ағымдарға интеграциялануы туралы мәселе көтеріп, нақты тапсырмалар берді. Бұл ретте көлік прокуратурасы органдарына жүктелетін міндет те аз емес. Тәуелсіз отанымыздың тұғырлы мемлекет болып, бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына қосылуы үшін көлік прокуратурасы қызметкерлері көлік саласында заңдылықтар мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етіп, еңбек ететін болады.

Еркебұлан Рыскелдиев, Бас көлік прокуратурасының басқарма бастығы, әділет кеңесшісі.

Ұқсас жаңалықтар