Қазақстан – Ресей: болашақтың тиімді бастаулары

Қазақстан – Ресей: болашақтың тиімді бастаулары
ашық дереккөз
Қазақстан – Ресей: болашақтың тиімді бастаулары

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Санкт-Петербург қаласында ХХ Петербург Халықаралық экономикалық форумына қатысты

cd0e074c9d06c83971dc30eb22d24b67 4813a637d008e8b9e5336533b7141706Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті. Кездесу барысында мемлекеттер басшылары екіжақты ынтымақтастықтың негізгі салалары мен бағыттарын қамтитын, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы интеграциялық үдерістердің дамуына қатысты кең ауқымды мәселелерді талқылады. Бұдан бөлек, әлемдік және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелер мен өзара ынтымақтастықты одан әрі тереңдете түсу перспективалары қарастырылды.

Тарихи шаһарда өткен алқалы жиында әлемдік деңгейдегі көшбасшылар заманның мейлінше маңызды деген мәселелерін, сондай-ақ саяси қатерлерді, әлемдік дағдарыстың экономикалық және әлеуметтік салдарын, әлемдік экономиканы қалпына келтірудегі тұрақсыз сипатты талқылады. Қазақстан Республикасының Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаев Санкт-Петер­бургке атбасын тіреді. Форум аясын­да екі жақты кездесулер өткізіп, Ресей­дің бизнес өкілдерімен сұхбат құрды. Ал кездесуге «Еурохим», «Эфко», «Лу­койл», «Полиметалл», «Еуропа подшип­ник корпорациясы», «Сколково», «Ресей тем­ір жолдары» және «АвтоВаз» сияқты ре­сейлік ірі компаниялардың жетек­шілері қатысты. Кездесу тізгінін ұстаған Ресейдің өнер­кәсіпшілер мен кәсіпкерлер одағы­ның төрағасы Александр Шохин Қазақ­стан Президентіне ресейлік бизнес өкілдерімен кездесуге ықылас танытқаны үшін алғысын білдірді. Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде қазан айында Астанада өңірлік форум өтетінін еске сала отырып, Еуразиялық экономикалық одақ құрылғаннан бергі жетістіктерімізді саралап, күн тәртібіндегі проблемаларды сөз етті және алдағы бірлесіп атқарылатын шаруаларды ақылдасу керектігіне тоқталды. – Бүгінгі күнге дейін Қазақстанда ресейлік бизнестің қатысуымен 6 мың кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Тартымды жобалар да жеткілікті. Болашақтың тиімді бастаулары да бар. 25 миллиард АҚШ доллары шамасында инвестиция тартылған, әрине, оның ішінде басым көпшілігі минералды ресурстардың еншісінде. 7-8 миллиард доллар ғана шағын және орта бизнестің үлесіне тиеді, – дей келіп, Нұрсұлтан Әбішұлы бұл бағытта қыруар жұмыс атқарылуы қажеттігін атап көрсетті. Елбасының айтқанындай, Қазақстанда инвестиция құйып, жемісті еңбек етіп жатқан «Лукойл», «Еурохим», «Русал» сияқты ірі компаниялар бар. Еліміздің оңтүстігінде «Еурохим» фосфор тыңайтқышын өндіретін зауытты іске қосқалы отыр. Өскеменде жеңіл көлік шығаратын «АвтоВаздың» да салмағы басым. Қысқасы, қалыптасқан байланыс­ты одан әрі өрістете түсу керек. – Соңғы екі жылдың басты жетістігі – Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. – Әрине, дағдарыс екі жақты тауар айналымының бәсеңдеуіне өз әсерін тигізді. Дегенмен, бұл одақтың берері мол. Мемлекет басшысы ресейлік бизнес өкілдерін қазіргі дағдарыс жағдайында Қазақстанның инвестициялық тартымдылықты көтеру жолында атқарып жатқан шараларынан жан-жақты хабардар етті. «Біз «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары бағдарламасын қабылдадық. Соған сәйкес тиісті заң жобаларын қабылдадық. Биыл жаңа жылдан бастап соны жүзеге асыруға кірістік. Бұл Қазақстанды ең дамыған мемлекеттердің қатарына қосуға көмектеседі, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Сондай-ақ, Н.Назарбаев металлургия, мұнай химиясы, машина жасау, құрылыс материалдары және агроөнеркәсіп кешені салалары біздің жұмысымыздың басым бағыттары болып табылатынына екпін түсірді. Осы бағыттарда жұмыс істейтін инвесторларға жеңілдік жасалатынын, олар 10 жылға дейін корпоративтік табыс салығынан, жер салығынан, 8 жылға дейін мүлік салығынан босатылатынын айтты. Мемлекеттің әкімшілік кедергілерді жоюға мүдделілік танытып отырғанына, соңғы кезде құжаттарды ресімдеу электронды үкімет арқылы жүзеге асырыла бастағанына тоқталды. «Халықаралық сарапшылар да Қазақстандағы фискалдық саясатты әлемдегі ең озығы ретінде мойындайды. Либералдық салық режімі инвесторлар үшін аса тиімді. Бизнеске тиімді салықтық жеңілдік жағынан Қазақстан Бүкіләлемдік банктің рейтінгісінде 118 мемлекеттің ішінде 18-орында тұр», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. – «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік дәлізінің құрылысы да бітуге таяу. Бұл жолдың 2800 шақырымы Қазақстан арқылы өтеді. Біз оның құрылысын келесі жылы толық аяқтаймыз. 2019 жылға дейін ұзындығы 8000 шақырымнан асатын 17 автожол жобасы қарастырылып отыр. «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік дәлізін біз Ресейдің шекарасына дейін жеткіздік. Енді оны Орынборға жалғау керек, сосын әрі қарай кете береді. Мұны Азия даму банкі қаржыландыруға ықылас танытып отыр. Ресей жағының бұл мәселені қарастыруын қалаған болар едім. Сонда бұл Еуропа мен Азияны жалғайтын толыққанды стратегиялық маңызы бар көлік дәлізі болып шығады, – деді Елбасы. Сөзінің соңында Нұрсұлтан Әбіш­ұлы ресейлік бизнес өкілдерін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қатысуға ша­қы­рып, «Болашақтың энергиясы» бар­лық өзекті мәселелерді қамтитынын, қуат көздерін тиімді пайдалануға ұйытқы болатынын жеткізді. Ресейлік компа­ния­лардың қол жеткізген жетістіктерін халық­аралық көрмеден көруге ынталы еке­нін де білдірді. Көрме аяқталысымен, оның орнында «Астана» халықаралық қар­жы орталығы өз қызметіне кірісетінін де тілге тиек етті. Ресей бизнес өкілдерінің қатарынан алғашқы болып сөз алған «Лукойл» ком­па­ниясының президенті Вагит Алекперов компания өз қызметін 40 шақты елде жүргізетіндігін айта келіп, әйтсе де, Қазақ­станды стратегиялық дамуы жағы­нан алдыңғы қатарға қоятындығын атап өтті. Ал «Сколково» қорының төраға­сы Виктор Вексельберг өз сөзінде инно­ва­циялық жобаларға да ерекше мән беру керектігіне тоқталды. Бұл бағыт­та өздерінің белгілі бір табыстарға қол жет­кіз­генінен, жобалар аясында бүгінде 1,5 мыңға жуық компания жұмыс істеп жатқанынан хабардар етті. 18 мыңға жуық инновациялық жұмыс ор­ны ашылғанын да көлденең тартты. Соңғы кезде Қазақстан жағымен бірле­сіп, инновациялық жобаларға байқау жария­лағанын, оған деген қызығушылық арта түскенін жеткізді. Өтініштердің дені алдыңғы қатарлы технологиялық ше­шімдерге жауап беретіндігі де назардан тыс қалған жоқ. – Бұл инновациялық сектордағы Қазақстанның әлеуеті жоға­ры екендігін көрсетеді, біз осы ынтымақ­тастықты одан әрі дамытқымыз келеді. Ал­дағы уақытта жобадан нақты іске көше­міз деген сенімдемін, – деді В.Век­сельберг. Сөзінің соңында «Сколково» қорының төрағасы өздерінің Астанада келесі жылы өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көр­месіне қатысатындарын, инновациялық жобаларды апаратындарын, сондай-ақ өз компаниясының серіктестерін де соған шақыратынын жеткізді. Ал «Еуропа подшипник корпорациясы» ашық акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Александр Москаленко корпорация ТМД аумағының 70 пайызын темір жол вагондарының подши­пник­терімен қамтамасыз етіп отырғанын айта келіп, ААҚ-тың қызметі Қазақстанда да сәт­ті жүзеге асырылып жатқанын жеткіз­ді. Қазақстан Республикасының Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуге Ресей бизнесінің алпауыттары түгел дер­лік жиналғандай. Ұзын-cаны ірі-ірі 50 ком­панияның басшысы келді. Елба­сының мазмұнды әңгімесінен толық­қанды ақпаратқа қаныққан кәсіпкерлер Қазақстан жағының оң өзгерістеріне көз жеткізді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, сондай-ақ Гвинея Республи­ка­сы­ның Президенті Альфа Кондемен кездесті.

Ұқсас жаңалықтар