Жаңғырту жаңа міндет тер жүктейді

Жаңғырту  жаңа міндет тер  жүктейді
ашық дереккөз
Жаңғырту жаңа міндет тер жүктейді

3 қала мен 155 ауыл табиғи газбен қамтамасыз етілді

АсфатJPGАсфат Олжабаев, «КазТрансГаз Аймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалы директорының бірінші орынбасары.

Қазақстанда мұнай мен газдың ірі қоры шоғырланған. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жолдауларында оларды елдің игілігіне жарату және өңдеп, экспортқа жөнелту туралы жиі айтып келеді. Бұл бағытта еліміз, оның ішінде облысымызда елеулі шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Аймақта елді мекендерді газдандыру бойынша арнайы бағдарлама бар. Бұл мақсатқа жыл сайын қомақты қаржы бөлінуде. Соның нәтижесінде, осы мерзімде өңірдегі 4 қаланың үшеуі және 373 ауылдың 155 ауылы «көгілдір отынмен» қамтамасыз етілді. Бұл игі іс келешекте де жалғасын табады. Облыс аумағында газ құбырының ұзындығы 4344 шақырымға созылып жатыр, оның 1444 шақырымы Таразда орналасқан. Қазірге дейін газ реттеуші пункттердің саны – 96, шкафтық тарату пункті – 1160, жеке шкафтық тарату пункттері 14131-ге жетті. Аймақта 210 өнеркәсіп және 4625 коммуналдық тұрмыстық кәсіпорын табиғи газ алады. Олардың қатары жыл сайын артып келеді. Жалпы, табиғи газды жекеменшіктегі 107728 үй және көп қабатты үйлердегі 49629 пәтер тұтынады. «КазТрансГаз Аймақ» АҚ Жамбыл өнірістік филиалы аймаққа негізгі газ жеткізуші болып табылады. Тараз қаласына газ құбырлары осыдан 40 жылдан астам уақыт бұрын тартылған болатын. Осы мерзімде олар әбден тозып, бірқатар тұстары істен шықты. Сондықтан да, бұл салада түбегейлі жаңғыртудың қолға алынғанына біраз уақыт болды. Тараз қаласында 2011 жылдан бері «Тараз қаласындағы газ тарататын жүйені жаңғырту» жобасы сәтті жүзеге асырылуда. Жобаға сәйкес бұрынғы газ жеткізетін үш сатылы жүйе екі сатылыға алмастырылуда. Инновациялық технологияны енгізу нәтижесінде жүйедегі төмен қысым алынып тасталуда. Әрбір үйдің қасына шағын шкафтық тарату пункті орнатылуда. Мұның өзі жеткізіп берушіге де, тұтынушыға да тиімді болуда. Жүйені жаңғыртудағы басты мақсат – тұтынушыларды қауіпсіз және сенімді отынмен тұрақты қамтамасыз ету. Таразда жоба бойынша 940 шақырым газ құбыры жаңасымен ауыстырылады. Олар жер астына орналастырылады. Бұрынғы болат құбырлардың орнына қазір полиэтилен құбырлар қолданылуда. Оның өткізу мүмкіндігі жоғары және пайдаланылу мерзімі – 50 жыл. Жеке шкафтық тарату пунктінің артықшылығы да көп. Қазір төтенше жағдай орын алса, бұрынғыдай көптеген тұтынушылар «көгілдір отынсыз» қалмайды. Одан бір-екі үй ғана зардап шегеді. Ақау тез анықталып, қалпына келтіріледі. Мұның өзі тұтынушылардың газды ұрлауына да тосқауыл қояды. 2012-2015 жылдары полиэтилен құбыр 632,5 шақырымда тартылып, 14106 жеке шкафтық пункт орнатылды. Оларға 22644 тұтынушы қосылды. Қазір бұл жұмыс Тараздың мөлтек аудандарында жүргізілуде. Келешекте әлі де 59,38 шақырымға құбыр тартылып, 495 шкафтық тарату пункті және 31 шкафтық газ реттеу пункттері орнатылады. Бұл жұмыс 2019 жылы аяқталып, облыс орталығы заманауи үлгідегі өте тиімді газбен жабдықтау жүйесімен қамтамасыз етіледі. Облыста газ шаруашылығы құрылған жарты ғасырға жуық уақытта салада мыңдаған адам қажырлылықпен еңбек етті. Қазір олардың көпшілігі зейнет демалысында. Олардың біразы қоғамдық жұмыстарға белсене араласуда. Соның нәтижесінде қоғамға және осы салаға өздерінің пайдаларын тигізуде. 2015 жылы қазан айында газ саласы кәсіпорындарының ардагерлері өздерінің бастамаларымен «Газ шаруашылығы ардагерлерінің республикалық кеңесі» қоғамдық ұйымын құрды. Жаңа қоғамдық ұйым осы саладағы еңбек еткен барлық ардагерлерді біріктіреді. Ұйымның Жамбыл филиалына «ИнтерГаз-Орталық Азия» АҚ Тараз бөлімшесінде ұзақ жыл қызмет атқарған Александр Федорович жетекшілік етеді. Қоғамдық ұйым келешекте ардагерлерді толғандыратын көптеген мәселелерді оң шешуге ықпал ететін болады. Осы мүмкіндікті пайдаланып, аймақтағы барлық газ шаруашылығы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Сіздерге және отбасыларыңызға зор денсаулық, мол бақыт, ұзақ өмір және игілік тілеймін.

Ұқсас жаңалықтар