Алпыс бес жастағы комбайншы

Алпыс бес жастағы комбайншы
ашық дереккөз
Алпыс бес жастағы комбайншы

астық жинау науқанына атсалысуда

Арамызда еңбектен бақытын тапқан азаматтар баршылық. Екі қолға бір күрек табылған күнде де жұмысқа құлқы жоқ жастарға осындай еңбекқор жандардың еңбегі, ісі үлгі. Солардың бірі пионерлік байырғы механизатор Мұхтар Омаров биыл 65 жасқа толады. Құрметті еңбек демалысына шықса да, ол әлі аттан түспей, «темір тұлпарды» тізгіндеп жүр. Ағамыздың алақаны, әсіресе, дала кемесі штурвалын сағынып-ақ қалыпты. Биыл да жасы егделігіне қарамастан, егін орағы басталысымен астық комбайнының бірін «ерттеп» мініп, егінжай алқабына шықты. – Мұхаңды ауылдың үлкен-кішісі түгел біледі. Еңбексүйгіш жан. Темірден түйін түйетін шеберлігі де бар. Шаруашылықтың барлық жұмысына атсалысады. Қандай істі тапсырсаң да қиынсынбай, сапалы әрі уақтылы орындайды. Егін орағына да жылма-жыл үзбей қатысумен келеді. Жасым келді деп, ортақ игіліктен бас тартқан кезі жоқ. Еңбегімен үлгі көрсеткенін қуана құптаймыз. Қырманда қаңтарулы тұрған комбайндардың бірін көрсетіп, «Мына комбайнды қабылдап алып, астық оруға дайындаңыз» десек болды, сол мезетте-ақ дала кемесінің асты-үстіне түсіп, жөндеуге кіріседі. Жөндегенде де сапаға айрықша көңіл бөледі. Жасырары жоқ, техникаларымыз ескі. Сөйте тұрса да оларды жарау аттай жаратып жүрген де осы Мұхаңдар. Науқан басталғалы бері ол кісінің иелігіндегі комбайн бірде-бір рет бұзылған жоқ. Сірә, Мұхаңнан үйренген болар, Хасен Боранбаев пен Ержан Киікбаевтардың да «темір тұлпарлары» да теңіздей толқыған алқапта еркін көсілуде, – деп «Пионер» өндірістік кооперативінің бас агрономы Алиомар Есенаманов майталман механизатордың әбден мақтауын жеткізді. Бас агроном айтқан сөздің жаны бар. Мұхтар Омаров еңбегімен, өнегесімен өз ұл-қыздарына ғана емес, күллі ауыл-аймақтың жастарына үлгі болуда.

Дүйсенбек ОРМАНОВ, журналист.

Жамбыл ауданы.

Ұқсас жаңалықтар