Өсектің өлетін күні бар ма екен?

Өсектің өлетін күні бар ма екен?
ашық дереккөз
Өсектің өлетін күні бар ма екен?

00000000000000Қали Сәрсенбай.

Қолына қалам ұстап, өзін осы рахаты мен азабы қатар жүретін жолға толайым арнаған адамның мұраты – ұлттың уайымын жеу, соның сөзін сөйлеу, мұңын мұңдау, қысқасы, қал-қадірінше елге қызмет ету болса керек. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Президенті сыйлығының лауреаты, белгілі қаламгер Қали Сәрсенбайдың «Шал мен шындық» атты төрт бөлімнен тұратын жаңа кітабына да осы ой жосығы негіз болып, Тәуелсіздіктің елең-алаң күндерінде және соңғы жылдарда жазылған ой-толғаныстары, көзқарастары, сұхбаттары, тұлғалы азаматтар туралы эсселері топтастырылған. «Ой да, сөз де бейнебір сиқыр тәрізді. Келіп, кетіп жүреді. Кейде ұстайсың, кейде ұзақ уақыт жалынан сипатпай кетеді. Жұрттың бәрі «ұшып бара жатқан сөзді ұстап алатын» (М.Қаратаев) Әлімбаев емес, әрине. Дейтұрғанмен де, оңашадағы ойлардың қағазға түскен мына нұсқасы да ұзақ жылдар бойғы ой кешулердің бірде арық, бірде семіз шыққан түрі», – дейді қаламгер Қали Сәрсенбай. Оқыңыз, оқи отырып ойланыңыз, ағайын!

Шал мен шындық

Қазақ елі тәуелсіздік алған күннен басталған саяси кеңістіктегі тартыстарды он шақты вагонға тиесеңіз, оны тұтас составтар да тарта алмай, салмағынан қара жер қайысар еді. Сол тартыстардың бәрін жүрегіне жиып, қайыспай жүрген бір қарапайым адам бар. Бұл кісіде атақ та жоқ, байлық та жоқ. Бұл кісіде өзгеде жоқ намыс бар. Кейбіреулердің ойы да, көзқарасы да өзгеріп тұрады, тіпті, керек болса намыстың өзін кейде аяқасты ететін жағдайы болады. Ал, бұл кісі өзгермейді. Сол көзқарас, сол намыс. Қазақтың қалақтай ғана қара шалы қара нардың жұмысын жасап жүр. Әуелде ұлтшыл болғысы-ақ келіп, бүгінде шатаса бастаған кейбір шалдарымызға осы кісі үлгі. Жастарды жазғырғыш кейбір шалдар өз қатарынан үлгі алса деп ойлайсың кейде. Бұл кісіні шал деуге аузың бармайды. Себебі, оның істегенін отыздағы жігіттер әлі істеген жоқ. Денсаулығы да, тұрмыс-тіршілігі де алағай-бұлағай азаматқа ақиқат жолындағы күресу дегеннің қандай болатынын санаңызға сыйдырып, көз алдыңызға елестете аласыз ба? Кейбіреулер газет шығарып, ұлт намысын жыртқан болып, ірі сөйлей алмай, өсектің өртін қаулатып, тек біреулерден өш алу үшін ғана кіжініп, күшеніп сөйлеп жатқанда бұл кісі де «Казахстанская правда» газетін шығарды. Әлі де шығып келеді. Өз қаржысына, өз қалтасына. Денсаулығына қимаған ақшаны газетке қиды. Газет болғанда қандай газет! Қанша рет сот пен оттың ортасына түссе де газеті шығып келеді. Ол ұлт намысын әлдекімдердей жеңіл сөзбен, тайыз біліммен, біреудің ыңғайына жығылумен емес, өзінің үлкен сөзімен, терең білімімен, биік мәдениетімен көрінгенге жалтақтамай, турашылдығымен қорғап келеді. Адам таңқалатын жағдай. Кейде қаптаған қызметкері бар кейбір басылымдар айта алмаған сөзді осы кісі айтады және қалай айтады! Мынадай бір сөзді айтсақ, қазір ештеңеге де таңқалуға болмайды ғой, дерсіз. Ұлт намысы үшін өз кеңістігінде жалғыз күресіп келе жатқан, жетпістің қыр желкесіне шыққан ақиқаттың Алданына жұрттың бәрі (10 мың адам) алып жатқан бір медаль да бұйырмапты. Тәуелсіздікке әркім әрқалай үлес қосады, ал, Әйімбетовтің жөні бөлек еді ғой. Алдан Әйімбетов ақсақал кеше бізде қонақта болды. Біз іздеп баруымыз керек еді, сол баяғы қарапайымдылығына салып, газеттің «...Алаш» атын сыйлап, өзі келді. Көп әңгіме айтты. Көрге түспепті, басқасының бәрін көріпті, көріпті емес, көрсетіппіз... Көше бойымен көптің бірі болып, шынашақтай ғана бір шал кетіп барады. Шындық кетіп барады. Қай жерге дейін барар екен...

Жақсы сөз айтуға, жақсы сөйлеуге неге сараңбыз?

Бір министрліктің үлкен шенеунігі телеарнадан қазақша сөйлеп тұр. Сөйлеп тұр деген аты, ежіктейді, міңгірлейді. Міңгірлеп тұрып-ақ қазақ тіліне тас лақтырып жіберді. Сөзінен ұққаным, қазақ тілінде таза сөйлейтін, жаза алатын кадр жөнінде. Әлгінің сөзі: «Қазақ тілінде жақсы сөйлейтін, жазатын адамды табу өте қиын». Көрдіңіз бе, қиын демейді, мыңқылдап тұрса да «өте қиын» деп қазақ тілін одан сайын тұқыртып кетті. Надандығында шек жоқ қой. Өз бойындағы мінді өзгеден де көргісі келеді. Қытайша, ағылшынша жақсы сөйлейтін адамды табу өте қиын десе, әлгіні түсінуге болады. Өз елінде, өз жерінде талтайып тұрып «қазақ тілінде сөйлейтін адамды табу өте қиын» деуі еш санаға сыймайды ғой. Неге қиын? Түк те қиын емес. Қазір біреу біліп, біреу білмес, қазақ тілінде, керек болса, орыс тілінде де өте сауатты, тілдің дәмін алып, шешен сөйлейтін қазақ жастары өсіп келеді. Кейінгі кезде бір байқағаным, мәселен «Халық банкінде», басқа да коммерциялық құрылымдарда істейтін қазақ тіліне өте жетік қазақ қыздары мен жігіттерін көп кездестірдім. Өз тілінде тұнық сөйлейтін адам соғұрлым сыпайы, соғұрлым мәдениетті де болады. Қай ортада болсын биік, бекзат көрінеді. Өз тілінде сөйлейтін, өз тілін білетін адам – сұлу адам, мейірбан адам. Әлгі мен көрген қазақ жастарының бәрі сондай. Міне, осындай жастардың билік дәліздеріне барғанынан әлгі шенеуніктер өлердей қорқатын болса керек. Содан да болар әлгі тәрізділер қиындықты қолдан жасап «өте қиын» деп сөйлеуден жағы талмайды. Ниет дұрыс емес қой. Қараңызшы, өз тілінде тұнық сөйлейтін өзі де, сөзі де, көзі де әдемі өрімдей жастар өз ұлтына ғана емес, басқаға да сондай жанашырлықпен, биік мәдениетпен қызмет етіп жүр. Ал, әлгі сөзі де, көзі де, өзі де жаман биікке шыққан шенеунік төменге қайдан көз салсын. Жақсы сөз айтуға, жақсы сөйлеуге неге сараңбыз?

Затаевичті құрметтеуіміз керек

бірақ, ол «қазақ әнінің әкесі» емес қой

«Қазақ халқының 1000 әні». Тамаша этнограф, жиһангез Александр Викторұлы Затаевич осындай рухани ерлік жасаған адам. «Қазақ даласы ән салып тұрғандай» дейтін Р.Роллан Затаевичтің бұл еңбегіне «музыкалық ерлік, адамның жан-дүние қуаттылығының белгісі, бұл еңбекті ұмытуға болмайды» деген баға берді. Қазақ – мал тапқыш, өнер тудырғыш халық. Бірақ, малын да, өнерін де түгендей бермейді. Осынау өлшеусіз дүниемізді өзімізге шашау шығармай жинап берген бұл кісінің еңбегін әсте ұмытуға болмайды. Қазақтың нанын адал жеген Брусиловский, Ерзаковичтерді де ұмытуға болмайды. А.Затаевичке Е.Өмірзақтармен бірге «Қазақстанның халық әртісі» деген атақ берілді. Демек, Затаевичті тұңғыш халық әртісінің бірі деуге болады. Ал, Людмила Варшавскаяның «Қазақстанда Затаевичті «Қазақ әнінің әкесі» деп атайды («Известия-Казахстан», 25.12.04ж.) деуін журналистің ой-сезімге көбірек ерік беруінен кеткен қателік деп түсінген дұрыс болар.

Ұлылықтың бетін жуатын жан бар ма?

Қазақстанда керегі, керексізі бар ескерткіш көп. Қазақ барда онымен бірге жасай беретін тұлғалар, оларға құрмет ретінде орнатылған мызғымас ескерткіштер және бар. Бірақ, құрмет деген сөзді біз кейде қалтамызға салып аламыз, немесе құлыптап, сейфте ұстаймыз. Мынау – Алматыдағы жас та, жасамыс та айнымай танитын (таныса, әрине) Абай атамыздың ескерткіші. Тірісінде кеудесін ешкімге бастырмаған, төбесінен құс ұшырмаған атамыздың басына қазір көрінген «саңғытып» кететін болды. Өреміз жете ме, жетпей ме, өркениет деген сөзді қазір жиі айтамыз. Сол өркениеттіліктің бір белгісі – ескерткіштер. Елінің кейбір есер тірлігіне тура тірісіндегідей күйініп қарап тұрған Абайдың ескерткішінің шаңын сүртіп тұратын, ұлылықтың бетін жуатын адам бар ма, Қазақстанда? Осы мәселемен айналысатын мекеме бар ма, өзі? Абайдың күйі мынау болғанда, басқаға не жорық?

* * * Ілияс Омаров Темірбек Жүргеновтің портретін қайда барса да алып жүреді екен. Қазақтың мәдениеті үшін жанын салып жұмыс істеген адам, сол үшін денсаулығын берген адам «қазақ өнері мен мәдениетіне Жүргеновтей жұмыс істеген жоқпыз» деп кетіпті. Ал, Өзбекәлі Жәнібеков ше? Бұл кісі де – өмірі өз-өзіне қанағаттанбай жұмыс істеген адам. Өмірінің соңғы жылдары көбірек сұхбаттастық. Сондайда қазақтың талай талантты азаматтарына қолұшын бере алмағанына өкініш білдіріп отыратын. Өмірі тұтқында өткен қазақтың тұңғыш кәсіби скрипкашысы Әйткеш Толғанбаевтың тағдыры туралы тұңғыш рет осы кісіден естіп білдім. Сол кісінің өмірі туралы қызметте жүргенде мүлдем білмегенін өкініп айтты. Сол тәрізді атақты тенор Аманкелді Сембинді де жоғалтып алғанымыз және басқалар туралы тебіренгенде жанында шыдап отыра алмас едің. Қанша бұлақтың көзін ашып, қаншама адамға өмірімен өнеге болған Өзекеңдердің осынау өкінішіне қалай қайран қалмайсың. Қазір не көп министр көп, әкім көп. Біз кейде қызыл тілге ерік бергенде солардың еңбегі мен ісіне қарамай қайраткер деп жатамыз. Ал, шын мәніндегі қайраткер кім, қызметкер кім? Осы екеуінің арасын қазіргі қоғамда жақтан басты айырғандай етіп алуға өре жетіңкіремей тұр.

* * * Кейбір тұлғалар туралы жаза қалсаң ұлт мүддесі, мұраты туралы үлкен сөз қатар жүреді. Мұндайда қаламың да қиналмайды, жүрдек келеді. Ал кейбір тұлға деп жүргендер жөнінде айтуға сөз таба алмай ит боласың.

* * * Біздің қоғамда жақсылардың атын атай бермейтін бір иттік бар.

* * * Өзінің ана тілін білмейтін, білейін деп талпынбайтын адамды сыйлаудың қажеті жоқ. Себебі, өз анасын құрметтемеген өзгені де құрметтеп жарытпайды.

* * * Дүниені сұмдық көңілсіздік басқан кезде көңілденіп кететін адамдар болады.

* * * Ешқандай мерейтойларға қарамай-ақ Шәмшіге, Шәмшілерге оралып отыру керек. Себебін айтуға талаптанып көрейін: Қоғамда нағыз таланттар тумай жатқанда немесе олар қоғамнан шеттетілгенде (себебі, талантты адам қоғамға қарсы сөз айтпай тұрмайды) орташа таланттар үстемдік ете бастайды. Бұларды әр нәрседен тиіп-қашты хабары бар дилетанттар десе де болады. Сондықтан талантты танитын талантты ұрпақты, буынды тәрбиелеу керек. Ол үшін мерейтойларын күтіп отырмай-ақ Шәмші, Нұрғиса тәрізді тұлғаларға дүркін-дүркін оралып отыру керек. Бұлар жылы ағыс тәрізді. Талантты ұрпақты тәрбиелеудің жолы осы. Халтурамен, өзі әнші, өзі композитор, өзі ақын, т.б. күресудің жолы осы ғана.

* * * Ол қазіргі кейбіреулер құсап той әншісі деңгейіне дейін түспеді. Ол биік, зәулім концерттік сарайларда шырқады. Ол соған ғана лайық еді. Қазір кішкентай ғана даусы барлар «жұлдыз» атанып, концерт залдарының шаңын шығарып, төбеңді тесіп жібере жаздайды. Ал ол болса соншалықты Құдай берген зор даусымен де шалқақтамай жер басып жүрді. Ал бүгінгі менің он айлығым тұратын бағамен тойларда ән салатындарға берсінші сол дауысты, не істер екен?!. Рас, ол дүниеге сыймай кетті. Ол енді басқа әңгіме...

* * * Орыстың Надежда Кадышева деген әншісі «Широка река» деген әнді айтады. Шалқар, байтақ ән. Әннің табиғаты, болмысы керемет! Әншісі, орындаушысы қандай десеңші! Зыкина, Толкунова үрдісіндегі әнші. Осы ән айтылғанда ансамбль мүшелерінің бәрі жұтынып, жұлқынып кетеді. Олар түгілі тыңдап отырған сіздің өзіңіз шыдай алмайсыз. Әннің соншалықты сыры, кереметтігі неде? Онда орыс рухы тұнып тұр. Орыс даласы, өзен-көлі, орман-тоғайы көрінеді, осының бәрі сенікі дейді. Бұдан кейін орыс қалай рухтанбайды? Қазақта рухы, болмысы биік осындай шырқап салар, клипке сұранып тұрған ән жоқ па?.. Осыған орайлас бір ой. Бір жолы Өзбекстаннан қандастарымыз келіп, бір мейрамханаға бара қалайық. Түс әлетінде барғанбыз, едәуір уақыт отырдық. Кеткенімізше теледидары тек қана Ресей телеарнасын көрсетті. Әрине, Ресейде отырсақ, сөз жоқ. Мейрамхананың қожайыны орыс ағайын екен. Әлгіге біреуміз де ауыз аша алмадық. Өзін сондай еркін сезінеді. Бәрі де орысша болу керек деп ойлайды. Өзі отын оттап, суын ішіп, ауасын жұтып, күнін көріп отырған елдің азаматтарына титімдей құрмет көрсету ойына кіріп те шықпайды. Қазақтар бір-бірімізбен үн-түнсіз қоштастық.

* * * Газет жасау – өнер. Өнер тазадан, тектіден туады. Ешкімнің жер-жебіріне жетпей-ақ та газет шығаруға болатынына көзіміз жетіп келеді.

* * * Біреулер дембіл-дембіл, аракідік кеш өткізуге құмар. Өйткені, ел есінен шығып қаламын деп қорқады. Ал кейбір азаматтар мұндай дырдуға құмар емес. Себебі, олар қазақ аман болса ұмытылмайтынын, зердеде сақталатынын біледі. Содан кейін де бұл мәселеге бас қатырып, арамтер болмайды.

* * * Өмірінде біреуді жақсы көрмей өтетін адамдар болады. Жақсы көру сезімі дамымай қалған адамдар бар.

* * * Құдіретті өнер таңқалдырмайтын, селт еткізбейтін болып бара жатыр. Бұл жақсылық емес.

* * * Елге барса алдымен әкесіне емес, әкімге сәлем беретіндер бар.

* * * Халқына сүйкімді адамның өз отбасына, туыстарына сүйкімсіз болатын кезі де аз емес.

* * * Маған Сорбонн университетінің «Что не дал Бог, Сорбонна не даст» деген ұраны ұнайды. Тәңірінің бермегенін тартып аламын деушілер «билеп» тұр қазір...

* * * Танымал болсаң – досың, даңқты болсаң – жауың көбейетіні несі екен?.. Бұл мәселеде ұлтжанды қазақтар сорлап жүр...

* * * Батыстан шыққан қанқұйлы, қаскөй таланттар – Наполеон, Гитлер де Шығысқа жете алмады. Осында бір керемет сыр бар-ау.

* * * Адамның ыстығы 42 градусқа жеткенде өліп кетуі мүмкін. Көкте ұшып жүрген құс үшін бұл қалыпты жағдай. Сонда кісіден құс құдіретті болғаны ма?..

* * * «Жер сатылсын, қазақ тілі мемлекеттік тіл болмасын, төлқұжаттан ұлт деген графа алынып тасталсын» деп кезінде республикалық басылымда Президенттің атына үндеу жариялаған көп кәсіпкердің бірі, өзінің, әйелінің, баласының атын қазақша жаза алмайтын кешегі саудагер бүгін саясаткер болғысы келеді. Сірә, жұртты ақымақ көреді, қазақты ұмытшақ деп ойлайтын болуы керек.

* * * Өсектің өлетін күні бар ма екен?!

* * * Алматыда Мейірімге ескерткіш орнату керек.

* * * Мәселе мақұлмен шешілмейді, ақылмен шешіледі.

* * * «Әнебір қарындастың кіндігін қарашы, оқ тесіп кеткен тәрізді». Марқұм Серік Әбдірайымұлының осындай айтқыштығы бар еді.

* * * Ілияс Омаров Мәдениет министрі болғанда әріптестері «ол экономикаға керек адам еді, неге бұлай болды?» десе керек. Сонда Ілекеңнің айтқаны: – Бұған өзім кінәлімін. Қонаевқа мәдениет саласының жұмысын жақсарту мен реформалау жайында жиі ұсыныс жасаған едім. Шіркін, қазіргі экономист басшылардың мұрнына ұлт мәдениетінің исі барар ма екен?! Бұрынғының кадрының қадірі бар еді. Өйткені жан-жақты еді. Әттең заманы басқа болды.

* * * Сымбатты өнер салтанат құрмаған жерде мағыналы тірлік жоқ. Өнердің түбіне өлермендік жетеді. Бұған дәлел қазіргі рухани дүние сиқы. Тексіздік, талғамсыздық, талантсыздық, т.т.

* * * Қазір ешкімді қабылдамайтын, ешкіммен сөйлеспейтін, ешқандай мәселе шешпейтін, тым уәдешіл шенеуніктер тобы қалыптасып келеді. Бұл – аса қауіпті құбылыс.

* * * Шындықты жазған басылымның қашанда жүзі жарқын ғой, шіркін...

* * * Дүниеде құстан асқан әнші жоқ. Кісінікі содан қалыспау, еліктеу ғана ғой... Орыста құстың арқасында опера жазып, аты шыққан композиторлар бар.

* * * Қазір комедия кезеңі де жүріп жатыр. Бірақ, күлуге болмайды.

* * * Нағыз рушыл, жершіл адамның өзі сол туралы көп айта беретін адамның өзі болса керек.

* * * Ішінен өз пайдасын ойлап тұрып, «халқым, халқым» дегендерден қорқу керек қой. Сірә, қазіргі кесір қоғамның кері кеткен адымын алға бастырмай жатқандар да солар болса керек. Бізге осындай адамдардың, әсіресе, шенеуніктердің психологиясын зерттейтін бір ізгілік (мораль) институты керек-ақ.

* * * Қазақта ғажап күйлер мен әндер көп-ақ. Ал «Қоңырдың» жөні бөлек. Ұлт мінезі мен парасатына, өмір пәлсапасына, бұл тірліктің баянды, баянсыздығына, қысқасы, осы бір күйден адам жан дүниесінің бар сауалына жауап аласың. Соны шығарған адамға ескерткіш қою керек қой.

* * * Біздің қазақ айтыс айтпай, көкпар тартпай намысын қамшылай алмайды. Сондай жақсы күндер көп болса екен, ортаймаса екен дейсің.

* * * Адам театрға не үшін барады? Сірә, адам бола түсу үшін баратын шығар.

* * * Жоғарыда көр қазылып жатыр, етекте біреуді тағы да сол көрге түсіретін өсек қызып жатыр.

* * * Кісіге кішкентай сөзді де қимайтын заманға кез келіп тұрмыз.

* * * Адамды адам жейді екен...

* * * Жер сілкіне береді. Адам қолымен жасалған ұяттардан (Т.Айбергенов) қара жер де қайысып тұр-ау. Қашанғы шыдасын.

* * * Саясатта мемлекеттік мүдде басым болса, өнерде ұлттық мүдде басым болуы керек қой.

* * * Бір ағамыз «басымның жартысы ауыра береді» деп мұң шағыпты белгілі бір інісіне. «Сізге енді жарты бас та жетеді ғой» депті інісі.

* * * Бір жас жазушы бір үлкен жазушыны пір тұтатынын айтып қоймайды. Жиі айта берген соң, сөзі де сұйылып, нанымсыз шығады екен. Ертеректе Қадыр Мырза Әлимен бір сұхбатта тілшінің «Сыйынатын, пір тұтатын жазушыңыз бар ма?» деген сауалына Қадағаңның: «Сыйлайтын жазушым көп, сыйынатын жазушым жоқ», – деген сөзі есіме сап ете түсті.

* * * Ұлы жазушы әрі саяси қайраткер Гетеге біреу ақылсынып: «Заңды оқып-үйрену – алтын уақытыңды жоғалту ғой», – депті. – Бар заңды оқып-үйренемін деп жүрген адамға, оны бұзуға уақыты да қалмайды ғой, – дейді Гете. Бәрінен де біздің заң білгірлерінің сол заңды бұзуға да уақыт табатынын айтсайшы, шіркін!

* * * ...Қайсыбір жылы «Ертөстік» балалар хоры шет елдің бірінде болғанда, өңшең қарадомалақ сол әнді («Менің Қазақстаным») бозторғайдай шырылдап айтқанда, тіпті, шетелдіктер де жылап тұрды деседі. Жырақта жүрген мыңдаған қазақ атажұртты аңсағанда, бір үйге жиналып алып, сол әнді айтады деседі. Оларды атажұртқа алып келген де сол ән көрінеді. Күні кеше Тәжікстаннан қайтқан сарбаздар туған елге сол әнді айтып қайтты. Иранда өмірі өткен қазақтың бір етікші шалы жұмысын сол әнмен бастап, сол әнмен аяқтап, сақалынан жас сорғалайды деседі. Сол ән қазақты ұстап тұрған секілді.

Ұқсас жаңалықтар