Ойымызда Отан абыройы

Ойымызда Отан абыройы
ашық дереккөз
Ойымызда Отан абыройы

Гузалия Гафурова, каратэ-додан Азия ойындарының чемпионы.

Тәуелсіздік – баршамыз үшін қасиетті ұғым. Елің, Отаның болмаса, сен кімге керексің? Туған жерге тағзым ету арқылы адамзат баласы биік белестерді бағындырады. Иә, елін сүйген ерлік жасайды. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома деуге болады. «Әркімнің туған жері – Мысыр шәрі» деп жатады. Расымен де спортшы болған соң әлемнің әр түкпіріне барып, байрақты бәсекелерде сынға түскен сәтте бірінші кезекте үміт артқан елім ойыма оралады. Аспантүстес көк байрағымызды көкте желбірету үшін бар күш-жігерімізді сарқа жұмсау керектігін сезінеміз. Құрлықтық додаларда болсын, басқа да дуы басым додаларда болсын, азаттықтың ақ таңы арайлап атқан елде тұрып жатқанымды мақтан тұтамын. Қазақстанның Әнұраны шырқалып, Туымыз желбірей түскенде жанарға жас үйіріледі. Тәуелсіздік бізге барын да, бәрін де аяған жоқ. Спортшы ретінде қалыптасуымызға, ел абыройын қолымыздан келгенше биіктетуге барлық жағдай жасалып отыр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қолы бос кезінде спортпен шұғылданады. Бұл жасқа да, жасамысқа да көрсетілген үлкен үлгі деп білемін. Жалпы, спорт саласы, я болмаса басқа салада қол жеткізіліп жатқан барлық жетістіктер Елбасының сарабдал саясатының жемісі деп білемін. Еліміздегі, облысымыздағы ұлттар достығының жыл өткен сайын нығайып келе жатқаны да көңілде қуаныш отын маздата түсетіні ақиқат. Біз бейбітшіліктің құшағында тербеліп отырған азат мемлекетпіз. Әлемге назар аударайықшы. Неше түрлі зұлмат, қантөгіс орын алып жатыр. Ал біз татулықтың зор жемісін көрудеміз. Бұл да үлкен бақыт екені сөзсіз. Тәуелсіз Қазақстан осы ұстанымымен де талай елдерге үлгі болуда. Рухы еркін елдің болашағы жарқын болатыны талас тудырмайды. Жиырма бес жылдың ішінде біздің мемлекет қыруар істерді атқарды. Әлем елдерін бейбітшілік пен тұрақтылыққа да егемен Қазақстан елі шақырып жүр. Экономикалық тұрғыдан мемлекетіміздің күш-қуаты арта түсті. Дамудың даңғыл жолын таңдаған Отанымыздың әлі де экономикасы арта түсетініне сеніміміз кәміл. Қазақстан – баршамыздың құтты шаңырағымыз. Егемен еліміздің көк Туын биікте желбірете түсу үшін мен спортшы ретінде бар күшімді салып келемін, аянбаймын да. Өйткені біздің маңдайымызға жазылғаны – аламандарда қатарымыздан оза шабу. Отанымыздың беделі арта түссе, біздің де мерейіміз тасиды. Еркіндіктің ширек ғасырлық тойын тойлағалы отырған барша жерлестеріме, қазақстандықтарға бақыт тілеймін. Тәуелсіз қазақ елі жасай берсін!

Ұқсас жаңалықтар