Қайдасың, Колумбия?!

Қайдасың, Колумбия?!
ашық дереккөз
Қайдасың, Колумбия?!

Шағын футболдан әлем чемпионатына електік кездесуде ұлттық құрама Польшамен тең түсті

Таяуда ғана кәрі құрлық біріншілігіне аутсайдер дәрежесінде барып, «сен тұр, мен атайын» командалардың қалпағын қайырып кеткен шағын футболдан ұлттық құрама оғландары енді Колумбиядағы әлемдік сында төрткіл дүниені таңғалдырмақ ниетте. Латын Америкасында өтетін әлемдік доданың ақтық кезеңіне жолдама алу үшін ұлттық құрама сайыпқырандары екі кездесуде поляк футзалшыларынан айласын асыруы керек болатын. Серияның алғашқы текетіресі Польшаның Щецин қаласында өтті. Он үшінші әлем чемпионатының жолдамасы сарапқа салынған жауапты кездесуде жігіттер аянып қалған жоқ. Түзде тағы да жамбылдық жампоз Серік Жаманқұловтың қанжығасы майланды. Басынан бастайық... Біз қазақстандық футзал­шылар жеңіске жетеді деп топшылағанымызбен, алаң қожайындары жерлестерімізге қарсы тыңғылықты дайындалғаны көзге ұрып тұрды. Алаңның әр бұрышында доп үшін болған талас пен шабуылдағы жанкештілік осыны аңғартып тұрды. Ойын бастала салысымен алдыға лап қойған қазақстандық жігіттер діттеген мақсаттарына да жетті. Еуропа біріншілігінде барлық кездесуде мергендігімен көзге түскен жаңатастық өрен Серік Жаманқұлов үшінші минутта білгенінен жаңылмай есеп ашты. Бұдан соң қос тарап та аңдысып жатпай, алма-кезек шабуылдар өрбітті. Дегенмен, ойынның алғашқы бөлігінде қазақстандықтар соққан голға алаң иелері жауап қайтара алмады. Екінші кезеңде польшалықтар тайлы-тұяғы қалмай шабуылға иек артты. Тіпті қақпашының орнына алтыншы ойыншыны да қосты. Қырық минут бойы шүмектеп төккен терлері зая кеткен жоқ. Кез-келген қашықтықтан допты шірене бағыттаған олардың үміті ақталды. Миколаевичтің жойқын соққысы біздің қақпадан табылды. Иә, ұлттық құраманың жейдесін киген өрендер де қарап қалмады. Алайда нәтижеге өзгеріс енген жоқ. Енді Қазақстан құрамасы қарымта кездесуде өз алаңында басымдық танытып, әлем чемпионатының жолдамасын қалтаға салатындықтарына сеніміміз мол. Естеріңізге сала кетейік, шағын футболдан әлем чемпионаты 10 қыркүйек пен 2 қазан аралығында Колумбия жерінде өтеді.

Ұқсас жаңалықтар