Теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруда

Теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруда
ашық дереккөз
Теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруда
Нұржан Нұралиев, №13 Тараз темір жол колледжінің директоры. Қазақстан-дықтарды, әсіресе, жастарды әлеуметтік қорғаудың ең тиімді жолы – кәсіптік техникалық білім беруді дамыту. Себебі, бұл қадам қазіргі әлемде қалыптасқан экономикалық күрделі кезеңде жұмыспен қамтуға мүмкіндік бермек. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында еңбек ете алатындарға мемлекеттік қолдауды тек олардың қайта оқуға немесе еңбекпен қамту бағдарламаларына қатысуына жол ашу арқылы ұсынуды тапсыруы да сондықтан. Мемлекет басшысы Үкіметке әлеуметтік көмектің мұндай түрлерін 2017 жылдан бастап енгізуді міндеттеді. «Әлеуметтік саясаттағы мемлекеттің басымдығы адам капиталын дамытуға кең ауқымды инвестициялар болуы тиіс. Біз бұған дейін қабылданған бағдарламаларға сәйкес, білім беру және денсаулық сақтау салаларын жаңғыртуды жалғастыруымыз керек. Мен 2017 жылдан бастап жаңа жоба – «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» бағдарламасы басталатынын жариялаймын. Үкіметке оны жасауға кірісуді тапсырамын», – деді Ұлт Көшбасшысы Жолдауда. Иә, Елбасы айтып өткендей, білім берудің арнаулы орта және жоғары сатысын дамытудағы негізгі бағдары – ұлттық экономиканың мамандарға деген сұранысын өтеу болуы тиіс. Тұрғындарды еңбекпен қамту мәселесі де осы арқылы шешіледі. Бастысы – еңбек нарығындағы қат мамандықтар тізбесін нақтылап алу қажет. Қазір бір кездері ең «беделді» саналған қаржыгерлер мен заңгерлер жұмыссыз қалды. Ал есесіне өндіріс орындары мен қызмет көрсету салаларында маман жетіспеуде. Сол сияқты қай кезеңде де теміржолшыларға деген де сұраныс кемімеген. Осы тұрғыдан алғанда №13 Тараз темір жол колледжі салаға қажетті кәсіби білімі бар мамандар даярлап, нарық сұранысын өтеп отыр десек, артық айтқандық емес. 1932 жылы іргесі қаланған білім ошағы бүгінге дейін сындарлы кезеңдерден сүрінбей өтіп келеді. Колледж ұжымы бүгінде темір жол саласына қажетті мамандарды даярлап, уақыт сұранысына сай еңбек етуде. Инженер-педагог кадрлардың педагогикалық-психологиялық біліктіліктерін шыңдау әрі кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру үшін түрлі халықаралық семинар-тренингтерге қатыстырып, тағылымдамадан өткізуді қолға алдық. Колледжде өзге өңірлерден де келіп білім алып жатқан студенттер бар. Жалпы саны – 697. 2015–2016 оқу жылында пайдалануға берілген 100 орындық жатақхана алыс аймақтардан келген жастарға жайлы қоныс болуда. Бұл өз кезегінде олардың алаңсыз білім алуына мүмкіндік туғызуда. Жалпы, алдыңғы жылы мемлекеттік бюджеттен 137 миллион теңге бөлініп, оқу ғимараттарының күрделі жөндеуден өткізілуі жастардың батыл таңдау жасауына түрткі болуда. Себебі, жастар мамандық таңдауда оқу орнының сыртқы және ішкі жағдайын арнайы зерттеп, зерделейтіні шындық. Соңғы жылдарда колледждің материалдық-техникалық базасы айтарлықтай нығайды. Соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған 25 оқу кабинеті, спорт залы, 150 орындық асхана, қажетті құрал-жабдықтармен, техникалық оқу құралдарымен қамтамасыз етілген 3 зертхана, 3 шеберханамыз бар. 2014 жылы 4 миллион 200 мың теңгеге оқу кабинеттері интерактивті тақталармен жабдықталса, былтыр 5 миллион 400 мың теңгеге сигнал беру орталықтандыру кабинетіне тренажер, 20 миллион теңгеге токарь станоктары сатып алынды. Колледжде электронды оқу залы бар кітапхана жұмыс істейді. Студенттер мұнда сабақтан тыс уақытта жиі бас сұғып, әдеби кітаптар оқып, танымдарын кеңейтеді. Оқу-әдістемелік және ақпараттық-коммуникативтік технологиямен жабдықталған оқу орнында серверлік кабинет арқылы сымсыз интернет желісіне қосылған компьютерлер қойылған. Ұлт Көшбасшысының тапсырмасын негізге ала отырып, Білім және ғылым министрлігі және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының вице-президенті Асхан Акчуринмен мерзімсіз үш жақты келісімшарт жасастық. Осы келісімшарт негізінде 2013-2014 жылдары «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы АҚ көліктегі технологиялар орталығында отыз студент теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, білімдерін шыңдап қайтты. Нәтижесінде олар тек сертификат алып қана қоймай, темір жол мекемесіне жұмысқа орналасты. Бұл әрине, дуалды оқыту жүйесіндегі әлеуметтік серіктестіктердің ықпалы деп білемін. Сонымен қатар, «Бекет кезекшісі», «Электровоз машинисінің көмекшісі» мамандықтары бойынша облыс әкімдігінің білім басқармасы және кәсіпкерлер палатасы, Жамбыл темір жол мекемесімен дуалды оқыту жүйесі негізінде төрт жақты келісімшарт жасалды. Эксперименталды алаң ретінде таңдалып алынған мекемеде студенттер ауыспалы кесте арқылы әр цехқа бөлініп, кәсіпорындағы бекітілген жетекшілерінің көмегімен тәжірибелерін шыңдауға мүмкіндік алды. Бұл қадам өз кезегінде болашақ мамандардың жұмыспен қамтылуына сөзсіз жол ашатыны анық. Колледж студенттері болашақ ел экономикасын алға тартатын күш, өз саласын жетік меңгерген білікті маман атанарына сенім мол. Бастысы – жастарымыз жұмыспен қамтылып, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы қағидасын ілгерілетуге үлес қосады.

Ұқсас жаңалықтар