Колледж кітапханаларына қойылар талап үлкен

Колледж кітапханаларына  қойылар талап үлкен
ашық дереккөз
Колледж кітапханаларына қойылар талап үлкен

Химия-технологиялық колледжінде Білім және ғылым министрлігінің республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасы мен облыс әкімдігі білім беру басқармасының бастамасымен «Заманауи колледж кітапханасы: мамандар көзімен» атты семинар өтті. Облыс колледждерінің кітапханашылары өз жұмыс тәжірибелерімен бөлісу мақсатында арнайы көрме ұйымдастырды. Көрменің таныстырылымында химия-технологиялық колледжі кітапханасының меңгерушісі Сағынкүл Нұрымбетова аталған оқу орнында 17800 кітап қоры бар екенін және бірнеше кітаптардың электронды нұсқасы жасалғанын сөз етті. Екі күнге жоспарланған семинардың алғашқы күнінде кітапханашылар пленарлық отырыс, «дөңгелек үстел», диалог алаңында өз ой-пікірлерін ортаға салып, ортақ мәселелерді талқылады. Олар дәл қазір қандай жобалар бойынша жұмыс жасап жатқандарын айтып, жеткен жетістіктерімен бөлісті. Колледж кітапханаларындағы өзекті мәселелер семинардың екінші күнінде пікірталас алаңында кеңінен талқылады. Қызметкерлер мұнда кітаптың электрондық-ақпараттық ресурсы мен кітапханадағы электрондық каталогтар, картотекалардың маңыздылығын сөз етті. Бүгінде колледж кітапханаларына қойылатын талап үлкен. Олар кәсіптік білім беру жүйесінде болып жатқан барлық өзгерістерге шапшаң әрі сапалы үн қатуы тиіс. Сондай талаптың бірі – электрондық кітапханалар жүйесін дамыту. Бұл – кітапханашының дәстүрлі кітапханаға қосымша ретінде пайдаланушыға тиімді ақпарат іздеуге мүмкіндік жасауы. Осы бағыт бойынша кітапханашылар инновациялық жұмыс тәжірибелерімен бөлісіп, көптеген ұсыныстар ұсынды. Сондай-ақ, семинарға қатысушылар қаладағы бірқатар колледж кітапханаларына экскурсия жасап, олардың жаңа мүмкіншіліктерімен танысты.

Әзиза Әбдірайымова, ТарМУ-дың студенті.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар