Балғын балуан

Балғын балуан
ашық дереккөз
Балғын балуан

«Азия балалары – 2016» додасынан жамбылдық жас балуан Нұртілек Оң даш олжалы оралды

Саха Республикасының Якутск қаласында 5-17 шілде аралығында «Азия балалары – 2016» VI халықаралық спорттық додасы өтті. Айтулы аламанға еркін күрестен 42 килограмм салмақ дәрежесінде жамбылдық жампоз Нұртілек Оң даш қатысып, алтыннан алқа тақты. 

Якутскіден чемпион боп оралған оғланды тараздықтар қаланың шығыс жақ қақпасынан күтіп алып, құрмет көрсетті. Азияның 38 елінен кіл мықты жасөспірімдер сынға түскен дода тартысқа толы болды. «Алғашқы айналымнан Нұртілек еркін өтті. Екінші кезеңде ресейік спортшымен боз кілемде белдесіп, 7:5 есебімен басымдық байқата білді. Одан кейін шәкіртімнің тынысы ашылып, ресейлік балуанды 10:0 есебімен ойсырата ұтса, ал ақтық сында якутскілік спортшы, Ресейдің нөмірі бірінші балуанымен боз кілемде айқасты. Белдесудің аяқталуына 15 секунд қалғанда шалт қимылымен қарсыласын жер бауырлатқан Нұртілек чемпион атанды. Бұл додада бірінші, екінші орын иеленген балуандарға спорт шебері атағы берілетіні де үлкен қуаныш», – дейді шәкіртінің жеңісіне дән ризашылығын білдірген бапкері Руслан Сексенбаев. Нұртілектің өзі бапкерінің айтқанын екі етпей орындағанының арқасында жеңіске жеткенін тілге тиек етті. «Облыстық мамандандырылған спорттан дарынды балаларға арналған спорт интернатының басшылығына және бапкеріме алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта бұдан да биік белестерді бағындыруға күш салатын боламын», – дейді 16 жасар чемпион. Соңынан облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының бас маманы Ғани Райымқұлов чемпионға кәдесый тапсырды.

Табиғат АБАИЛДАЕВ,  «Ақ жол».

Суретті түсірген Алмаз ОРМАНОВ.

Ұқсас жаңалықтар