Шаруалар ісі шағын несиемен шалқуда

Шаруалар ісі шағын несиемен шалқуда
ашық дереккөз
Шаруалар ісі шағын несиемен шалқуда

Мемлекет бас-шысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан–2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауындағы жүзеге асырылуы тиіс міндеттің бірі – ауыл шаруашылығы өндірісінің әлеуетін арттырып, әлемдік азық-түлік нарығында көшбасшы болу. Осы мақсатта елімізде үлкен кешенді шаралар қолға алынып, бірқатар шаруалар жүзеге асырылды. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жұмысына жаңа серпін беретін көптеген бағдарламалар қабылданып, мемлекет тарапынан қолдау күшейе түсті. Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы қаржы институты шағын несиелендіру жүйесін дамыту арқылы ауылдағы кәсіпкерлікке қолдау көрсетіп, халықтың әл-ауқатын жақсарту мен кедейшілікті азайту жөнінде мемлекеттік саясатты жүзеге асырумен айналысып келеді. 

Аталған қор жұмыспен қамту саясатын белсенді жүргізу үшін 2013 жылдан бері «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасының 2-бағытын жүзеге асыратын аймақтық уәкілетті ұйым ретінде қызмет атқаруда. Былтыр 722,6 миллион теңге, оның ішінде мал шаруашылығына – 649,0, егін шаруашылығына – 0,8, басқа кәсіп түрлеріне 72,8 миллион теңге бөлінді. Үш жылдың қорытындысы бойынша аталған мемлекеттік бағдарлама арқасында 1349 адам жұмыспен қамтылды. Бағдарламаның бір тиімді тұсы – ауыл тұрғындары өз ісін ашып, оны дамытумен қатар өзін де, өзгені де жұмыспен қамти алатындығында. Ол арқылы еліміздегі аз қамтамасыз етілген отбасылар мен жұмыссыздар еңбекке тартылып, оларға әлеуметтік көмек көрсетілуде. Қаржының басым бөлігі ауылдықтардың жеке ісін ашуы мен оны дамытуға жұмсалуда. Олар алған несиесіне түрлі шағын цех, наубайхана, техникалық қызмет көрсету стансасы секілді қызмет көрсету нысандарын ашып, кейбірі мал, құс, егін шаруашылығымен айналысып, бал арасын өсіруде. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша шағын несиелеудің ең жоғары сомасы – 3 миллион теңге, жылдық сыйақысы – 6 пайыз. Несие мерзімі 54 айға дейін ұзартылған. Несие алушылар қоғамның ішкі кепілдік саясатына сәйкес жылжымалы және жылжымайтын мүліктерді кепілге қоя алады. Үстіміздегі жылы бағдарлама аясында республикалық бюджеттен 3 225,9 миллион теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4 есеге артық. Қазіргі таңда осы қаражаттың 1 005, 9 миллион теңгесі игеріліп, 380 жоба мақұлданды. Қалған қаражат жоспарға сәйкес игерілу үстінде. Биылғы бағдарламаның бір ерекшелігі – оның 5 бірдей бағытта жүзеге асырылуында. «Игілік» бағыты мүйізді ірі қара, ұсақ мал, жылқы, құс және тағы басқа ауыл шаруашылығы жануарларының басын көбейту болса, «Береке» арқылы аталған шаруашылықтағы мал-құстар бордақыланбақ. «Егінжай» бағыты бойынша көктемгі егін егу және күзгі жиын-терін жұмыстарын жүргізу мақсатында айналым қаражатын толықтыру көзделуде. Ал «Кәсіпкер» кәсіпкерлік қызметті дамыту болса, «Бірлік» бағыты өңірлерде сүт қабылдау пункттерін көптеп ашып, оны дамытуға септігін тигізеді.

Өксікбай Оразымбетов, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Жамбыл облыстық филиалының директоры.

Ұқсас жаңалықтар