Хан Жамбыл жайлы не білеміз?

Хан Жамбыл жайлы не білеміз?
ашық дереккөз
Хан Жамбыл жайлы не білеміз?

Жыр алыбы Жамбыл «Менің өмірім!» атты өлеңінде: 

– Қақаған қар аралас соғып боран, Ел үрей, көк найзалы жау торыған. Байғара, Жамбыл, Ханда мен туыппын, Жамбыл деп қойылыпты атым содан», – деп үш тауды бөліп жармай атаған екен. Бұл таулар Мойынқұм ауданының аумағында екені баршаға мәлім. Байғара мен Жамбыл кісі аттары, оның заманында елге тұтқа болған ардақты адамдар екендігі ел аузында аңыз болып бүгінге жетті. Қарт шежіре Үйсіннің бір бұтағы Ыстыдан – Жауатар, Жауатардан – Ойық, Ойықтан – Қызылқұрт, Қызылқұрттан – Есіркеп, Есіркептен – Қосмұрат, Қосмұраттан – Жиеншора, Жиеншорадан – Шоғайдар, Шоғайдардан – Жәнібек, Жәнібектен – Назарымбет, Назарымбеттен – Ерназар, Ерназардан – Итемір, Байғара, Биғара, Жамбылды таратады. Осы Жамбыл тарихқа хан Жамбыл болып енетінін білеміз. Көнекөз, құймақұлақ қариялардың айтуынша Ысты ұрпақтарының бір бұтағы қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ маңын жайласа керек. Орыс отаршылдарымен қоса Қоқан хандығы билік құрып, қазаққа тізесі батқан заман екен. Арқадан Кенесары хан жансауғалап, оңтүстікке ауады. Қоқан бектерімен тізе қосқан қырғыз билеушісі Орман хан ақыры қазақтың соңғы ханының түбіне жеткен. Ел ішінде дүрбелең болып тыныштық іздеп ауа көшкен. Сол кезеңде қазақ даласының оңтүстігі Қоқан бектеріне қарап, езгіге түседі. Бұл зобалаңды Созақта ғұмыр кешкен Ысты-Ойық Ерназар әулиенің әулеті де бастан кешеді. Қиын-қыстау заманда, би мен батырдың сыналар тұсында әулиенің қос ұлы Байғара мен Жамбыл ел тірлігіне араласады. Халық ішінде әділдігі мен қамқорлығы жайылған қос ұл осы тұста рулы елдің тізгінін қолға алады. Тағдырын өзіне сеніп, қолына ұстатқан қалың бұқараның қолдауына арқа сүйеген Байғара мен Жамбыл Қоқан бектеріне алым-салық төлемей қарсы келіп қалып жүреді. Алайда қоқандықтар айылын жимай, қысым үстіне қысым жасаса керек. Амалсыздан Байғара мен Жамбыл рулы елді ертіп, бір түнде ата қонысынан ауа көшеді. Суыт көш Қоқанның әлі қолы жете қоймаған Шу бойындағы Қозыбасы тауына жетіп жығылады. Мұнда о бастан осы жерді жайлап отырған Жалайыр руының игі жақсылары құшақ жая қарсы алады. Жаңа қонысқа келіп жайланған Ыстылар «қайтадан Қоқанға бодан болмаймыз» деп Жамбылды ақ киізге көтеріп, хан сайлайды. Ол жер кейін Жамбыл, Хан тауы аталады. Сол тауда Жамбыл отырған тас – тақ болған деседі. Заман өзгеріп, уақыт алмасты. Кейін ата ұрпақтары өздерінің ата қонысына қайта оралды. Қазір қарға тамырлы қазақтың бұл руының ұрпақтары Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек, өзіміздің Талас ауданында өсіп-өніп жатыр. Өсіп-өнген хан Жамбылдың ұрпақтарының бірі, Талас ауданының Құрметті азаматы, ұзақ жыл партия, кеңес қызметтерінде болған Көшербек Жұманқұлов әруақты ата жайлы пікірін былай білдірді. – Ілгеріде көршілес Оңтүстік Қазақстан облысының, Шаян (қазіргі Бәйдібек) ауданындағы Шаян ауылына барған едік. Кілең қарияның ортасында отырып өткен тарихтың, ата шежіренің әңгімесіне қанықтық. Аталас ағайын болып келетін сол қариялардың айтқанын қағазға түсіріп алмағанымызға әлі күнге өкінеміз. Бұрынғының қариялары жатқан тарих еді ғой, шіркін. Сонда да есімде қалғанын айта отырайын. – Хан Жамбылды сөз етсеңдер, оның әкесі Ерназар әулиенің сүйегі осы ауылдан бес-он шақырым жерде, Арыстандының маңайында жатыр. Әрине ол кез бүтін қазақтың ғана емес, қалмақ, қоқан, орыс құрығынан шілдей тозып, әр ұлысқа бір би, бір датқа, бір хан сайланып жатқан тұс. Ерназардың ұлы Жамбылдың да халық қалауымен хан сайланатыны осы тұс. Хан Жамбыл кейін Шу бойынан ескі жұртына оралады. Осында әбден қартайып барып өмірден өтіпті. Жаз тау жайлап, қыс Талас бойына көшіп, бейбіт ғұмыр кешіпті. Талас бойындағы Жаңақорған қалашығын да уақтысында Жамбыл соқтырған екен. Мойынқұмда Жамбылдың тауы, Жамбылдың құдығы бар. Міне, хан Жамбыл аталарың артында ізі қалған әруақты адам еді, деп айтқан қариялардың әңгімесі әлі есте. Ертеңіне әлгі қариялар бізді Ерназар атаның басына ертіп барды. Биік шоқының етегінде екен. Хан Жамбылдың да жамбасы мәңгілік жерге тиген жерді көрдік. Осылайша, бұл сапарда арғы бабаларымның жатқан жерін тауып, өшкенім жанып, өлгенім тірілгендей қуанып қайтқанбыз. Кейіннен ағайын-туыс болып екі бабаның да басына белгі-тас орнаттық, – деп сөзін түйіндеді Көшербек Жұманқұлов. Жақында сарысулық кәсіпкер, «Алтын орда» серіктестігінің басшысы Дәулеталды Жанбаев сауапты іске ұйытқы болды. Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек ауданы мен облысымыздың Сарысу ауданының түйіскен шекаралас аймағында, Қаратаудың сілемін бойлай аққан Арыстанды, Қарасу өзендерінің маңына бірнеше киіз үй тігіп, ұрпақтардың басын қосып, Ерназар әулие мен хан Жамбылға арнап құран оқытты. Жиналған көпшілік алдында Бәйдібек ауданы, Шақпақ ауылының тұрғындары, ел қариялары Елубек Сералиев, Әлмырза Еркебаев, Құсибек Наурызбаев сөз сөйлеп, тарихтан толғана сыр шертті. Сондай-ақ, «Егемен Қазақстан» газетінің облысымыздағы меншікті тілшісі Оралхан Дәуіт, облыстық «Ақ жол» газеті бас редакторының орынбасары Әділбек Баққараұлы сөз алып, ұлы Жамбылдың тіліне тиек болған Байғара мен хан Жамбылдың деректері зерттеуді күтіп жатқанын, тарихтан өз орнын алуға тиіс екендігін айтып өтті. – Бабаларымыз Ерназар әулие мен Хан Жамбыл жайлы жас күнімізден естіп, қанығып өстік. Бертін келе бұл кісілердің өңір тарихында айтулы орны бар тұлғалар екенін тани түстік. Енді елеусіз жатқан осынау баһадүр бабаларымыздың басына (екеуінің арасы 3 шақырымдай) кесене орнатсам деген ойым бар. Менің бұл ойымды ата ұрпақтары түгелдей қолдап, мақұлдап отыр. Өйткені халқымыз «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген ғой. Ата-баба әруағына құрмет кейінгі жастарға да өнеге деп білемін. Ел мен жердің киесіндей болған бабалар рухы ұрпағын қолдап-қорғап жүрсе дейміз, – деді кәсіпкер Дәулеталды Жанбаев. Көненің көзі, облыстың Құрметті азаматы Баттал Жаңабайұлы қария: «Бүгінгідей асыл құндылықтарымыз жаңғырып жатқан тұста тарихтың аршылып, хатқа түскені жақсы. Ерназар әулие, Хан Жамбыл жөнінде ел ішінде аңыз болып жеткен әңгімелер әлі де бар. Халқына қамқор болған бабаларға құрмет көрсету, бағалау – өте құптарлық іс» деп өз ойын білдірді. Жиынға жиналған қауым Ерназар әулие мен хан Жамбылдың басына барып құран бағыштады. Онда «Назарымбетұлы Ерназар, Шоғайдартегі 1705-1795», хан Жамбылдың бейітінде «Ерназарұлы хан Жамбыл, Шоғайдартегі, 1772-1872» деген жазу жазылған. Ерназар ата 90 жыл ғұмыр кешсе, хан Жамбыл 100 жас жасаған екен.

IMG_3++881 IMG_36++40 IMG_39+48-

Ұқсас жаңалықтар