жер-ана өз бесігінде тербеле берсін

жер-ана өз  бесігінде тербеле  берсін
ашық дереккөз
жер-ана өз бесігінде тербеле берсін

Мухаммед-Умар Паншаев, ҚР Суретшілер одағының мүшесі.

Жуырда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Америка Құрама Штаттарының астанасы Вашингтон қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит жұмысына қатысып, оның аясында сөйлеген сөзінде жаһандық маңызды мәселені қозғағаны да осы сөзіміздің нақты айғағы бола алады. Қазіргі уақытта, әлемде аумалы-төкпелі ахуал қалыптасып отырғанына алаңдаушылық танытқан Елбасы аталған саммитте мұның бірнеше себебі барына тоқталды. Біріншіден, ең басты себеп ретінде Ядролық қаруды таратпау туралы шарт өзінің міндеттерін орындай алмай отырғанына назар аудартты. Бұл ретте Нұрсұлтан Әбішұлы әлем елдерінде ядролық қаруды дамытуға ұмтылыс байқалатынын астарлап жеткізді. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті әлемдегі халықтардың қорында 1 миллиардтан астам атыс қаруы барын еске сала отырып, сол қарудың шүріппесі әредік басылып, әлемде мыңдаған адамның ажал құшуына себеп болып жатқанын тілге тиек етті. Осылармен қатар, қазір әскери қауіп те бүкіләлемдік қасіретке айналатындай сипатқа ие екеніне көңіл бөлгізді. Халықаралық қатынаста жанжал тұтанатындай болса, әскери қақтығыстардың географиялық ауқымы кеңейіп, әлем тарихындағы соғыстар Еуропаның шығысындағы, Африканың солтүстігіндегі, Таяу Шығыстағы соғыс іс-қимылдарының тарихи шегінен асып түсуі ғажап еместігін ескергені де Көшбасшымыздың көрегендігінен дей аламыз. Елбасы адамзаттың бейбіт өміріне қауіп-қатер төндіріп отырған осындай себептерді ашып айтып, халықаралық терроризмнің қаһарына да тоқталды. Нұрсұлтан Әбішұлы бір бұл емес, халықаралық басқосуларда жаһандық жаппай қырып-жоятын соғыс қаупін болдырмауға қарсы ылғи да бастамаларын ортаға салады. Елбасы «Әлем. ХХІ ғасыр» атты кең ауқымды манифесін жариялай отырып, алдағы он жылда барлық кикілжіңдер мен соғыстарды тоқтату жалпыға ортақ міндет екенін ескертті. Иә, Елбасымыз айтқандай, соғыссыз әлем адамзаттың барлық салада дамуының кепілі екені шындық. Ал бейбітшілікке, бейбіт тыныш өмір сүруге ұмтылу қазақ халқының қанына сіңген қасиеттерінің бірі екені тарихтан белгілі. «Сырт көз – сыншы» деген ғой, арғы-бергі заманда қазақ жерінде болған саяхатшылар, ғалымдар, елшілер қазақ ұлтының меймандос, сабырлы, момын, ешкімге жамандық, қаскөйлік жасамайтын халық екенін, қазақ елі ежелден бейбіт халық, өз бетінше ешкімге ұрынбаған, соғыс ашпаған ел екенін сүйсіне жазған. Тәуелсіздікке қол жеткен тұста да, Елбасымыздың және елдің бетке ұстар азаматтарының қажырлы, табанды еңбегінің арқасында біз осы асыл қасиетімізді тағы да бір дәлелдеп, оны әлемге айқындай білдік. Мәселен, сонау тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Семей ядролық полигонын жабу еліміздің өмірінде ғана емес, әлемдегі айтулы оқиғаның бірі болды. Ядролық қару пайда болғалы ешбір ел ядролық полигонды өз еркімен жауып көрмеген болатын. Біздің еліміздің дүниежүзінде бірінші болып ядролық полигонды жабу жөніндегі осы қадамына БҰҰ мен дүниежүзілік қауымдастық үлкен баға берді. Дәл сол тұстан бастап әлем Қазақстанды бейбітсүйгіш ел ретінде тани бастады. Сол бейбітшілікке ұмтылған болмысымызбен, тыныштықты сүйгіш қасиетімізбен әлемді ынтымақты да тату-тәтті өмір сүруге шақырғанымыз бізге, елін сүйген Елбасыға әбден лайықты іс, парасатты бастама екені сөзсіз.

Ұқсас жаңалықтар