Баспанамыз бақыт шаңырағы болсын

Баспанамыз бақыт шаңырағы болсын
ашық дереккөз
Баспанамыз бақыт шаңырағы болсын

Серік Олжабеков, «Бином» ЖШС-ның бас директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы да сарабдал саясатының нәтижесінде елімізде ширек ғасырда ел игілігі жолында ғаламат игілікті істер жүзеге асырылды. Кеңестік кезеңде экономикасы шикізатқа негізделген Қазақстан осы мерзімде әлемдегі ауыл шаруашылығы мен өнеркәсібі қатар дамыған әлеуетті де қуатты мемлекеттердің біріне айналды. Елімізде экономиканың локомотиві болып табылатын шағын және орта бизнесті өркендетуге ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекеттік индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасын қарқынды әрі жүйелі түрде іске асыру нәтижесінде ел керегін түгендеген көптеген тауарлар шығарылып, олардың бір бөлігі экспортталуда. Ендігі мақсатымыз – әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 30 елдің қатарына ену. Жаңарған және жасарған Отанымызда өмір сүріп, ортақ игілікті іске өз үлесімізді қосып жүргенімізді ойласақ, көкірегімізді мақтаныш сезімі кернеп, көңіліміз марқаяды. Құрылыс – экономика локомотиві. Бұған кейінгі кезде қазақстандықтардың көзі айқын жетіп келеді. Еліміз алып құрылыс алаңына айналды. Бізді әсіресе әлеуметтік нысандардың көптеп салынуы қуантады. Аз ғана уақытта әлемді таңғалдырған Астанамыз бой көтерді. Осы кезеңде облыс орталықтары да адам танымастай өзгерді. Тараз қаласы да уақыт өткен сайын тотыдайын таранып, сұңқардайын сыланып келеді. Әлбетте, бұл айтуға ғана оңай. Біз мұндай жетістіктерге Елбасының үздіксіз ізденісі, дара басшылығы және халқымыздың «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» аянбай еңбек етуі нәтижесінде қол жеткізудеміз. Экономикамызды әртараптандыру, өндіріске инновацияны кеңінен енгізу нәтижесінде жалпы ішкі өнім мөлшері жыл сайын өсіп келеді. Елімізді өркениетті елдер қатарына қосуда құрылыс саласының алатын орны айрықша. Елбасы мемлекеттік «Қолжетімді баспана–2020» бағдарламасын жүйелі жүзеге асыру, тұрғын үйлерді жылдам әрі сапалы салу міндетін қойып отыр. Біздің «Бином» ЖШС Мемлекет басшысы қойған асқаралы міндетті абыроймен орындауға бар күш-жігерін жұмылдыруда. Серіктестік осыдан 18 жыл бұрын жабылып қалған, облыс аумағындағы агроқұрылымдарда түрлі нысандар салумен шұғылданатын «Агроқұрылыс» кәсіпорны базасында құрылды. Компанияда алғашқы кезде 10 бірлік ескі техника және 20 адам ғана жұмыс істейтін. Бұл көрсеткіш бүгінде бірнеше есеге ұлғайды. Материалдық-техникалық базамыздың нығаюына байланысты жұмысшылардың айлық-жалақылары жыл сайын өсуде. Қазір мұнда орташа жалақы – 90 мың теңге. Тапқан табысымызды негізінен өндірісті жаңартуға жұмсаудамыз. Соның нәтижесінде техникамыздың саны 100 бірліктен асты. Қазір олардың ескілерін есептен шығарудамыз. Бүгінде «Биномның» қолтаңбасын аймақтағы елді мекендерден көптеп кездестіруге болады. Тараздағы Қан орталығы, «Астана» мөлтек ауданындағы орта мектеп пен балабақша, Жамбыл ауданының Аса ауылындағы Ю.Гагарин атындағы орта мектеп, Түрксіб ауылындағы 280 орындық балабақша көпшіліктің қуанышы мен игілігіне айналды. Бұдан басқа біз салған ондаған ірілі-ұсақты нысандар халыққа қызмет етуде. Кеңестік кезеңде бір нысанды бірнеше мердігер (оның ішінде қосалқы мердігерлер) салғаннан кейін оның пайдалануға берілу мерзімін ұзарумен қатар сапасы да ақсап жататын. Тәуелсіздік бізге барлық жұмысты тізбектелген жүйемен кешенді атқаруға мүмкіндік берді. Құрылыс жүргізу үшін өзіміз жоба жасаймыз, материал өндіреміз және мемлекеттік сатып алу конкурстарында ұтып алған нысандарды және халықтан қабылдаған тапсырыстарды орындап, пайдалануға береміз. Бізге кез-келген тапсырыс беруші өзі қалайтын, қағазға түскен ғимараттың нобайын әкеліп берсе, болашақ тұрғызылатын үйдің жобасын жасап, оған қажетті материалдардың барлығын өзіміз әзірлейміз. Құрылысты уақтылы әрі сапалы жүргізу үшін бірнеше еншілес кәсіпорын құрдық. Солардың бірі «Бином Строй Деталь» ЖШС темірбетонның ондаған түрін өндіреді. Арнайы цехтарымызда ағаш және пластикалық есік-терезелер жасалады. Мұның өзі бізге қажетті материалдардың 70 пайызын өндіруге мүмкіндік беруде. Білікті мамандарымыз ұтып алған бірқатар сапасыз жобаларды жетілдіріп, өзгертулер мен толықтырулар енгізеді. Өзіміз салатын нысандардың жобасын жасайды. Осындай ізденістердің нәтижесінде бүгінде бізде қазақстандық үлес 80 пайызды құрайды. Шетелдерден тек қана әрлеуге қажетті бояуларды ғана алдырамыз. Кәсіпорында сапа менеджменті жүйесі енгізілген. Шығарылған құрылыс материалдарымыздың барлығы сертификатымен сатылады. Құрылыс салуда және материалдар шығаруда жаңа технологияларды кеңінен енгізуге күш саламыз. Мұның өзі бізге қолға алған нысандарымызды уақтылы пайдалануға беруге ықпалын тигізуде. Халқымыз «Баспана – бақыт шамы» деп текке айтпаса керек. Адамның алаңсыз өмір сүріп, еңбек етуі, өсіп-өркендеуі үшін ең әуелі жайлы баспана қажет. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен және тікелей басшылығымен азаматтарымызды тұрғын үймен қамтамасыз етуде елеулі шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда. 2012 жылы қабылданған «Қолжетімді баспана–2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жас отбасылар және басқа да көптеген азаматтар қолжетімді пәтерлерге ие болып, қуанышқа бөленуде. Әлемдік қаржы дағдарысы бұл саланы өркендетуге үлкен кедергі келтіргеніне қарамастан, Елбасымыз тұрғын үй құрылысын тоқтатпауға пәрмен берді. Осы бағытта «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Қазақстан ипотекалық компаниясының қаржыландырылуы арқылы көптеген тұрғын үйлер салынуда. Құрылысты аз шығынмен, жылдам әрі сапалы жүргізу, оны қолжетімді етудің барлық жолдарын үздіксіз іздестіру өз жемісін беруде. Осыдан 6 жыл бұрын Астанада өткен Индустрияландыру күнінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев біз қазір жүзеге асырған «Тұрғын үй комбинатының құрылысы» жобасын талқылауға қатысқан болатын. Елбасы сол кезде ірі қабырғалық панельдерді көптеп шығаруға тапсырма берген болатын. Президент таяуда Астанада өткен Индустияландыру күнінде де осы мәселеге ерекше назар аударды. Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында еншілес кәсіпорнымыз – «Бином Строй Деталь» серіктестігі базасында осыдан үш жыл бұрын жүзеге асырылған «Тұрғын үй комбинатының құрылысы» жобасы аясында жылына толық қуатында жұмыс істегенде 30 мың текше метр тұрғын үйге қажетті ірі панель шығаруға болады. Бұл – екі және үш бөлмелі 400-500 пәтер деген сөз. Комбинатқа қажетті жабдықтар Германиядан жеткізіліп, орнатылды. Ол іске қосылған 2 жылдың ішінде бірнеше көп қабатты тұрғын үйді салып, ел игілігіне бердік. Өткен жылы Тараздың «Арай» алқабында осындай технологиямен салынып, пайдалануға берілген 65 пәтерлі үй және қаладағы Төле би, Рахимов көшесіндегі тұрғындардың қуаныштарында шек жоқ. Баспананы ірі панельмен құрастырудың артықшылығы мен тиімділігі әлдеқашан дәлелденген. Бүгінде Батыс елдері, оның ішінде Германияда ғимараттардың 20 пайыздан астамы осындай әдіспен жүргізіледі. Ресейде осындай ғимараттар салу кеңінен қолға алынуда. Кеңестік кезеңде тұтас бетонмен құйылған панель үй қыста суық, жазда ыстық болды. Содан бері бұл технология бірнеше рет жетілдіріліп, өзгертілді. Қазіргі заманауи үлгідегі ірі панельдер жазда ыстық, қыста суық өткізбейді. Олардың ортасына арнайы жылытқыш материалдар салынады. Ірі панельді үйдің құрылысы жылдам бітумен қатар, бағасы басқалармен салыстырғанда 20 пайыз арзан болады. Мәселен, біздің компания Тараздағы Химия кентіндегі үш қабатты 9 пәтерлі үйді үш айда толық салып бітірді. Егер оны кірпіш немесе басқа материалмен салсақ, бір жылға жуық уақыт кетер еді. Ірі панельдер біркелкі тегіс құйылғандықтан, оларды сылау, әрлеу жұмыстары өте аз уақытта жүргізіледі. Материал кәсіпорында өндірілгендіктен, құны 20 пайыз төмен болады. Бағасы қолжетімді ғимараттың сейсмоберіктігі 8-9 балға есептелген. Кез-келген құрылыс жұмыстары ауа райына тәуелді. Қатты суық, қалың қар және боран жұмысты ырғақты жүргізуге үлкен кедергі келтіреді. Көп мердігерлер қыста осындай кезде кестеден қалып қояды. Ал бізге ауа райы жылдың қай мезгілінде болса да кедергі келтіре алмайды. Нысандарды ірі панельмен салу қол жұмысын 80 пайызға дейін азайтады. Әлемдік қаржы дағдарысы біздің де ырғақты жұмыс істеуімізге үлкен кедергі келтіруде. Осыдан бір жыл бұрын мемлекеттік сатып алу конкурстарында ұтып алатын жұмыстардың азаюына байланысты біраз мамандарымызды қысқартуға тура келді. Осы салада ұзақ жылдар жұмыс істеп, бір пәсте жұмыссыз қалу қиындығын ешкімнің басына бермесін. Мұның өзі біздің де жанымызға қатты батты. Сондықтан да бұрынғы жұмыс орнын сақтап қалу, жаңа жұмыс орындарын ашу үшін жеке компаниялар және тұрғындардан құрылыс салу үшін тапсырыс қабылдай бастадық. Мұның өзі өз нәтижесін беруде. Өткен жылдың қорытындысында компания 1 миллиард теңгеден астам құрылыс құрастыру жұмысын игерсе, үстіміздегі жылдың 6 айында біз осындай көрсеткішке қол жеткіздік. Жыл соңына дейін тағы 1 миллиард теңгенің жұмысын еңсеруді көздеп отырмыз. Жұмыс ауқымының ұлғаюына байланысты бұрынғы мамандарды қайта шақырудамыз. Қазір серіктестікте жұмысшылардың саны қайтадан 300-ге жетті. Қысқасы, мемлекеттік «Қолжетімді баспана–2020» бағдарламасы аясында еліміздің тұрғындарын бағасы қолжетімді үймен жылдам қамтамасыз етудің бірден-бір жолы ірі панельдік технологияны кеңінен қолдану болып табылады. Қазір Тараздағы «Арай» алқабында бес қабатты 40 пәтерлік 2 тұрғын үйдің құрылысын жүргізудеміз. Аталған нысандар биыл жыл соңына дейін ел игілігіне беріледі. Құрылысты «Бәйтерек» холдингі қаржыландыруда. «Биномның» кеңсесі орналасқан 2,5 гектар аумақта тұрғын үй кешені салынады. Осы аумақта салынатын үш қабатты 186 пәтер, балабақша, спорт алаңы және көлік қоятын орындардың жобасы жасалуда. Кеңсемізді басқа орынға көшіреміз. Тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерді тұрғындардың тапсырысы бойынша 2-4 бөлмелі етіп саламыз. Біз көздеген мақсатымызға істі дұрыс ұйымдастыру және ұйымшылдықтың нәтижесінде қол жеткізудеміз. «Жалғыз ағаш орман болмайды» демекші, маған бұл істе бірінші орынбасарым Уәлихан Жұмабаев, өндірістік бөлімнің бастығы Мәди Изенбаев, бас инженер Кеңесхан Аралбаев, директор Данияр Олжабеков, «Бином Строй Деталь» ЖШС-ның директоры Сергей Поздняков, техникалық директор Қуат Баққараев және қаржы бөлімі бойынша орынбасарым Фатима Олжабекова үлкен көмек көрсетуде. Ірі панельді үйдің артықшылығы көп екенін қалың жұртшылық жақсы түсіне бастады. Кейінгі кезде облыстың түкпір-түкпіріндегі елді мекендерден осындай ғимарат салуға тапсырыстар түсе бастауда. Таяуда осындай бір тапсырыс Жамбыл ауданының Аса ауылынан түсті. Біз оларға қысқа мерзімде қолжетімді баспана салып беру үшін бар күш-жігеріміз бен тәжірибемізді аямаймыз.

Ұқсас жаңалықтар