«ЕуроХим»: еншілес кәсіпорындардың еңбегі еселі

«ЕуроХим»: еншілес  кәсіпорындардың еңбегі еселі
ашық дереккөз
«ЕуроХим»: еншілес кәсіпорындардың еңбегі еселі
Бүгінде ресейлік танымал «ЕуроХим» компаниясының Сарысу өңірінде екі бірдей еншілес серіктестігі жұмыс істеуде. Бірі – фосфор кенін, екіншісі – фосфор ұнын өндіреді. Яғни, екеуінің илейтіні – бір терінің пұшпағы. Олар алғаш өткен жылғы желтоқсан айынан бастап Көкжон аңғарындағы фосфор өңдеу кешенінен алынған кен өнімдерінен «Қазфосфат» ЖШС Қаратау тау-кен кешенінің фабрикасында фосфор ұнтағын дайындауды қолға алса, биыл жыл басынан бері оны енді өздері өңдеп, сатуға шығара бастапты. Олардың ортақ пайдалануындағы жаңа зауыт әзірге жылына 650 мың тонна фосфор кенін өңдеу қуаттылығына ие. Алдағы уақытта мұнда бұл көрсеткішті екі есеге дейін арттыру көзделіп отыр. «ЕуроХим-Қаратау» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігі 2018 жылы 1,5 миллион тонна фосфор ұнын өндірмек. Серіктестік тек мұнымен ғана шектелмей, 2020 жылдан бастап 2,8 миллион тонна көлемінде тауарлы өнімдер шығара бастайды. Оның 1,8 миллион тоннасын минералды тыңайтқыштар құрайтын болады. Серіктестік директоры Болат Кәрімов бізді аталмыш жобаны жүзеге асыру бағытында құрылыс жұмыстарының қарқынды жүргізіліп жатқандығынан хабардар етті. Оның айтуынша, осыдан үш жыл бұрын Аралтөбедегі фосфор кенін игеруді бастап, оны Көкжондағы фабрикада өңдеуді қолға алған еншілес серіктестіктер өткен жылы 220,0 мың тонна өнім өндіруге қол жеткізген. Сондай-ақ, «Қазфосфаттың» күшімен 74 369, 94 тонна фосфор ұны әзірленіп, оның 64 373, 80 тоннасы сұранысқа сай өткерілген. Аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің мамандары Жаңатастың химиялық өнімдері Бельгия, Белоруссия, Болгария, Ресей мемлекеттеріне сатылғанын айтады. Биылғы жылдың алғашқы тоқсаны ішінде 66 мың тонна кен өндіріліп, оның 15673 тоннасы фосфор ұнына айналдырылған. Дайын өнімнің 12 358 тоннасы Ресей тұтынушыларына жөнелтіліпті. Өткерілген өнім есебінен жергілікті бюджетке де қомақты қаржы аударылып отыр. Атап айтқанда, «ЕуроХим-Тыңайтқыш» ЖШС-ның бір өзі өткен жылы жергілікті қазынаға 977 086,6 мың теңге және 2016 жылдың бірінші тоқсанында 60 871, 9 мың теңге салық пен төлемдер төлеп, бюджет қоржынының бүйірін біршама толықтырған. Химия кешендерінің құрылыстарын жүргізіп жатқан мердігерлер мен жұмысшы-қызметкерлерден бөлек, фосфор кенін өңдеу фабрикасында бүгінде 450 адам тұрақты жұмыс істеуде. Айта кету керек, «ЕуроХим» компаниясының болашағы әлі алда. Жобаның үшінші кезеңінде Қаратау қаласындағы «Сарытас» химия зауытын да қайта жарақтандыруды көздеуде. Оның құрылысы 2019-2023 жылдары жүргізілмек. Демек, Қаратау аймағындағы фосфор өндірісін дамытудың кешенді жұмыстары жалғаса бермек.

Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ,  «Ақ жол».

Жаңатас қаласы, Сарысу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар