Денсаулық – зор байлық

Денсаулық – зор байлық
ашық дереккөз
Денсаулық – зор байлық

елімізде халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы 72 жасқа дейін жетті

Мемлекет басшысы «B.B.NURA» ЖШС Нефрология және эфферентті терапия орталығында болды. Мемлекет басшысы медициналық палаталарды аралап, орталық қызметінің негізгі бағыттарымен танысты. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті еңбек ұжымы өкіл­дерімен және облыстың медицина қызметкерлерімен әңгімелесті. Нұрсұлтан Назарбаев халықтың тұрмысын жақсарту үшін денсаулық сақтау саласын дамытудың маңыздылығына тоқталды. – Өткен жылдар ішінде Қазақстанда 1300 денсаулық сақтау нысаны салынды. Соның арқасында 10 жылда өмір сүру ұзақтығы 72 жасқа дейін ұзарды. Дағдарысқа қарамастан, 1 қаңтардан бастап біз медицина қызметкерлерінің еңбекақысын 28 пайызға көтердік. Бұл орталықтың мемлекет-жекеменшік серіктестігі арқылы салынғаны өте маңызды, мен бұл бағытты қолдаймын. Жұмысқа қажетті жағдай жасалуда, ал дәрігерлер елдің игілігіне қызмет ету үшін өз біліктіліктерін арттыруы тиіс, – деді Мемлекет басшысы. Мекеме қызметкерлері денсаулық сақтау саласын дамытуға көңіл бөліп отырғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты, сондай-ақ таяу уақыттары Қазақстан Президенті­нің тапсырмасымен салынған жаңа перинатальдық орталық­тың ашылуы жоспар­ланып отырғанын хабарлады. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев жиналғандарға табыс пен бақ-береке тіледі. Медициналық мекеме елдегі 25 аппараты бар ірі диализдік орталық болып саналады және бүйрек қызметінің жеткіліксіздігінен зардап шегіп отырған науқастарға толық нефрологиялық көмек көрсетуге мамандандырылған.

* * *

Елбасы «УПНК-ПВ» ЖШС-да болды. Мемлекет басшысы мұнай коксын қыздыратын зауыт жұмысымен танысты. Нұрсұлтан Назарбаевқа индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысы мен «Павлодар» арнаулы экономикалық аймағының жұмысы туралы баяндалды. Қазақстан Президенті кәсіпорын жұмысшыларымен, шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесті. Әңгіме барысында Мемлекет басшысы елдің индустриялық дамуындағы өңірдің елеулі рөлін атап өтті. – Павлодар – Қазақстанның қуатты өнеркәсіп орталығы. Сіздер жұмыс істейтін өндірістің маңызы өте зор, өйткені ол осында өндірілетін өнімді сырттан импорттаудан құтқарды. Енді оны өзіміз экспорттаймыз. Электролиз зауыты өзіміздегі мұнай коксы арқылы жұмыс істейді, ал сіздер осындай алдыңғы қатарлы кәсіпорында еңбек етесіздер. Қазақстанды индустрияландыру дегеніміз – осындай кәсіпорындар салу, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті электр энергетикасында көмір қолданатын біздің ел үшін ауаға тарайтын зиянды заттарды тазарту және экологияны сақтау аса маңызды мәселе екенін де айтты. «УПНК-ПВ» ЖШС құрылысы Индустрияландыру картасы аясында жүзеге асырылды. Кәсіпорын өнімін қазіргі кезде Қазақстан электролиз зауыты тұтынады. Алдағы уақытта өнімнің бір бөлігін Ресей мен Қытайға экспорттау жоспарланған. Қазіргі уақытта «Павлодар» АЭА аумағында 4 кәсіпорын жұмыс жүргізуде, тағы 8 жоба жүзеге асырылудың түрлі кезеңінде тұр. Таяу арада бірқатар жаңа нысандарды, соның ішінде агрохимиялық өнімдер, жағармай материалдары өндірістерін, сондай-ақ химия-металлургия кешенін іске қосу жоспарланып отыр.

* * *

Мемлекет басшысы Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты жатақханасының жаңа ғимаратына барды. Елбасы ғимаратты аралап көріп, онда тұрып жатқан, «Серпiн-2050» бағдарламасы бойынша оқитын студенттермен әңгімелесті. Қазақстан Президенті жатақханада күнделікті тұрмыс пен демалыс үшін барлық жағдай жасалғанын айтты. Соған орай Нұрсұлтан Назарбаев республикада жастарды қолдау мен олардың білім алуы мәселелеріне ұдайы көңіл бөлінетінін, соның ішінде бұл жұмыс «Серпiн-2050» мемлекеттік бағдарламасы аясында да атқарылып жатқанын атап көрсетті. 500 адамға арналған пәтер үлгісіндегі жатақхана 2015 жылы ашылған. Онда «Серпін» бағдарламасы бойынша оқитын 300 студент тұрады. Ғимаратта демалуға арналған бөлмелер, медицина кабинеті, жаттығу залы, жеке заттарды сақтайтын қойма, техникалық орынжайлар және мүмкіндігі шектеулі студенттер үшін арнайы жабдықталған бөлмелер бар.

Ұқсас жаңалықтар