Аймақтық журналистика: кадр тапшы, жалақы аз
Жалпы журналистиканың проблемасы бір төбе де, аймақтық журналистиканыкі бір төбе. 7kun.kz редакциясы облыстағы әріптестерімен байланысып, өңірдегі журналистиканың проблемалары туралы өздерінен сұрап көрді.
Аймақтағы журналист жұмысының дамуына кедергі келтіретін проблема қандай?
Көсемәлі Сәттібайұлы, Жамбыл облысындағы «Ақ жол» газетінің бас редакторы: Кедергі болатын ештеңені көріп тұрған жоқпын. «Жазам» деген журналистің қолынан ешкім қағып жатқан жоқ. Ауылда тұрып та алты алашқа танымал журналист болуға болады. Алтынгүл Меңдіхан, Маңғыстау облысындағы Lada.kz сайтының журналисті: Сапалы контент жасайтын мамандар тапшылығы. Мына жақтан өліп-талып дайындаған контенттің қолды болып, сілтемесіз ұрланып кетуі – тағы бір мәселе. Авторлық құқықтың бұзылуы – бұл да заңды белден басу. Шалғайда жатқан аймақтағы журналистердің кәсіби тұрғыда өсуіне мүмкіндіктер аз. Араласатын орта ауқымы кең емес. Астана, Алматыда тренингтер, түрлі семинарлар көп. Оның барлығына қатысуға мүмкіндік болмай жатады. Тағы бір қиын тұсы — материал жазуда ірі қалалардағыдай емес, белгілі бір тақырып бойынша сұхбат беретін эксперттер бізде аздау. Мемлекеттік органдардан жедел ақпарат алу мәселесі де өте өзекті. Жәнібек Нұрыш, Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Отырар» медиахолдингінің журналисті: Жалақының аздығы. Тәуелділік. Өйткені, көптеген өңірлік БАҚ-тар жекенің иелегінде болғандықтан, мүдде қақтығыстары болып жатады. Тамыр-таныстың көңілін қалдырмау деген де бар. Осыдан келіп, ақпарат таратуда шектеулер болады. Азамат Қасым, Шығыс Қазақстан облысындағы «Дидар» газетінің редакторының орынбасары: Проблема аймақтардағы БАҚ-тар арасындағы бәсекелестіктің төмендегі дер едім. Бәсекелестік неге төмен? Өйткені, аймақтарда жарық көретін басылымдар аз. Егер Өскеменде Алматыдағыдай жүздеген газеттер жарық көретін болса соған сай журналистер арасында бәсекелестік те болар еді. Бәсекелестік болғанда, жақсы мағынасындағы бәсекелестік. Бәсекелестік болған жерде өсу, алға жылжу болатыны белгілі.Кадрлер қаншалықты жеткілікті?
Көсемәлі Сәттібайұлы: Кадр тапшылығын сезіп отырған жоқпыз. Алтынгүл Меңдіхан: Біздің редакцияда кадрлер тапшылығы қатты сезіліп отыр. Адам аз. Сапалық тұрғыда да кәсіби білігі жоғары мамандар өте аз. Журналистиканы бітірген, сол мамандықты кәсіби түрде игерген дипломы бар журналистердің төл кәсібінен қашықтап жүргені – қазіргі тенденцияға айналды. Маңғыстауда да маман тапшылығы сезіледі. Біздің редакцияда штаттағысы бар, штаттан тысы бар — жалпы алғанда 10 шақты журналист қызмет етеді. Бұл – өте аз. Адамдар келмейді. Жұмысқа келгенмен, көп ұзамай орта жолдан тастап кетіп жатыр. Сірә, бұл кәсіптің ауырлығын көтеру үшін де біраз шыдам керек, стресске төзімділік те қажет, жауапкершілігі тағы бар. Жәнібек Нұрыш: Кадр тапшы. Мықты медиаменеджерлер, интернет-ресурстарды жүргізе алатын, монетизацияға шығаратын, объективті ақпар тарататын, журналистік сараптама жасайтын, салалық журналистер тапшы. Азамат Қасым: Өңірлерде журналист кадрлар мәселесі тапшы деп айтуға болмас. Бар, бірақ білікті кадрлардың жетіспеушілігі сезілетіні рас. Алматыдағы ҚазҰУ мен Астанадағы Еуразия университетінде журналистік білім алған жастардың бәрі бірдей өңірлерге келе бермейді. Ал аймақтардағы газет пен телевиденияның кухнясын дұрыс білмейтін мұғалімдерден дәріс алған студенттердің өресі белгілі. Бәріне деуге болмас, көбіне журналистік әліппені үйретуге тура келетінін өңірдегі әріптестерім жоққа шығара қоймас.Жалақы мәселесі қаншалықты көңіл толтырады?
Көсемәлі Сәттібайұлы: «Жалақымыз аз» деп жүрген журналистерді де байқамадым. Жалпы, журналистер көнбіс қой. Өздері сүйген мамандық болған соң жалақысы аз болса да шыдайды. Шыдамағандары жеке кәсібін ашып алады. Мемлекеттік қызметке кетеді. Алтынгүл Меңдіхан: Шынын айтқанда керемет көңіл толтырады деп айта алмас едім. Бірақ біздің басылымда күн түн демей көп жазып, көп қимылдайтындарға көп ақша табуға болады. Жақсы мағынасындағы «тынымсыз» әріптестерге жақсы төленеді. Десек те, басшылықтың өзі журналистеріне аз төлеп отырғанын мойындайды. Қазір дағдарыстың салқыны жақсылап тұрып сезіле бастады. Бұрынғыдай емес, жарнама едәуір азайды. Соңғы уақытта редакция бұл бағыттағы саясаты қайта қарап, жалпы жұмыс көлемін азайтып, жалақыны да қысқартуға мәжбүр болып отыр. Жәнібек Нұрыш: Жалақы аз. Өңірдің орташа айлық есептік көрсеткішінен әлдеқайда төмен. Тіпті өңірдегі ең төменгі айлық жалақы деңгейінде қалып қойған. Айлық жалақының жетімсіздігінен, ақпаратпен шантаж жасау өршиді ме, деген қауіп бар. Азамат Қасым: Аймақтардағы журналистер аштан өліп, көштен қалып жатыр деп айта алмас едім. Аудандардағы журналистердің жалақысы бәлкім аз да шығар. Ал қаладағы журналистердің алатын жалақысы әртүрлі. Өңірдегі кейбір облыстық басылымдардың қаламақысы кейбір республикалық газеттерден де жоғары екенін білемін. Түптеп келгенде, барлығы журналистің тікелей өзіне байланысты.Өздерін қаншалықты асырай алады? Медиабизнес концепцияларының сипаты бар ма?
Көсемәлі Сәттібайұлы: Бұл сұрақтың жауабын журналистердің өздерінен сұрау керек шығар. Алтынгүл Меңдіхан: Біздің газетіміздің негізгі қаржы көзі – жарнама. Компания клиенттермен жұмысқа үлкен мән береді – акциялар өткізеді, контентті монетизациялаудың түрлі әдістерін іздейді. Компания көп ретте жарнамаға ғана иек артып отыр. Дәл қазір дағдарысқа байланысты, газеттің жағдайы мәз емес. Пайда түсіп жатқан жоқ деуге болады.Басшыларымыз жалақыны, жұмыс көлемін, адамдарды қысқартуға мәжбүр. Жәнібек Нұрыш: Өмір сүріп жатыр, әйтеуір. Мен еңбек ететін «Отырар» медиахолдингінде медиабизнес концепциясы бар. Ал, өңірдегі басқа ақпарат құралдарының дені мемлекеттік тапсырысты орындайтындықтан медиабизнестің әлі дұрыс жолға қойылмағанын байқайсың. Мемлекеттік қолдау тоқтаған сәтте, медиабизнестің алғышарттары бар, не жоғы әп-сәтте айқындалады. Өңірлік медиа әлі де мемлекеттік тапсырысқа көп арқа сүйейді.Оқырманмен қаншалықты байланыс орнатылған? Аудитория сенімі қалай бағаланады?
Көсемәлі Сәттібайұлы: Оқырмандардың хаттары, мақалалары, өтініш-тілектері байланысымыздың негізгі көрсеткіші. Аудитория қашанда ораторға (шешенге) қарайды. Сондықтан аудиторияның өзіне деген сенімін күшейту үшін газет те, сайт та мықты болу керек. Ал мықтылықты дәлелдеу үшін көп нәрсе қажет. Жаңашылдық та, батылдық та, жеделдік те, шеберлік те, шешендік те дегендей, бәрі бір басында болғаны жөн. Алтынгүл Меңдіхан: Қазіргі аудиториямыздың сенімі өз деңгейінде деп ойлаймын. Оқырмандар хат жазады, проблемаларын айтып редакцияға келеді, көмек сұрайды, журналистерге мұң-мұқтажын айтады. Бұл әрине олардың сенетіндігін, үміт артатындығын көрсетеді. Сайттағы әрбір материалды оқып қана қоймай, комментарийлерін қалдырып, өз ойларымен бөлісіп отырады, пікір таластырады. Сайт – олар үшін өз ұстанымдарын білдіре алатын ашық алаң іспетті. Оқырманмен арадағы байланысқа ерекше мән беріледі. Жәнібек Нұрыш: Редакциямызға хабарласқан оқырмандардың сауалдары мен ұсыныстарына қарай отырып, аудиторияның сенеді, деп бағалаймын. Бірақ, өңірде аудиториясының сенімін жоғалтқан айрылған газет, телеканалдар барын байқаймын. Өйткені, ауыл-ауылдарға шығып, адамдармен әңгімелескенде, мынадай-мынадай телеарнаны шақырған едік, мәселемізді айттық, бірақ эфирден бермеді, не жақсы жағынан көрсетті, сендер олай етпейсіңдер ме, деген сауалдар жиі қойылады. Азамат Қасым: Оқырманмен байланысты орташа деп бағалауға болатын шығар. Қаладағы жұрттың көбінің қазір газет оқымайтынын тәптіштеп айтып жату артық болар. Жиі болмаса да, оқырмандарымыздан хаттар келіп тұрады. Пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын айтып, мақалаларын жолдап жатады. Дегенмен қазір жұрттың көбі жылтыраққа, яғни, жеңіл дүниелерге әуес болып бара жатқанын байқаймыз. Тәрбиелік, тағылымдық мәні бар дүниелерден гөрі жеңіл-желпі бағыттағы материалдарды (материал деуге келсе) жұрт балға үймелеген арадай жабыла оқитын болды. Әлеуметтік желіде де сол. Ал қазақ басылымдары ұлттық партияның рөлін атқарып келе жатыр деуге болады.Өңір жаңалықтары мен республикалық маңызы бар жаңалықтардың ара-қатынасы қандай?
Көсемәлі Сәттібайұлы: Облыстағы газеттер де, сайттар да елдегі және өңірдегі жаңалықтарды көптеп беруге күш салады. Әрине, өңірдегі экономикалық-әлеуметтік мәселелер басымдау келетіні заңдылық. Алтынгүл Меңдіхан: «Lada.kz» сайтында республикалық маңызы бар жаңалықтар шығатын «Новости Казахстана» бөлімі бар. Мұнда Tengrinews.kz, Today.kz, Newskaz.kz және басқа да қазақстандық басылымдардың жаңалықтары беріледі. Журналистеріміз Маңғыстау аймағы тұрғындарының өміріне ықпал ете алатын республикалық маңызы бар оқиғаларды қалт жібермеуге тырысады. Кейде былай қарағанда қарапайым тақырыптардың өзі үлкен пікірталас тудырып жатады. Оқырманның қажеттіліктерін қанағаттандыру – басты мәселе осы. Жәнібек Нұрыш: Өңір жаңалықтары көп. Республикалық маңызы бар жаңалықтардың, әлеуметтік салаға қатыстыларынан басқасы, өңір үшін өтімділігі төмен. Азамат Қасым: Өңір жаңалықтары мен республика жаңалықтарының арақатынасын көзі қарақты жұрт білсе керек. Екеуін бұлайша бөле-жарудың өзі артықтау ма деп ойлаймын. Дегенмен республика жаңалықтарының өңір жаңалықтарынан құралатынын естен шығармауға тиіспіз. Тіпті өңірдегі жаңалықтардың республика жаңалықтарынан асып түсіп жататын кездері де аз емес. Мұны республикалық сайттардың облыстық газеттерде шыққан материалдарды жиі басуынан-ақ аңғаруға болатын секілді.Жұмыс орныңызды республикалық БАҚ-қа ауыстырғыңыз келеді ме?
Көсемәлі Сәттібайұлы: «Адамның басы — Алланың добы» деген. Бұл бір Алланың қолындағы шаруа. Алтынгүл Меңдіхан: Білмеймін. Ол туралы ойланбаппын. Өмір ағымына, отбасылық жағдайға байланысты ғой. Жақсы, қолайлы ұсыныстар түссе, журналистер қайда болса да жүре береді. Бірақ аймақ болсын, республика болсын проблема бірдей деп ойлаймын. Жәнібек Нұрыш: Астана, Алматы секілді республикалық маңызы бар қалаларда қоныс аудару арқылы республикалық БАҚ-қа ауысудан гөрі өңірде жүріп, республикалық БАҚ-тың өңірдегі тілшісі болғым келеді. Өйткені, қызық оқиғалар, ақпараттар алыс түкпірлерде болып жатады. Және өңірлердегі мәселелердің өзектілігі де жоғары. Азамат Қасым: Әзірге ондай жоспар жоқ. Уақыт көрсетер.Ақпарат көзі: 7 KUN
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді