Құмшағалдың оқушылары қуанышқа кенелді

Құмшағалдың оқушылары қуанышқа кенелді
ашық дереккөз
Құмшағалдың оқушылары қуанышқа кенелді

1 қыркүйек күні Мұнда 300 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді

«Нұрлы жолдың» шапағатын бүгінде облыс тұрғындары айқын сезінуде. Жаңа оқу жылында пайдалануға берілген 5 мектептің екеуі аталған бағдарлама аясында Ұлттық қордан бөлінген қаржы есебінен бой көтеріп отыр. Соның бірі – Құмшағал шағын ауданындағы 300 орындық мектеп. жаңа мектептің ашылу салтанатына облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қатысып, тұрғындар­дың қуанышын бөлісті.

– Осыдан біраз жылдар бұрын Құмшағал шағын ауданында қордаланған мәселелер бар еді. Содан бері мұнда электр жүйесі тартылып, жол салынып, таза ауызсу да берілді. Енді, міне, заманауи үлгідегі 300 орындық жаңа мектеп оқушыларға есігін айқара ашып отыр. Бұл білім ордасында 690 оқушы екі ауысыммен қазақ және орыс тілдерінде білім алатын болады. Жаңа мектепте шәкірттер үшін қажетті жағдайлардың барлығы жасалған. Осындай білім ордалары еліміздің барлық аймағында бой көтеруде. Бұл Елбасының жас ұрпаққа деген жанашырлығын, мемлекетіміздің қуаттылығын көрсетеді. Мұндай зәулім мектепте әр оқушы тек үздік бағамен оқуы қажет! Осында білім алатын шәкірттер ата-аналарын қуанышқа бөлей берсін! – деді Кәрім Нәсбекұлы мектеп ұжымына теледидарды тарту етіп тұрып. «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында бұл білім нысанына 749 миллион теңге қаражат бөлінген болатын. Мердігер компания «НИК Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс жұмыстарын өткен жылдың маусымында бастап, 14 айдың ішінде толық аяқтап отыр. Іргесі елу жыл бұрын қаланған ескі әрі тар мектепте осы кезге дейін 700-ге жуық бала үш ауысымда білім алып келген еді. Енді №19 орта мектептің оқушылары заманауи үлгіде салынған жаңа мектепте білім алмақ. Мұндағы 110 орындық мәжіліс залы, 100 орындық асхана, зәулім спорт залы, химия, физика, биология лингафонды-мультимедиалық және компьютерлік сыныптары шәкірттердің оқуға деген ынтасын арттыратыны анық. Салтанатты жиында мектепті ұзақ жыл басқарған ардагер-ұстаз Карима Исаева құмшағалдық тұрғындарға үлкен қуаныш сыйлаған облыс әкіміне ризашылық білдірді. Мемлекет басшысының жас ұрпаққа жасап отырған қамқорлығын, артқан сенімін шәкірттер озат оқып қана ақтай алатынын айтты. Мұнан соң мердігер компания «НИК Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Сәбит Шоқатаев №19 орта мектеп директорының міндетін атқарушы Бақыт Аужановаға мекеменің символдық кілтін табыс етті. 10-сынып оқушысы Бауыржан Оразбай мен 1-сынып оқушысы Қарақат Берікбосын жаңа мектептегі алғашқы оқу жылының алғашқы қоңырауын соқты. Мектеп мақтанышы Алдияр Жартыбаев «Мектебім» әнін шырқады. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев пен ардагер ұстаз Рабил Тіленшиев алқызыл лентаны қиғаннан кейін мектеп ғимаратын, сыныптарды аралап көріп, мердігер компанияға ризашылығын білдірді. – №19 орта мектепте ұл-қыздарым білім алған. Өзім осы шағын ауданның тұрғынымын. Үш ауысымда оқудың қиындығын жақсы білемін. Жаңа мектепке қолымыз жеткеніне сене алмай тұрмыз. Енді бұл мектепте менің 6 немерем алаңсыз, сапалы білім алатын болады. Келешекте ауылымыздан емхана салу да жоспарланып жатқан көрінеді. Бізге осындай қуаныш сыйлаған Елбасына, облыс басшысына шексіз ризашылығымызды білдіреміз, – дейді шағын ауданның тұрғыны Сәрсенкүл Жұманазарова. Жаңа мектептің ауласы балауса шәкірттердің шат күлкісіне толып тұрды.

Есет Досалы, «Ақ жол».

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар