Барлық мүмкіндіктер жұмылдырылатын болады

Барлық мүмкіндіктер жұмылдырылатын болады
ашық дереккөз
Барлық мүмкіндіктер жұмылдырылатын болады
Өңірлік коммуникация қызметінде өткен кезекті брифингте журналистер қауымына Мемлекет басшысының халыққа Жолдауы мен «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары аясында Т. Рысқұлов ауданында атқарылған жұмыстар таныстырылды.  Аудан әкімі Жарылқасын Айтақов ауданда Елбасы тапсырмаларының орындалуы барысына кеңінен тоқталды. Бұл тұрғыда құрамы 25 адамнан тұратын 5 ақпараттық топ құрылып, бекітілген кестеге сай елді мекендер тұрғындарымен кездесулер өткізіп, насихаттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде екен. Мұндай іс-шаралармен барлығы 8 мыңнан астам адам қамтылған. Баяндамашы Мемлекет басшысы ұсынған 5 институционалдық реформаның кәсіби мемлекеттік аппарат құру, заңның үстемдігін қамтамасыз ету, индустиряландыру және экономикалық өсім, біртектілік пен бірлік, есеп беретін мемлекетті қалыптастыру бағыттарының ауданда жүзеге асырылуы барысынан жан-жақты хабардар етті. Ұлт жоспарының 35-36 қадамдарына сәйкес ауыл шаруашылық жерлерін пайдалануға тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп келеді екен. Жер реформасына байланысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да талапқа сай жүргізілуде. Бүгінгі таңда аудан бойынша жер пайдаланушыларға жалға берілген ауыл шаруашылығы жерлерінің жалпы көлемі 664 844 гектарды құрайды. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы 18 801 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, қайта айналымға енгізілген. Инвестициялық жобалар үшін 4504 гектар жер бөлініпті. Ауданда, инвестиция тарту бойынша атқарылған жұмыстар ауқымды бола түсуде. Еліміздің 2010-2014 және 2015-1019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық дамуы мемлекеттік бағдарламасы аясында төрт бірдей ірі жоба нақты іске асырылған. Олардың бірі – «Луговой жылқы зауыты» ЖШС-ның құны 3 миллиард 400 миллион теңгеге түскен, 30 мың шошқаға арналған бордақылау кешені жылына үш мың тонна ет өндіру әлеуетіне ие. Мұнда былтыр 1,7 миллиард теңгенің 3098-і, ал биылғы жылдың бес айы ішінде 873-і, 7 миллион теңгенің 1445 тонна өнімі өндіріліпті. «Энергостройпроект» ЖШС-ның «Қарақыстақ шағын су электр стансасы» жобасы да аталмыш өндіріс орнымен қатар іске қосылған. Мұнда бүгінде жаңадан 15 жұмыс орны ашылып отыр. Сондай-ақ, былтыр іске қосылған «GOLDEN COМPASS CAPITAL» АҚ-ның Қорағаты ауылдық округінің Көкқия шатқалынан алтын өндіру жобасының да тұрғындарға шарапаты тиюде. Өндірістік қуаттылығы жылына 300 кило таза алтын өндіруге есептелген нысанда қазіргі таңда 150 тұрғын жұмыспен қамтылып отыр. Ауданда мал шаруашылығына қажетті қоспажем шығаратын зауыт та ел игілігін үстеуге қызмет етуде. Аталған бағдарлама аясында алдағы уақытта француздық «Фонрош» компаниясының Қазақстандағы филиалы – «Aguila Colar» ЖШС-ның жалпы құны 9,2 миллиард теңгеге бағаланған, сағатына 24 МВт күн сәулесі қуатын өндіру стансасы мен жылына 10 мың тонна ет өндіруге арналған бройлер етін өндіру зауытының жобаларын іске қосу жоспарланып отыр. Баяндамашы ауданда туризмді дамыту, сүт өндірісін жолға қою, білім беру сапасын арттыру мәселелеріне де кеңінен тоқталып, аталған салаларда жүзеге асырылуы күтіліп отырған жұмыстар жөнінде айтып берді. «Жалпы 5 реформаны іске асыру әлемдегі экономикалық тұрақсыздық жағдайына қарамастан еліміздің одан әрі қарқынды дамуына серпін қосары анық. Халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін жағдай жасауға да мүмкіндік береді. Сондықтан, Ұлт жоспарын толық орындау бағытында барлық мүмкіндіктерді жұмылдыратын боламыз», – деді ол. Жарылқасын Айтақов сондай-ақ журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға орай бүгінгі күні ауданда орылған егіннің гектар қайтарымы орташа есеппен 40 центнерден айналып, «Шәушен» шаруа қожалығы тау беткейінен қымыз өндіру цехын іске қосып, енді демалыс-сауықтыру кешенін пайдалануға бергелі отырғанын, ауданда алдағы уақытта тау туризмінің бір саласы шаңғымен сырғанау кешенін салу қолға алынатынын жеткізді.

Баймаханбет АХМЕТ,  «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар