Ел сенімі- ер серігі

Ел сенімі- ер серігі
ашық дереккөз
Ел сенімі- ер серігі

Облыс әкімі Рио-де-Жанейрода өтетін ХХXI жазғы Олимпиада ойындарына жолдама алған спортшылардың бір тобын қабылдап, сәттілік тіледі

Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтетін жазғы Олимпиада ойындары жақындап келеді. Төрт жылдың басты байрақты бәсекесіне біздің өңірімізден биыл бес спортшы (төртеуі – Олимпиада, біреуі – паралимпиада) қатысып, еліміздің намысын абыроймен қорғауға барын салмақ. 

Осыған орай облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Рио-де-Жанейрода өтетін жазғы Олимпиада ойындарына жолдама алған спортшыларымызды қабылдады. Қабылдауға дзюдодан әлем чемпионы Елдос Сметов, жеңіл атлет Михаил Красивов, сонымен қатар, жүзу спортынан жазғы паралимпиада ойындарына лицензия алған жерлесіміз Зульфия Габидуллина қатысты. – Биылғы жылғы Олимпиада ойындарына бес бірдей спортшымыз қатыспақ. Бұрындары бұл көрсеткіш 3-4 спортшыдан аспайтын. Десек те, олар биіктен көріну үшін аянбайтын. Сол жеңімпаздардың жолын сіздерге бұйыртсын. Талантты боксшымыз, Азия чемпионы Олжас Сәттібаев пен Азиялық олимпиадалық іріктеу турнирінің күміс жүлдегері, таэквондошы Руслан Жапаровтар бүгінгі кездесуге келе алмады. Жаттықтырушылары олардың қызу дайындық үстінде екенін, олар үшін әрбір минут қымбат екенін жеткізіп, босата алмайтындықтарын айтты. Бұйыртса, барлықтарыңызбен жеңісті күндерде жолығып, мерейіміз тасиды деп ойлаймын. Осы бір әдемі кездесуіміз Олимпиада ойындарынан соң зор қуанышпен қайталанып, жалғасын тапсын. Өздеріңіз білесіздер, қасиетті Әулиеата өңірінен шығып, атымызды әлемге танытып жатқан спортшыларымыз жетерлік. Мысалы, Серік Қонақбаев, Жақсылық Үшкемпіров, Ермахан Ыбырайымов, Болат Жұмаділов, Ислам Байрамуков, Бахтияр Артаевтай батырлармен мақтанамыз. Мен сіздерге жарыс жолында үлкен жеңіске қол жеткізулеріңізге тілектеспін. Байрақты бәсекеден жүлделі оралатындарыңызға сенемін, – деді облыс әкімі. Өз кезегінде спортшылар да сенімді ақтауға барын салатын­дықтарын жеткізді.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар