Көзді арбаған көкөністердің сапасы қандай?

Көзді арбаған көкөністердің сапасы қандай?
ашық дереккөз
Көзді арбаған көкөністердің сапасы қандай?

Жаз шығысымен-ақ бақша дақылдары кез-келген жерде емін-еркін сатыла бастайтындығын білеміз. Алайда олардың пайдалануға жарамдылығы күмәнділеу. Жеңсік ас ертерек жұртқа ұсынылса, өтімді келетінін ойлап, нитрат, пестицид секілді химиялық тыңайтқыштарды көптеп пайдаланатын бақша өсірушілер де жоқ емес. Бұл тұрғыда Мәжіліс депутаттарының да, қауын-қарбыз сатуды тамыз айына дейін тоқтата тұруды ұсынып, халық денсаулығына нұқсан келмеуі жағын ойластырып, алаңдаушылық білдіруі де құптарлық. Бүгінде біздің өңірімізде де қауын-қарбыздың кез-келген жерде көптеп сатылып жатқанын жиі көруге болады. Жалпы, өңірімізге келетін, ЕЭО нарығына шығарылған бау-бақша мен жеміс-жидек, басқа да азық-түлік өнімдері қай тараптардан, қаншалықты бақылауға алынып отыр? Олардың сапасы 2013 жылы қабылданған Кеден одағының техникалық регламенттері талаптарына сай ма? Бұл тұрғыда тұрғындар құқықтары мен денсаулығының қорғалуы қандай деңгейде? 

Облыстық басқармалар, департаменттер, кәсіпорындар мен ұйымдар жетекшілері, жеке кәсіпкерлер қатысуымен өткен техникалық реттеу мәселелері жөніндегі өңірлік штабтың кезекті отырысы, міне, осы мәселелерді талқылауға арналды. Жиынды техникалық реттеу және метрология комитеті облыстық департаментінің басшысы, өңірлік штаб төрағасының орынбасары М. Сатыбалдин ашып, жүргізіп отырды. – Бақша дақылдарының жаппай пісіп-жетілетін уағына әлі ертелеу. Қазіргі сатылып жатқандарының экологиялық таза өнімдер екендігі күмән тудырады. Ал халықтың денсаулығы қашан да қымбат. Азық-түліктің адам өміріне қауіпсіздігі мәселесі әр кезде де назарымызда болады. Біз бұған бей-жай қарай алмаймыз. Штаб отырысын өткізудегі мақсатымыз да осы – бау-бақша дақылдары мен азық-түлік өнімдерінің сапасына тұтынушылар құқын қорғау, басқа да тиісті тексеруші мекемелер тарапынан тұрақты бақылау болуын қамтамасыз ету, – деген Мейірхан Әбілқайырұлы тиісті тараптарға өңірімізге қауын-қарбыз қайдан жеткізіліп жатқандығы жөніндегі сұрақпен қайырылды. Облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің мамандарының айтуынша, бақша өнімдері негізінен Оңтүстік Қазақстан облысынан тасымалдануда екен. Өзбекстаннан жеткізілмек болған өнімдер кеден бекетінде тексеріліп, сапасы күмән туғызуына байланысты кері қайтарылған. Осы тұрғыда «Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл филиалының директоры Асқар Мыңбаев ҚР Инвестициялар және даму министрінің 2016 жылғы 26 мамырдағы №446 бұйрығымен бекітілген техникалық регламенттерді әзірлеу жөніндегі жоспардың кейбір мәселелері туралы айтып берді. Дейтұрғанмен, КО техникалық регламенттерінің талаптары барлық жерде бірдей сақталып отырған жоқ. Облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің бөлім басшысы С. Бейсебаеваның айтуынша, сынамалары алынып тексеру барысында көптеген азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздік талаптары сақталмауына байланысты ұйғарым шығарылып, тиісті тараптарға жолданған. Оның ішінде 23 айыппұл, іздестіру түріндегі әкімшілік шаралар қолданылыпты. 2 миллион 260 мың теңге көлемінде айыппұл өндіріліп алынған. Штаб төрағасының орынбасары қойған «Тауарлардың сапасы күмәнділерінің анықталғаны көп, ал әкімшілік шаралар қолданғаны неге аз?» деген сауалына хабарламашы «Біз ұйғарым шығарғаннан кейін тауар иелері кемшіліктерін белгіленген мерзім ішінде түзетуі тиіс. Түзетпесе, тиісінше шаралар қолданылады. Тиісті талаптар сақталмаған өнімдердің ішінде Ресей, Беларусь, Қытай, Қырғыз елдерінің өнімдері де бар. Бұл мәселені шешу – жоғары органдардың құзырындағы іс» деп жауап берді. Жиынға қатысушы кәсіпкерлер жасырын цехтарда дайындалған түшпара, самса, бәліш, тағы басқа да бірқатар тағам өнімдерінің базарларда, көшелерде, айран, сүт өнімдерінің үй аулаларында тиісті санитарлық талаптар сақталмай емін-еркін өткерілуі тыйылмай отырғанын алға тартты. Бұл жағдайға байланысты шара қолдануға агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің облыс бойынша аумақтық бөлімі де қауқарсыз болып шықты. Аталған мекеменің жетекші маманы С. Шүлембаев «Бұл жергілікті атқарушы органдар мен құқық қорғау қызметкерлерінің құзырындағы іс» деп, осы орайда тұтынушылардың сауда жасау барысында өз құқықтарына сай сатушылардың сертификаты бар-жоғына, азық-түлік өнімдерінің сапалылығына көз жеткізуі керектігін түсіндіріп өтті. Жиында аталған мәселені назардан тыс қалдырмай, атқарушы органдар мен полиция өкілдері арасында арнайы талқылау қажеттігі де сөз болды. М. Сатыбалдин штаб отырысында айтылған ой, пікір, ұсыныстардың тиісті тараптарға жолданатынын жеткізді.

Баймаханбет АХМЕТ,  «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар