Той жасағанның жөні осы ма?

Той жасағанның  жөні осы ма?
ашық дереккөз
Той жасағанның жөні осы ма?

w6KVRx8++mumYБұл күнде той мәселесі басылымдарда жиі жазылып жүр. Сол кісілердің пікірін қолдай отырып, осы тақырыпта ой қозғамақпын. Той дегеніміз – мәдениет. Кемі жүздеген адамға дастархан жайған осындай жиындардан біздің болмысымыз, жауапкершілігіміз, өзгеге құрметіміз көрінеді. Бірақ, бұл орайда жауапкершіліктен гөрі жауапсыздық, мәдениеттен гөрі мәдениетсіздік көбірек көрініс табатыны қынжылтады. Ең бірінші жауапсыздық – тойға кешігіп келетініміз. Қонақтар кешігіп келген соң, ол сауық кеш басталады. Асығыстық орын алады. Кешігіп аяқталып, ертеңгі жұмысқа кесірін тигізеді. Адамдардың есіл уақыты ысырап болады. Екінші айтарым – тойдың дұрыс ұйымдастырылуы. Той өткізетін әр кісі сол думан-сауықты ұйымдастырудың жөнін білетін адамдармен, жасы үлкен ағайын-туыспен ақылдасуды мақұл көрмейтіндей. «Келісіп пішкен тон келте болмайды» дегенді ескерсек, тойдың ішкі қызығы күшейе түсер еді. Асабаны дұрыс таңдау да ең басты мәселе. Даяшылардың мәдениеті – өз алдына бөлек тақырып. Ыдысты адамның басынан асырып әкелу, кісінің үстіне сорпа төгіп алу секілді олқылықтар жиі орын алады. Даяшы жап-жас қыздардың тойда арақ құйып жүргені де ерсі. Онсыз да тойда жалаңаштық белең алып барады. Жалаңаш қыз стриптиз билейді. Тағы бір ұсынысым өнерпаздар мен асабалар белгілі бір орталыққа тіркеуден өтуі қажет секілді. Мүмкін, той өткізу жөнінде өңірлік кеңес құрылар ма екен? Ол кеңес құрамына беделді саяси партиялардан, ішкі саясат бөлімінен, мәдениет саласынан, ардагерлер кеңесінен, жастар ресурстық орталығынан өкілдер енгізілсе жөн болар еді. Себебі, бір кісілер тойды өмір бойы аңсап күтеді. Ұзақ жыл күткен қызық қуанышын ойдағыдай өткізгісі келеді. Тіпті, сондай пейілмен өткізіп жатқан сауық-думанға да асабалар бармай қалады. Сауықтың шырқын бұзады, жауапкершілігін сезінбейді. Сосын думан-сауықта «хит» әндерді кім көрінген айтатын болды. Әннің мәнін де, бағасын да кетіреді. Олай жақсы әнді қорлағанша мықты әншілердің үнтаспасын қоя салған артық деп ойлаймын. Тойға шығатын әншілерге де таңдау, сұрыптау жүргізілсе. Әйтпесе, екінің бірі, егіздің сынары әнші болды. Тойда тілек айту – бір мәселе. Ақ тілек айтудың жаңаша үлгісі болса. Әр сыйлы кісі ұзақ-ұзақ сөйлеген сайын төрдегі екі жас түрегеліп тұрады. Кейде ол 20-25 минутқа созылып кетеді. Қызық екі жасқа арналған. Олар бірақ осылай «азап» шегеді. Сондықтан, ақ тілек айту мәдениеті қалыптасса екен. Әулет басы, топ басы, сөзі уәлі кісілердің аталы, баталы сөздері бөлек қой. «Езіп» тұрып алатындардан арылар кез келді. Бұл жерде асабалардың да олқылығы көп кездеседі. Мәселен, бір әпкеміз тойға шашын сәндеп барған ғой. Күйеуінің қасында тост сөйлейін деп шыққан әпкеміздің шашы дудырап тұрса керек. Сонда асаба: «Уа, ағасы, әпкемізді мотоциклмен әкелгенсіз бе?» депті. Сонда әлгі әпкеміздің жолдасы микрофонды ала салып: «Иә, мотоциклмен келдік. Ел алдындағы тәуір сөзің осы ма, сен қандай тамадасың?» – деп ашуланыпты. Тойдың шырқын өздері бұзатын мұндай асабалар да бар. Ойын ойнатудың да формасын өзгертер мезгіл жетті. Ойындардың ішінде анайысы да мол. Балақтың арасынан алма өткізу, бейтаныс қыз-жігітің бір жаңғақты шекелерімен тіреп тұруы, көрінген адамның аяқ киім, көйлегін іздету (кейде еркектер жалаңаш қалады) қандай мәдениетке жатады? Мен ойынды тойға себепкер екі жаспен өткізгенді дұрыс санаймын. «Үш минутта ақ қағазға үй салыңдар», «Ата-ананы, енені қалай сыйлау қажеттігі туралы ойды екі минутта жазып шық», «Бала тәрбиесін қалай бағалайсың?» деген тәрізді сұрақ-жауап ойындары болса дер едім. Жастардың той алдындағы серуені босқа шығын деп бағалаймын. Той алдындағы серуенге орташа есеппен 200 мың теңге жұмсалады екен. Екі-үш сағат қыдыруда сонша ақша желге ұшты. Одан да той алдында бір мейрамханаға отырып, жастар той иесіне ақ тілектерін арнаса, естелік суреттерге түссе жөн болар еді. Тойда жастардың барлығына кеңінен ойын, тілегін айтуға уақыт жете бермейді ғой. Жас келін киім әдебіне мән берсе, омырауы, шашы жабық болса деген тілегім бар. Сосын тойда торт жегізу дейтін дәстүр де көңілге қона бермейді. Тойды ішімдікпен емес, қымыз, шұбатпен өткізу, халал өткізу мәселесі де шешімін тапса дер едім. Арақсыз той қызық емес деген пікірге де келіспеймін. Арақсыз тойды да ән-жырмен қыздырып, көпшілікті риза ететін өнерпаздар жетерлік. Екі жасқа деген ақ тілектің ішімдіксіз жерде айтылуының имандылық тұрғысынан да, тәрбиелік тұрғыдан да мәні бөлек. Қысқасы, той жайлы айтар ұсыныс, талқылайтын мәселе көп. Мұның барлығы тойға қызмет көрсетуге арналған орталықтарда, той өткізу жөніндегі өңірлік, қалалық кеңестерде талданып, сараланып жатса құп болар еді. Той жөнінде айтар ойым – осы. Қалай болғанда да көп адамның көптен күткен қызығын той-думанды, қызықты, әсерлі, әдемі, көңілді өткізудің үлгісін жасайтын мезгіл жетті.

Ринат Нұрақбаев, «Асыл арман» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар