Тараздың төңірегі тұнған тарих

Тараздың төңірегі тұнған тарих
ашық дереккөз
Тараздың төңірегі тұнған тарих

Әлемдік тәжірибеде табыс көзі жағынан туризм мұнай мен газдан кейінгі орынды иемденеді. Өңір үшін де табыс көзі саналатындығы сондықтан. Шындығында бүгінгі таңда дамыған мемлекеттердің дені туризмнің арқасында өсіп-өркендеп келе жатқаны шындық. Елбасының өткен жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауы мен Ұлт жоспарында елімізде туризм инфрақұрылымын дамыту, бәсекеге қабілетті туристік индустрия құру міндетін қойғаны баршамызға аян. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Ұлт жоспарының басым бағыттарының орындалу барысы туралы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен брифинг өткізгенде облыстың туристік әлеуетін көтеру мақсатында қолға алынған шараларға кеңінен тоқталған еді. 13410392_173+1152830499785_1248120370_o 13324183_1731152733833128_1642047343_oОблыс басшысының бастамасымен, облыстық кәсіпкерлер палатасының ұйытқы болуымен Жібек жолы бойына орналасқан Тараз қаласы мен аудандарда көптеген таңғажайып нысандар, тарихи, мәдени ескерткіштер мен көркем тау шатқалдарын, жалпы табиғат әлемін көзімен көріп, туризм саласының бүгінгі тынысын зерделейтін ақпараттық топ құрылып, жолға шықты. Байзақ ауданынан жасақталған топтың құрамын аудан әкімі М.Шүкеев өзі бастап жүрді. Турсапар аудан аумағында орналасқан Ботамойнақ ауылдық округіне қарасты Қостөбе қалашығынан бастау алды. – 2017 жылы елімізде өтетін «ЭКСПО» көрмесіне келген туристерді қабылдайтын үш облыстың бірі – Жамбыл облысы. Облысқа қарасты Байзақ өңірінде Темірбек ауылдық округіне қарасты Оххум, Түймекент, Тараз қаласынан 1,5 шақырым жерде орын тепкен төменгі Барысхан секілді қойнауы құпияға толы қалашықтар қатарына Қостөбе қалашығын да жатқызуға болады. Аудан аумағындағы бұл нысан «ЮНЕСКО»-ның дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілген. VІ-ХІІ ғасырлардағы көне қалаға алғаш рет А.Н.Бернштам, кейіннен К.М.Байпақов бастаған Қазақ КСР ҒА Тарих, археология және этнография институтының Тараз археологиялық экспедициясы қазба жұмыстарын жүргізгені белгілі. Қостөбе VІ ғасырда қоныс аударған соғдылықтар негізін қалаған Жамукат қаласының орны деген болжам бар. Қазба жұмыстары кезінде керамика ыдыстар, сүйектен жасалған бұйымдар табылған, – деді облыс бойынша туристік индустрияны дамыту ассоциациясының басшысы, «Сабтур» ЖШС-ның директоры Искендір Торбеков. Бұдан соң топ Тараз қаласына бет алды. Алдымен «Тектұрмас» кесенесіне, одан соң «Көне Тараз» музейі, «Қарахан» кесенесі, Дәуітбек (Шамансұр) кесенесі, «Қали Жүніс моншасы», облыстық тарихи-өлкетану музейі, Қазақ хандығының 550 жылдығы құрметіне бой көтерген монумент пен «Тараз-Арена» спорт кешенінде болып, шаһардың тарихымен тереңірек танысты. Әсіресе, Тараз қаласының орталығында орналасқан ХІ-ХІІ ғасырларда салынған Қарахан кесенесі алыстан көз тартады. Қараханидтер әулетінің көрнекті тұлғасының бірі – Шах Махмуд Қараханға арналып салынған кесененің кіреберіс маңдайшасы «Алладан басқа Құдай жоқ, Мұхаммед Оның елшісі» деген Құран сөздерімен өрнектелген екен. Әлемнің жеті кереметінің бірі саналатын «Ақыртас» ежелгі қалашығына түс ауа жеткен топ мүшелері сырын ішіне бүккен кешеннің құпиясына терең бойлап, әрбір тасты қолымен ұстап көрді. Көлемді төрт бөліктен тұратын «Ақыртас» сарай кешенін «Шеберлер ауылы», «Хан ордасы», «Құмтас кешені» және «Ақыртас ғимараты» бөліктерінен тұратын, VІІІ-ХІІ ғасырларда салынған тылсымға толы нысан, өткен ғасырлардан сыр шертеді. Сапардың екінші күні Шу ауданындағы Балуан Шолақ ескерткішіне тағзым етуден басталды. «Қорғаншы» мен «Баласағұн» қалашығына атбасын тіреген байзақтықтар Ұлы Жiбек жолының тарихы да Баласағұн қаласымен тiкелей байланысты екенін сезінді. Гид-экскурсовод Торбековтің айтуынша, Баласағұн қаласы ұзақ жылдар бойы қараханидтер империясы батыс бөлігінің астанасы ретінде, Еуразия құрлығының аумағындағы аса ірі мәдени, ғылыми, рухани орталық болған. Шаһарда Жүсіп Баласағұн, Махмуд Қашқари, тағы басқа көрнекті тұлғалар өмір сүріп, қызмет етіпті. Осы жерде Жүсіп Баласағұнидің «Құдатғу Білік» (даналық сөзі) атты аса құнды еңбегі жазылған. Баласағұн қаласынан археологтар 500 данадан астам мыс теңгелер көмбесін тапқан екен. Қордай–Жамбыл облысының шығыс бөлігінде, Шу өзенінің солтүстік жағалауында орналасқан аудан. Жері негізінен таулы болып келетін аудан жерімен Шу өзенінің оң саласы саналатын Ырғайты, Қалғұты, Қарақоңыз, Қақпатас (Қақпақтас), Кіндіктас пен Жетіжолдан бастау алатын Жаманты, Иірсу, Өзынсу секілді бірнеше кішігірім өзендер ағады. Табиғаты сұлу да көркем Қордай жеріндегі Кенесары бабамыздың белгітасына тағзым еткен соң топ мүшелері ауданның көрікті жерлерін аралап, үшінші күні Жуалы ауданына бет алды. «Жерің семіз, қарың мол, қадіріңді егін салған ел білер» деп баға берген екен Жуалы өңіріне келгенде Асан қайғы бабамыз. Жасыл шалғынға оранған көрікті де әсем өлкеде халқымыздың даңқты батыры Бауыржан Момышұлының кіндік қаны тамған. Батыр мұражайында болған байзақтықтар елінің бостандығы мен болашақ ұрпақтың жарқын болашағы үшін жауына оқ болып атылған Бауыржанның тағылымды өмір жолы мен әскери қызметі, ерлік жолдарымен танысты. Бұдан кейін «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасы, «Көксай», «Берікқара» шатқалдарында болды. Берікқара – республикалық маңызы бар кешенді мемлекеттік табиғи қорық. Аумағы 17,5 мың гектар жерді алып жатыр. Қаратаудың Билікөл маңындағы өсімдіктер мен жануарлардың реликт және эндемик түрлері көп кездесетін өңірде орналасқан. Қорықшада сирек кездесетін «Семенов» үйеңкісі, «Сиверс» алмасы, «согдиана» шағаны, «берікқара» терегі, «сарғалдақ», жалпы мұнда өсетін өсімдіктің 51 түрі қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізіліпті. Осында орын тепкен «Тау самалы» туристік орталығының директоры М. Тлебаев туризмді дамыту бағытында қолға алған тірліктерімен бөлісті. Әр жерін басып қалсаң «сөйлеп» кететін Талас ауданының аумағындағы «Тамды» қалашығында, Қаратау қаласындағы этномузейде болған топ мүшелері ән мен күйдің сазына бөленді.

Гүлшаһар Әбдіқұлова, журналист.

Байзақ ауданы.

Ұқсас жаңалықтар