«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Жұрт жеңіл дүниеге әуес боп алды»

«Жұрт жеңіл дүниеге әуес боп алды»
ашық дереккөз
«Жұрт жеңіл дүниеге әуес боп алды»

6 мамыр – қазақ ән әлемінің көрнекті өкілі, композитор, өнер зерт теушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Илья Жақановтың туған күні. Сексеннің сеңгіріне шыққан мерейтой иесі – бүкпесіз әңгіменің бүгінгі қонағы

ильяс-жаканов ильяс-жаканов-табигат-абаилдаев«Менің атым – Ілия емес, Илья»

– Сексеннің сеңгіріне шығып отырсыз, құтты болсын! Алдымен әңгімемізді туған жеріңізден бастасақ, сіздің дүниеге келуіңіздің өзі қызық екенін естіген едік. Сонымен қатар, сіздің есіміңіз – Ілия емес, Илья Жақанов. Неге? – Рахмет, айналайын! Үлкен өмір. Абай айтады ғой «Есіңде бар ма жас күнің, Көкірегің толық, басың бос, Қайғысыз, ойсыз, мас күнің, Кімді көрсең бәрі дос. Құдай-ау, қайда сол жылдар, Махаббат, қызық мол жылдар. Ақырын-ақырын шегініп, Алыстап кетті-ау құрғырлар» деп. Сексеннің сеңгіріне келіпсіз деп айтып отырсың. Айналайын, Табиғат, сексен жасқа келдік. Өткен күндерге зер салып қарасақ, әр жылдардың өзінің қуанышы, сүйініші, күйініші, ауыр, күрделі сәттері болды. Оның барлығы артта қалды. Бойыңды әртүрлі сезімдер билегенде, ең алдымен дүниеге шыр етіп келген жеріңді ойлайсың. Менің туған жерім – Сарысу ауданының «Ілгерібас» деген колхозы. Енді қарап отырсақ, сол 1936 жылдың алтыншы мамырынан бергі аралықта 80 жыл өтіпті. Ел Қаратаудың Жон деп аталатын жайлауына қонып, түйемен көшкен керуен Нұртай өзенінің жағасына қонайын деп жатқан шақта далада жайнап тұрған жауқазын, алқызыл гүлдер, сартап қыр сондай исініп, жәннат әлемі секілді гүл атып тұрған кезде, көш қонатын жерге таяғанда ойда-жоқта қара дауыл соғады. Қара жаңбыр, қара дауыл, алай-түлей болып кетеді. Дауыл соңы қарға ұласады. Ақтүтек қар борап, даланы басып қалады. Түйелер қадамын ілгері баса алмайды. Көш тоқтайды. Сол кезде түйелерді тоқтатып, шөгеріп, адамдар абдырайды да, көштегі барлық керегелерді босатып, бастырма жасап жатқан уақытта анам Балкенді толғақ қысады. Әжем Биежан да сол маңда болған. Сондай қара дауыл соғып, қар құйып тұрған уақытта мен шыр етіп дүние есігін ашыппын. Сол сәтте бастырманың ығына туырлық, киізге орап, көрпелермен шешеміз екеумізді қымтайды. Кейін шешемнен: «Содан кейін не болды?» – деп сұраймын ғой. Ол кісі: «Екеуіңді орап тастаған соң бір сәттің ішінде айнала, дүние қайта жайнап, жауған қардың бәрі тасқынға айналды. Қаратаудың үстіндегі Жон деп аталатын жайлаудағы сай-саланың, жыраның бәрі сарқырап, дүниенің бәрі Еділ-Жайық болып кетті. Бұл не деген жаңбыр, бұл не деген мезгілсіз жауған қар, бұл не деген тасқын деп ойладық. Сөйтіп сен сондай жағдайда, Нұртай өзенінің жағасында дүниеге келдің», – дейді. Арада бірер күн өткенде ауыл адамдары, анығырақ айтсақ Мәделі, Мүсірәлі, Сәрсен, Смағұл деген молда-қожалар, Биежан әжейдің немересіне құтты болсын айтайық деп біздің үйге келіп, қымыз ішіп отырған сәтте әкей келеді. Ол кісі ауылдың мектеп директоры болатын. Қолында кітаптары бар екен. Үлкен кісілер «Жақан, сенің қолыңдағы кітаптың ішінде Ленин ақсақалдың суреті бар ма?» деп сұрайды. Әкей кітаптың бетіне қараса, әліппенің бетінде Ленин мен Сталиннің суреттері тұрады. «Лениннің суреті бар екен» деп үн қатады. «Әкесі кім екен?» – дейді үлкендердің бірі. «Әкесі – Илья Ульянов» деп жауап береді. «Онда сенің дүниеге келген батырыңның, Биежан әженің немересінің аты Илья болсын» деп, менің атымды Илья қояды. Содан бастап менің атым Илья аталып, барлық құжаттарымда солай жазылған. Ілия емес, Илья. Міне, менің дүниеге келген кезім мен атымның қойылу тарихы осылай. «Ілгерібаста» Серго деген мектепте мен жеті класты бітірдім. Ол кезде сол «Ілгерібас», «Серго», «Жаңакүш» деген үш колхоздың ортасындағы жалғыз мектеп. Сосын төменгі жақта Талдыбұлақ өзені маңында Ақтоғай деген ауыл бар. Аталмыш ауылдың кейбір балалары біздің мектепке келіп оқитын. Кейіннен Байқадамдағы орта мектептің сегізінші класында білім алдым, Өзбекстан астанасы Ташкенттің күншығыс жақ бетіндегі Оңтүстік Қазақстанның керемет ауданы Бостандықтың орталығында әкейдің жалғыз қарындасы Бапан апайдың қолында тоғызыншы класты тәмамдадым. Оныншы класты Шолақтауда, қазіргі Қаратау қаласында Сталин атындағы мектепте аяқтадым. 1954 жылдың қыркүйек айынан бастап, Алматыдағы Киров атындағы университеттің филология факультетінде білім ала бастадым. – Оны аяқтаған соң журналистік қызметіңіз басталған болар... – Иә, бұл оқуды бітірген соң менің журналистік қызметім басталды. «Қазақстан пионері» газетінде әдебиет және өнер бөліміне 3-4 жыл жетекшілік еттім. Бұдан соң мені радио мен телевидение қызметке шақырды. Міне, осы кезден бастап менің үлкен эфирге, радио мен телеарнадағы жылдарым қыза түсті.

Дариға Жалғасынова «Нұрсұлтаным, жан-жарым» деп сахнада әндетіп жіберді – Сіз дүниеге келген соң 5 жылдан соң Ұлы Отан соғысы басталды. Сол кезде дүние есігін ашқан сәбилердің балалық шақтары қиындыққа толы болды ғой... – Қазір қарап отырсам, біздің өміріміз неше түрлі оқиғаларға, хикаяларға, сан қилы жағдайларға толы өмір болыпты. Біз соғыс жылдарындағы балалармыз. Барлығы есімде. Әкеміз Жақан 1942 жылы күз мезгілінде майданға аттанды. Інісі Жақып та соғысқа жөнелтілді. Біз ауылда қалдық. Оған дейін әжем дүние салды. Мен сол кісінің баласы едім. Әке-шешейге салқындау болғанмын. Әжем өмірден озған соң, өзім жеке қалғандай күй кештім. Қазақта бар қасиет қой. Әке-шешең болғанымен «Әжесінің баласы» деп еркелетіп ұстайды. Соғыс жүріп жатқан кез есте. Сонда біздің ауылда шөп шабады. Ол жұмысты атқаратын – әйелдер. Бидайды да орақпен орады. Сол бидай алтындай толқыған үлкен алқапқа жанарымды қадап, қарап тұратынмын. Өзім құралпылас балалар бидай орған шешелерімізге, апаларымызға, жеңгейлерімізге сусын апарып жүретінбіз. Қымыз, айран әкелеміз. Белдері талады. Орамалдарын шарт байлаған нәзік жандылар бидайды дестелеп жинап жатады. Арбамен келіп жинап алып кетеді. Сол кездердегі қазақтың керемет әйелдерінің қасиетіне таңғалатынмын. Апаларымыз, жеңгелеріміз сондай ауыр жұмыста жүріп, кейбірі мұңға толы әндер айтатын. Ол әндер адамның жан жүрегін толқытатын, бала болсақ та тырп етпей, үндемей тыңдайтынбыз. Ол әндерді қазақтың керемет әндері деп қабылдайды екенмін. Сөйтсем олар айтатын ән қырғыздың әні болып шықты. Оны шырқап отырған жеңгелерімізді ашаршылық жылдарында біздің әкелеріміз, ағаларымыз Қырғызстанға өтіп кетіп, жан сақтап жүріп, кейін өмір сәл жақсарғаннан соң елге оралғанда бір-бір қырғыздың қызын алып келіпті. Сол жеңгейлер ауылға керемет сіңісіп, қазақтың бір руының қызы сияқты еркін өскен. Әндетіп тұрғандардың күйеулері соғыста жүр. Жеңгелеріміздің әндерін тыңдай-тыңдай жүріп, қырғыздың әнінің бүкіл мелодиясы, калориті, бәрі де менің жүрегіме сол 5-6 жасымнан орныққан табиғи тұңғиық құбылыс. 1963 жыл жадымда. Таңертең үйде Тиыш апаң екеуміз шәй ішіп отырғанбыз. Москва радиосынан «Қырғыздың белгілі жазушысы Шыңғыс Айтматов Лениндік сыйлықтың лауреаты атанды» деген хабарды тыңдадық. Мен ол шақта телевидениеде жас редактормын. 26 жастағы қылшылдаған жігітпін. Таңертең жұмысқа келсек, бүкіл телевидение, радиода қарбалас тіршілік. Шыңғыстың Лениндік сыйлығын үлкен әңгіме қылып, дуылдатып ірі шаралар өткіземіз деп жатыр екен. Сонда Қазақ радиосы мен телевидениесі мемлекеттік комитетінің председателі Кенжеболат Шалабаев деген өте білімді азамат тауда демалып жатқан демалысын үзіп келіп, бізге: «Бүгін Шыңғыс Айтматов лауреат болды, ертең Фрунзеге келеді. Сосын қырғыздардың өзіне соқтырмай, бізге алып келіп, қазақтың телевидениесінен бірінші рет біз ғана пресс-конференция беруіміз керек. Өйткені Шыңғыс Айтматовтың лауреат атануына барлық жағдайды жасап кеткен – кешегі ұлы жазушы Мұхтар Әуезов. Сол кісінің өсиетімен Шыңғыс Айтматов, міне, Ленин сыйлығының лауреаты болып отыр», – деп өз ойын білдірді. – Қателеспесем, осы кездерде «Даниярдың әні» өмірге келген болуы керек... – Сол күні әрқайсымызға өзі тапсырма берді. Фрунзеге баратын адамдарды тағайындады. Қазанның он бірі күні Шыңғыс Айтматов келді, ертесіне тікелей эфирге шықтық. Мен оны естіген сәтте түс әлетінде үйге келіп, апаң екеуміз шәй ішіп отырған кезде («Жәмилә» повесінің орысша нұсқасын қайтадан оқып жүрген едім) бір эпизодтар «Даниярдың әні» деген әннің тууына себепші болды. «Бар әні-і-ім се-е-ен, Жә-ә-әмиләәә, дәрменім се-ен, Жә-әмиләәә. Асы-ыл заты-ы-ым, пе-е-ериза-а-атым, жан ра-ха-а-атым...» (кейіпкеріміз керемет әнді шырқай жөнелді). Міне, осы ән туған күні бүкіл радио-телевидениені аласапыран жағдайға түсірді. «Не деген керемет ән, бұл қалай туды? Айтматовқа үлкен тарту болатын болды ғой» десті. Ол кезде әнді жай қабылдай салмайды. Көркемдік советтің тез ұйымдастырған шараларымен әнді қабылдады. Шығарманы қабылдағанда, атақты композитор Евгений Брусиловский өзінің Қазақстан туралы бір әнін Ришат Абдуллинге жаздырып, жұмысына қайтып бара жатқанда көркемдік кеңеске алып келді. Сонда ол кісі: «Великолепно. Это не только песня. Это что? Романс или ария? Помоему, ария!» – деп жылы лебізін білдірді. Бұл ән 12 қазан күні тікелей эфирде орындалды. Шыңғыс Айтматов пен біздің атақты жазушыларымыздың, журналистеріміздің, кинорежиссерлердің, актерлердің жалпы 50-60 адамнан құралған қазақ интеллигенциясының алдында бұл ән шырқалды. Туындыны өзі сондай сұлу, көркем, даусы жарқын тенор Мәдеш Ниязбеков деген осы біздің Жамбылдың әншісі (ол кезде консерваторияда оқитын) шалқытып тұрып айтты. Рояльда Семен Коган сүйемелдеді. Ән орындалып біткен соң Шыңғыс арнайы келіп, мені құшақтап тұрып бетімнен сүйіп: «Абдан жакшы. Оқумыш. Абдан жакшы. Ең сонын обон менің Жәмиләмнің ғашығы Даниярдың ең сонын обоны бұл қазақ-қырғыз тааласына шұрқап кететін кенен обон екен. Иним, саған зор урматым менің», – деп өзінің тілегін жеткізді. Осындай оқиға орын алды. – «Жәмилә» әні де көп ұзамай дүниеге келген жоқ па? – 1964 жылы «Жәмилә» повесі бойынша «Жәмиләнің әнін» жаздым. Оны Фрунзеде Шыңғыстың өзінің кабинетінде тыңдаттым. Ол ән ұзақ жылдар айтылмай жатты. Қазақ радиосы музыка редакциясының бас редакторы бола тұрып, барлық жағдай қолымда болғанның өзінде ешбір әншіге көңілім толмай, «Жәмиләнің әнінің» орындаушысын ұзақ жыл таппадым. 1992-93 жыл ма екен, Тәуелсіздіктің 2 жылдығында Шыңғыс Айтматовқа, Астрахань облысының губернаторы Гужбинге Нұрсұлтан Назарбаевтың Президенттік сыйлығы берілді. Міне, осы оқиғаның үстінде «Жәмиләнің әні» орындалды. Қырғыздың симфониялық оркестрі келді. Қырғызстанның халық артисі Дариға Жалғасынова керемет шырқады. Дариғадан соң не қырғызда, не қазақта бұл әнді ешкім айта алған жоқ. Сол ән республика сарайында ғажап деңгейде шырқалды да, алдыңғы қатарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Шыңғыс Айтматов отырды. Ұйымдастырушы жігіттердің айтуымен екінші қатарға мен жайғастым. Осы кезде Дариға Жалғасынова әннің қайырмасындағы «Даниярым, жан-жарым» деген тұсын «Нұрсұлтаным, жан-жарым» деп айтып жіберді. Бұл енді қырғыз бен қазақтың арасындағы өзімсінген туысқандық сезім секілді көрінді. Жұрт дуылдатып қол соғып, мені сахнаға шығарды. Данияр мен Жәмиләға байланысты әңгіме осы. 1965 жылы «Шынарым менің, шырайлым менің» кітабы бойынша «Әселді», іле-шала «Асылым» деген ән жаздым. Арада біраз жылдар өткен соң «Қош бол, Гүлсары» кітабы негізінде «Бибіжан» деген ән дүниеге келді. Осы бір бес ән Шыңғыстың бүкіл өмірінің ең бір сәулелі, шуақты сәттері сияқты. Шыңғыспен әркез жүздескенде, демалыс сәттерінде Шықаң айтатын: «Менің бүкіл кейіпкерлерім қырғыздың тоуларымен қазақтың кенен тааласында шырқатып обон салып жатады», – деп. Шыңғыс Айтматовпен рухани достығымыздың нәтижесі 1999 жылы желтоқсан айының бас кезінде үдей түсті. Астанада «Әнім саған, Астана» деген менің концертім болды. Ол концерт Көкшетауда жалғасты. Артынан маған қоңырау соқты. «Аға, сіз Бішкекке келуіңіз керек. Бір оқиға болып жатыр. Сізге келгенде айтамыз, келіңіз» деді. Көкшетаудан Алматыға жедел жетіп, үйге қонар-қонбастан борандатып, Бішкекке жеттік. Бізді керемет қарсы алды. Сол жерде маған Шыңғыс Айтматов атындағы халықаралық сыйлық тапсырылды. Екі-үш күн сол сыйлықтың арқасында Бішкекте ұлттық университетте, филармонияда Шыңғыс Айтматов атындағы қор бар екен, сонда кездесулерім болды. Қысқаша айтқанда, Шыңғыс Айтматовтың шығармаларына менің музыка жазуым бұл қазақ-қырғыз елдерінің үлкен ынтымағы мен бауырластық-туысқандық сезімінің ортақтығын тағы бір айқындады. Мен ешқашан күйзеліске, болмаса ауыр кезеңдерге тап болған жоқпын. Шығармашылығым жай ғана өзінің әуенімен, сабырымен жүріп жатты. Айтматовтың 60 жылдығында мені осы әндерім үшін қырғыздар 5 рет қайталап сахнаға шығарды. «Даниярдың әні», «Әсел», «Асылым» әндері әлемнің барлық елдерінде шырқалды. «Даниярдың әнін» Қытайға кезінде өзіміз құралпылас студенттер апарған екен. Олардың ішінде қазір тірісі – жазушы Қабдеш Жұмаділов.

«Сен өз «Подмосковные вечераңды» жазып қойғансың»

– Өзіңіз Мәскеуге барған кезде «Подмосковные вечераны» тыңдап отырып, «Шіркін, бізде де осындай ән болса» деп армандаған екенсіз. «Жайлаукөл кештері» сол әнмен үндес секілді... – А, (күлді) ол кез Шәмші Қалдаяқов, Күнсайын Куатбеков, Теміржан Базарбаев төртеуміз ресторанда отырған кезде мен: «Керемет, «Подмосковные вечера» не деген ән!» – дедім. Ол кездерде жігіттердің бәрі жүз грамдатады. Мен елу төртінші жылдан бастап сары аурумен ауырған соң не сыра, не басқаны ішпеймін. Емделіп жүремін ылғи. «Бұл әнге адамның қандай жан сезімі, қандай табиғат сыйып кеткен. Біздің қазақтың әуені де, әуезі де жетеді ғой. Шіркін, «Подмосковные вечера» сияқты бір ән жазар ма еді» деген сөзді айтқан болатынмын. Толқып отырған шақ қой. Арада талай жылдар өткенде, 1971 жылы мен атақты күйші Ықылас Дүкенұлы туралы туындыма материал жинап жүріп, Жайлаукөлге бардық. Қыс мезгілі еді. Қыстың қаһары жан түршіктіреді. Ақсақалдардан Ықылас туралы көп материалдарды емін-еркін қағазға түсіріп отырдым. Жайбарақат жатқан ауыл тұрғындарының таңертең – бірі, түсте – екіншісі, кешке – үшіншісі соғымға шақырады. Барасың, кейде шаршайсың. Қолым қариялардың әңгімелерінен босамайды. Қазіргідей диктофон жоқ. Кейде далаға шығамын. Тысқа беттегенде батыс жақта қып-қызыл боп күн батып бара жатады. Әлгі өртеніп батқан күнге қараймын да, ойға шомып үйге кіремін. «Кукурузник» деп аталатын ұшаққа отырып, бір таңда Жамбылға қайтатын болдым. Сол күні Құлыншақ (Ықыластың немере туыстары) деген кісінің үйінде Ермекбай есімді Ықыластың тікелей немересі, ауылдың бір топ кісілерімен ет жеп отырып, толқып кеттім. Сондағы мені толқытқан сөз – «Ілаға, амандық болса ертең сіз қайтасыз. Жамбыл, Жамбылдан соң Алматыға ат басын бұрасыз. Сіз қалалық болдыңыз, біз осы жерде жүріп-тұрып жатырмыз. Сәуір-мамыр айларында келе қалсаңыз, айнала гүл болып тербеліп кетеді де, Жайлаукөлге құстардың бәрі бет түзейді. Осы дала бізге жұмақтың төріндей толқып жатады. Құстардың үні тағы өзге көріністер жүректі тербейді» деп әңгіме айтты. Осы әңгімені тыңдап отырғанда: «Алаулап күн батса қырды асып, Кетуші ек, қалқатай, сырласып. Ұмытсам сол күнді-оу, сол күнді, кеш мені. Есте ғой, Дариға, Жайлаукөл кештері» деген ән туды (әндетіп). Сол үйдің ұмытпасам, Рабхат деген ұлы барқыт үні, баритон даусы бар екен. Мектепте мұғалім көрінеді. Баянмен балбыратып, толқытып, кең тыныспен орындады. Сол сәтте-ақ үйреніп алды. Ертесіне ұшаққа отырар кезде жайлаукөлдіктер өзім сөзін жазған сол әннің бір шумағымен мені шығарып салды. Міне, «Жайлаукөл кештерінің» туған сәті осы. Арада жылдар өткеннен кейін біз әлгі композиторлар бас қосып отырғанда «Ой, шіркін-ай, «Подмосковные вечера» секілді керемет ән жазу деген бұл ғажап қой» деп отырғанымызда, Теміржан Базарбаев маған: «Илья, сен сол әнді жаздың ғой!» – деді. Бұл сөзге мен таңырқай қарадым. Сол сәтте Күнсайын Қуатбеков әңгімені жалғап: «Сен жаздың ол әнді. Ол – «Жайлаукөл кештері», – деді. Бұл кезде үндемей отырған Шәмші: «Это верно», – деп үн қатты. Сөйтіп «Подмосковные вечера» маған «Жайлакөл кештері» сияқты әнді жазуға ықпал еткен сияқты. Мен оны өзім сездім бе, сезбедім бе, білмеймін. Бірақ, сол әнге деген менің бүкіл ынта-ықыласым, ол әнге берілуім, түсінуім, жүректің солай соғуы, осылай болса деген ниеттің барлығы «Жайлаукөл кештері» арқылы шыққан сыңайлы. – «Ықыласты» зерттеуге қанша уақытыңызды сарп еттіңіз. – Ықылас енді елдің адамы ғой. Оның мықтылығы сол Қорқыттан келе жатқан қобызды құдіретті аспапқа айналдырып, оған реалистік, керемет шығармалар жазуға өзінің бар мүмкіндігін салған ғаламат күйші ғой. Ықыластың бейіті Жайлаукөлдің тұсында жатыр. Ықыластың әңгімесін бала күнімнен тыңдап жүріп, 1959 жылдан бастап оған зерттеушінің көзімен қарап, өміріндегі әр эпизодтарды зерттеп, қағазға түсірумен айналыстым. Ақырында 1986 жыл. Алматыда үлкен аласапыран. Желтоқсан оқиғасы. Сол оқиғаның ішінен шықтым. Соңынан Бішкекке келдім. Шыңғыс Айтматовқа жолығып, олардың жазушылары демалатын Арашан деген шығармашылық үйіне жайғастым. Мақсатым – Ықылас туралы «Кертолғау» деген повесть жазу. Бұған дейін қырғыздың атақты жазушысы Төлеген Қасымбековтің «Сынған қылыш» деп аталатын екі томнан тұратын тарихи романын аударғанмын. Сөйтіп оған дейін менің «Қайта оралған ән», «Қош бол, вальс» атты екі повесім алғаш қазақ тілінде емес, қырғыз тілінде шыққан. «Ықыластың» хикаясы есімде. 1986 жылдың 29 жетоқсанында Төлеген Қасымбеков қасымызда бар, үшеуміз отырғанда, Төлеген мені түртпектеп отырып: «Ілеке, «Кертолғау» повесінің сюжетін айтып қойсаң болады», – деді. Соны кішкене айта бастап едім, Шыңғыс маған: «Осыны тереңірек, тереңірек айтшы!» – деп қолқалады. Кеңінен айтып шықтым. Мұқият тыңдаған Айтматов: «Анда былай. Біз өзіміздің асылдарымыздың, кешегі хандарымыздың, батырларымыздың атын атауға зар болып отырмыз. Қазақтарда да солай. Абылайдың атын атай алмайды. Бір қырдың ар жағында, Алматыда жатып, күйшілерімізге дейін шығармаңда ұйыстырып, осыны жазып қойшы. Анан кейін кітапты ешқайда берме. Біз өзіміз шығарамыз», – деді. Туынды жазыла келе, мен қырғыздың ғылым академиясында, сосын төңіректегі елдерді шарлап жүріп, ақыры үш айдың ішінде «Ықылас» деген романды жаздым. Повесть емес, роман болып кетті. Оны қырғыздар сол жылы лезде «Кертолғау» деген атпен аударып (олар қотартып дейді), шығарып жіберді. Арада бірер жыл өткен соң «Жазушы» баспасынан «Ықылас» романы жарыққа шықты. Сонда менің Ықылас әлеміне қаншама жылдарым кеткенін есептей бер. Ол ұзақ жылдардың жемісі. – «Екі жирен» атты жинағыңызды қашан жаздыңыз? – Бұл жинақ та жақсы болды. Одан соң «Бірінші концерт», «Аққулар қонған айдын көл» деген кітаптар жарыққа шықты. Соңғысы өте бір әйгілі жинаққа айналды. Өйткені ол шықпас бұрын біздің Меркіде үлкен жиын болды. «Жазушы» баспасынан адамдар келіп, шара екі-үш күнге созылды. Бұл жерге көркем әдебиетті алатын облыстардың өкілдері келіп, әрбір кітаптың аннотациясын оқып, біз сияқты авторларын тыңдап, ақырында сол жиында ең көп тираж алған менің «Аққулар қонған айдын көл» атты кітабым болып шықты. Өзің айтқан «Екі жирен» де, осы кітаптардың барлығы да музыка, музыканттар туралы хикаялар болды.

«Дударай» – Мәриямнің емес, Үлебайдың әні!»

– «Ақан сері – Ақтоқты, Жалмұхан» үштағаны туралы да айта отырсаңыз... – Бұл үлкен тарих қой (терең күрсінді). Жалпы Ақан серіге деген менің бүкіл ықыласымды аударған ән «Балқадиша» болды. Сол кезде академик Ахмет Жұбанов мен қызмет ететін «Қазақстан пионері» газетіне күйшілер, әншілер, композиторлар туралы мақалалар әкеліп жүрді. Бір жолы Ақан сері туралы мақала әкелгенде, ол кісі: «Шырағым, Илья, біздің өміріміз өте қиын болып тұр. Көп нәрсеге менің қолым бара бермейді. Ақан серінің, Біржан салдың, Мәдидің және өзгелердің өмірі туралы, Естай-Қорлан жөнінде бір кезде елдің фольклоршыларынан жиған материалымды кітап етіп шығардым. Бірақ, қазір айтылып жүрген «Күйеуің сексен бесте шал, Қадиша» деп жүргені өзінің төл сөзі емес, осы есіңде болсын, қазір мұны біз жөндей алмаймыз. Өйткені советтік идеологияның насихатына айналып кеткен ән» деді. Мен бірден «Қандай насихат?» деп сауал қойдым. Сонда Ахаң: «Ақтар мен қызылдар соғысып жатқан он сегізінші жылдары совет үкіметі басым болып, қызылдар жеңіп жатқан тұста, шаруаларға жер беріп, елдің бәрін мәз қылып жатқан шақта шаруалар қызыл әскерге балаларын бермей жатыр, біздің айқайлаған құр сөзімізден түк өніп жатқан жоқ. Бұған ән арқылы әсер етуіміз керек дегенді айтты Ленин», – деді. «В красной армии штыки, чай найдутся. Без тебя большевики обойдутся» деген «Проводы» аталатын Демьян Бедный есімді Лениннің рухани серігі бірінші советтік ән етіп, украинның халық әнінің әніне негіздеп осындай текст жазған. Сол ән арқылы қызылдар үлкен жеңіске жеткен. Сол сияқты совет үкіметі Қазақстанда орнағанда, Қазақстанда советтік жүйені нығайтып бекіту үшін әндер арқылы әсер ету қажеттігі туындады. Мәселен, халықтар достығы тақырыбына Құдай жарылқаған «Дударай» деген ән бар. «Дударайды» Мәриям Жагорқызы шығарды дестік, оған оны сүйген қазақ жігіті Дудар–Дүйсен Мәриям Жагорқызы шығармаған әнді, яғни Үлебай деген халық композиторының әнін Мәриямнің авторлығымен беріп кеп жіберді. Бұл халықтар достығы ма? Көрінген көзге сол ән Мәриямдікі болды да кетті. Ол олай емес! Үлебайдың әні – бұл ән. Үлебай кім? Ауылда жүрген жай ғана шаруа еді. Үлебай өз әніне өзі ие бола алмады. «Менің әнім» деп айтуға шамасы келмеді. Ұлттар достығы осылай кетті ал. Енді сауатсыздықты жою, яғни (ликвидация без грамотностей) саясатымен «Ақ Баян» деген халықтың әні бар ғой. Оны да өзгертті. Енді қазақтың қыздарын шалға берген, үлкен адамдарға қалың малға сатқан деген желеумен үлбіреп тұрған Бал Қадишаны «Күйеуің сексен бесте шал, Қадиша» деп жаңадан сөз жаздырып, мұны әйел теңдігі саясатына теліп, осы әнді солай беріп жіберді. Сөйтіп Ақан серінің «Қызы едің Ыбекеңнің, Бал Қадиша, Өзенді өрлей біткен тал, Қадиша. Сексен қыз серуенге шыққан кезде, Ішіңде қара басың хан, Қадиша» деп келетін керемет әнді бүлдірді. Ол қыздың әкесі Ыбырай елдің биі, шешені, тұтқасы болған, қасиетті адам болған соң, оның үйінде Ақан сері ылғи ән салып жүрген. «Ой, серім-ай, келдің бе, серім-ай» деп оны қарсы алған. Сол кезеңде Бал Қадиша кішкентай ғана қыз екен. Қадиша ұзатылар сәтте Ақан сері көп трагедияға ұшыраған. Әйелдері қайтыс болған, ғашықтарынан, Құлагерінен айырылды. Қиналып, Ыбан (Ыбыраһым) деген мылқау баласын жетектеп, бұрынғы аралаған жерлерін шарлап, қайғы жұтып жүріп, Бал Қадишаны көреді ғой. «Кетті деп Бал Қадиша естігенде, құшақтап құз-жартасты жылағаным» дейтіні бар. Ақан серінің өмірін осы Бал Қадишадан бастап зерттедім. Ақтоқты – Ақан серіге бірнеше ән жаздырған Көкшетаудың атақты сұлуы. Ал енді оның ұзатылатын жері – Жалмұхан Сүтемген деген байдың кереметтей асыл жігіті. Көптің бірі емес. Жалпы, Ақан сері жақсы да, Жалмұқан жаман деген пікір қалыптасты ғой. Ол енді кешегі әдебиеттің әңгімесі. Әйтпесе Жалмұқан деген – сондай қасиетті, елге тұтқа болған азамат. Ақтоқты екеуінің махаббаты бір-бірімен үйлесім тапқан. Ақтоқты сол елдің беделді әйелі болып, мықты ұлдар туған. Ақан да ғашық. Бірақ, қазақтың салты бойынша ұзатылатын жері – Жалмұқан. Ақан Ақтоқтыдан осылай айырылады. Барлық құпия осы. Бұл да Абай жақсы, Құнанбай жаман дегенге ерік берген кешегі әдебиеттің ісі сияқты. Ақанның өзі ауылға мәдениет әкелген Жалмұқанды керемет сыйлаған. Ол нәзік сырды жұрт біле бермейді. Осының бәрін мен зерттеуші болған соң зерделедім. Осы кітап туралы мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің толғатып жазған екі беттік үлкен мақаласы «Егемен Қазақстан» газетіне шықты. – Музыка зерттеушісі ретінде айтыңызшы, төкпе күйіміз жер-жерде орындалып жатады да, шертпе күйіміз шетте қалып жатады. Бұл қарқынмен асыл мұрамыздан айырылып қалмаймыз ба? – Ол енді, жастардың домбыраның қасиетін мүлде арзандатып жібергені салдарынан. Домбыраны жеңіл бір у-шудың, шоудың құралы секілді тызылдатып алып кетті. Қай жерге барсаң да, төкпе күйлер орындалып жатады. Ал шертпе күйлер – бұл философия, ой-толғау. Мұндай күйлер, жалпы жеңіл музыкадан гөрі ойлы, философиялық мәні бар шығармалар көп орындалмайды. Анау әлгі шуылдақ, дуылдақтың бәрі – әсіре, қызба дүние. Олар маңызды емес. Сол себепті, шертпе күйлерді шертетін күйшілердің аздығы сезіледі. Ондай азаматтар – музыкаға үлкен мән беретін, ойлы жүрекпен толғайтын адамдар. Қазіргі концерттерде ондай шығармалар орындала бермейді. Қазіргі қауыммен ондай дүниелердің бағасын беруге болмайды. Қауым басқа жаққа кетіп қалды. Әйтеуір не болса сол шығарма, барлығы жұлдыз, бәрі керемет, у-шу, айналып келгенде жүрекке қонатын, жүректе қалатын еш нәрсе жоқ. Абай айтқандай, «құр айқай бақырған, құлаққа ән бе екен, өнерсіз шатылған, жігітке сән бе екен?» Міне, біздің талғамымыздың әбден таяздағаны, арзандағаны, түкке тұрмайтын лепілдеп, лақылдап кеткен, жеңіл-желпі өміріміз сенің ойлы күйлеріңді тыңдатпайды. Анау балбыратып тұрып «Көкейкестіні» тартып отырса, мысалы. Төкпе күйдің ішінде де ғажап туындылар бар. Солар тартыла қалса, залдағы көрермен қарап отырып, ұйықтайды. Себебі жұртта ешқандай мәдениет, сезім, талғам деген қалмай бара жатқандай. – Бүгінгі дәстүрлі ән мектебінің аяқ алысына қалай қарайсыз, жалпы? – Мен кешегі композиторлардың соңы, ескікөзімін. Эстрадада жүргендерді дәстүрлі әннің иесі деп айта алмаймын. Олар да өздерінше жүріп жатыр. Лирикалық, эстрадалық әндері бар. Жалпы эстрада – қазақтың болмысында жоқ нәрсе. Біз амал жоқ, қоғамның, дүниенің әуенімен кетіп қалдық. Әйтпесе, қазақтың әні: «Айқабақ, алтын кірпік, қызыл ерін», «Қара-ай көзің, тәтті-ай сөзің, білгейсің келгенімді жалғыз өзің» секілді Сәкеннің әндеріндей болады. Біз сол дәстүрлі әндерден қол үзген жоқпыз. Дәстүрлі ән халық әндерінен, Ақан сері, Біржан салдардан бері қарай басталады. Оны біздің заманымызда Ахмет Жұбанов «Қарлығашымен», Мұқан Төлебаев «Жылқышы» әнімен, Сыдық Мұхамеджанов, Садық Кәрімбаев, Әбілахат Еспаев, Нұрғиса Тілендиев сол қалыпты сақтады. Солардікін дәстүрлі ән деп айтуға болады. Қазір композиторлардың ең жасы үлкені менмін. Болашақта Ақан сері, Біржан салдардың үлгісіндегі халық әндерін ешкім жаза алмай ма деген қорқыныш бар. – Сонда сіздің енді классикалық ән тумайды қазақта деген сөзіңіздің астары осы ма? – Иә, өйткені қазіргі жастардың әнін тыңдау бізге қиын. – Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар