«Гүлденген ауыл» акциясын бастады

«Гүлденген ауыл»  акциясын бастады
ашық дереккөз
«Гүлденген ауыл» акциясын бастады

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының орталық аппаратында жаңа редакциядағы Еңбек кодексінің негізгі ережелерін түсіндіру бойынша онлайн-семинар өтті. Аталған семинарға барлық деңгейдегі агроқұрылым қызметкерлері, партия мү­шелері, республикалық қоғамдық штаб өкілдері, сонымен қатар, скайп байланыс арқылы ұйымның барлық аймақтық қоғамдық штаб мүшелері қатысты. Жиында Қазақстан Кәсіподақтары федерациясы төрағасының орынбасары Гүлнар Жұмагелдиева кәсіпорынның экономикалық жағдайы нашарлаған жағдайда қызметкерді жұмыстан шығару, толық емес жұмыс режімі, сондай-ақ еңбек құқығын қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері бойынша әңгімелеп берді. Бұлардан бөлек, Г.Жұмагелдиева еңбек дауларын шешу мәселесіне кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, кодекске ұжымдық немесе жеке еңбек дауларын шешу, медиация тәртібін пайдалану секілді жаңашылдықтар енгізілген. Жалпы, «Ауыл» партиясы адами ресурстарды дамыту, жұмыс­шылардың еңбек құқықтарын қорғау және оған кепілдік беруді өзінің басты міндет­терінің бірі деп санайды. Осы міндеттерді жүзеге асыру үшін партия өткен жылы Қазақстан Кәсіподақтары федерациясымен ынтымақтастық және түсіністік туралы меморандумға қол қойған болатын. Сонымен бірге, «Ауыл» партиясы «Лай­ықты еңбек» партиялық жобасын жүзеге асырған-ды. Бұл жоба ең­бек келісім­шартының тұрақты әрі міндетті түрде жасалуына, еңбек дауларын ше­шудің тиімді тәсілдерін табуға, жұмыс орындарын көптеп ашуға бағытталған. Онлайн-семинар барысында Г.Жұ­магелдиева қатысушылар тарапынан қойылған көптеген сұрақтарға жауап берді. Шарада еңбек қарым-қатынасы саласында қоғамдық бақылау жүйесін орнату бағытында халықтың сауаттылығын көтеру ісінің маңыздылығы атап өтілді. Айта кетейік, өткен жексенбіде «Ауыл» партиясының республикалық қоғамдық штабы ауылдағы үздік бизнес-жобаларды насихаттайтын «Гүлденген ауыл» акциясының басталғанын ресми жария етті. Акция мақсаты – барлық аймақтардан ауылда жүзеге асыруға ыңғайлы, келешегі бар, тиімді бизнес-жобаларды жинақтау. Партиялық бұл жобаның тағы бір мақсаты – ауылдық жерлерде өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық санын көбейту. Осы орайда, «Ауыл» партиясының хатшысы Бөрібай Жексембин: «Ауылда материалдық және адами ресурс өте жоғары. Ол бүгінде толық деңгейде қолданылмай отыр. Бұл жобаның негізгі мақсаты – ауыл халқына өз кәсібін бастауға көмектесу, ынталандыру, бизнес-идеямен бөлісу», – деді. Акцияның тұсаукесеріне «Ауыл» партиясының мүшелері, депутаттықтан үміткерлер, бизнес өкілдері қатысты.

Көкшетау қаласында «Ауыл» партиясының аймақтық қоғамдық штабының жетекшісі Ә. Хұсайыновтың төрағалығымен штаб отырысы өтті. Шарада үгіт-насихат науқанының аралық кезеңі қорытындыланды. Штаб жетекшісі Әбілжан Хұсайыновтың мәліметінше, үгіт-насихат кезеңі басталған күннен бастап, республикалық және аймақтық штабтың белсенділері 80-нен астам іс-шара ұйымдастырған. Еліміздің барлық өңірлерінде болып, халықпен, еңбек ұжымдарымен кездесіп, қарқынды жұмыс жүргізген. Партияның барлық үгіт материалдары дер кезінде дайындалып, облыстық штабтарға жеткізілді. Сонымен қатар халықты партияның сайлауалды бағдарламасымен таныстыру шаралары үздіксіз жүруде. – Күн демей, түн демей, мереке күндеріне қарамастан, үгіт-насихат шаралары бір сәтке де тоқтаған емес. Бірталай шаралар жүзеге асырылды. Енді бүгін жүріп өткен жолымызды бір шолып, алдағы міндеттерді жаңаша қарқынмен жүргізуге қамданып жатырмыз, – деп атап өтті штаб жетекшісі. Партия билборды еліміздің барлық өңірлерінде орнатылған. Сайлауалды насихаттық бейнероликтер республикалық арналардан көрсетілуде. Аймақтық штаб белсенділерінің айтуынша, партия үміткерлерімен халықтың кездесуі кезінде, көп көтерілетін мәселелердің бірі – жұмыспен қамту, коммуналдық төлемдер тарифі, білім, денсаулық сақтау саласының қолжетімділігі, ауыл шаруашылығын дамыту тақырыптары төңірегінде. Бұл мәселелердің барлығы партияның сайлауалды бағдарламасында көрініс тапқан. Сонымен қатар әрбір үгіт-насихат тобының баратын жері, уақыты, бағыты бүгінгі күні нақтыланған, әрбір шараның бағдарламасы бекітілген және жергілікті штаб жұмысын күшейту бағытында ұсыныстар әзірленген.

Ұқсас жаңалықтар