Жамбылдық қол күрес шебері Дмитрий Трубин

Жамбылдық қол күрес шебері Дмитрий Трубин
ашық дереккөз
Жамбылдық қол күрес шебері Дмитрий Трубин
АҚШ-тан құрлықаралық чемпион белбеуімен оралды Көптеген әлемдік сындарда қарсылас шақ келтірмей, жеңісті жорығын сәтті жалғастырып жүрген жамбылдық қол күрес шебері Дмитрий Трубин өзінің шын мықты екенін кезекті мәрте дәлелдеді.  Құрыш білекті батырымыз АҚШ-тың Лас-Вегас штатында кәсіпқой армрестлинг лигасының құрлықаралық чемпионына тиесілі белбеуіне таласты. Аталмыш белдікті жеті жыл бойы өз уысында ұстап келген американдық Майкл Тодд жерлесімізге турнир барысында қарсылас атанды. Шын мықтылар білек күштерін байқатқан айтулы додада Ахмед Алиевтің шәкірті Дмитрий Трубин қарсыласынан 4:2 есебімен басым түсіп, өзінің теңдессіз күшті екенін кезекті мәрте айқындады. Бұдан бөлек дәстүрлі «Арнольд классик» турниріне қатысып, финалдық кезеңде тағы бір американдық спортшы Скотт Бэлинджерді айқын басымдықпен жеңген Дмитрий Трубин бұл жарыста да шын мықтыға тұсау болмайтынын әйгіледі. Талай сында білек күшін сарқа жұмсап, ел мен өңір намысын асқақтатып жүрген Дмитрий Трубин кеше елге оралды. «Бұл – менің ірі додадан жеңіп алған алғашқы белбеуім. Әлі талай асуларды бағындырсам деген ойым бар. Биік белестерге көтерілу үшін талмай тер төгуге әзірмін» деген Дмитрий Трубиннің ниетіне жетуіне біз де тілектеспіз.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар