Каратэшілер қарымы

Каратэшілер қарымы
ашық дереккөз
Каратэшілер қарымы
әлем біріншілігінен жамбылдықтар 8 алтын олжалап қайтты Польшаның Быгдощ қаласында каратэ-додан өткен VІІ әлем чемпионаты жамбылдық жасөспірімдер үшін өте сәтті болды. Біздің облыстан аттанған үш спортшымыз да әлем чемпионы атанып, алтыннан алқа тағынып қайтты. Чемпион жасөспірімдерді спорт мамандары, БАҚ өкілдері, жанкүйерлер Тараз темір жол бекетінен қарсы алды.  Бұл байрақты додаға облыстан 48 келі салмақта тараздық Әйгерім Тұрсынбекова (бапкері Асхат Қосақов), 70 келі салмақта Рамазан Азизов (бапкері Болатжан Нарметов), 61 келі салмақта сарысулық Бағлан Шубаев (жаттықтырушысы Серік Алиасқаров) жолдама алған болатын. Аты аталған спортшылар – осы кезге дейін де жасөспірімдер арасында көзге түсіп жүргендер. Бұл жолы да шын мықты екендерін дәлелдеп қайтты. Әлемнің 40 мемлекетінен қатысқан 1800 спортшының арасынан даралана білді. Тіпті Әйгерім мен Рамазан топтық әр кезеңде дараланып, бір чемпионаттың өзінен үш алтын медаль олжалап қайтты. Ал Бағлан Шубаев топтық және өзге кезең бойынша әлем чемпионы атанды. – Әлем чемпионаты ешқашан оңай болмайды. Сонда да тәжік, өзбек, Түркия, Польша, Румыния спортшыларын ұтып, елімнің абыройын әлем алдында асқақтатқаныма өте қуаныштымын. Бапкеріме, жанкүйерлеріме үлкен рахметімді айтамын. Спорт мектебінің директоры Марат Стамқұловқа қолдау көрсеткені үшін үлкен алғыс білдіремін. Алдағы уақытта жастар арасындағы жарыстарда өзімді дәлелдей бергім келеді, – дейді Әйгерім Тұрсынбекова.

Есет Досалы, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар