«Баку оттарының» жалыны басылды

«Баку оттарының» жалыны басылды
ашық дереккөз
«Баку оттарының» жалыны басылды

«Астана арландары» сырт алаңда әзірбайжандық командадан айласын асырды

Бүкіләлемдік бокс сериясының төртінші кезеңінде Әзірбайжанның «Баку оттарымен» шаршы алаңда күш сынасқан «Астана арландары» командасының боксшылары маңызды кездесуде 3:2 есебімен басым түсті. Бұл күні «Баку оттары» мен «Астана арландары» командасының өрендері С2 салмағы бойынша өзара кім мықтыны анықтады. Шаршы рингке алғаш көтерілген 60 келі салмақ дәрежесіндегі саңлағымыз Закир Сафиуллин Насраддин Маммадовтан бес раунд бойы айқын басымдық танытты. Қарсыласын рингтің төрт бұрышына тықсырып, төмпештеген Сафиуллиннің мықтылығына жұрт сүйсінді. Бір шабуылда бірнеше соққыны дөп тигізіп, қарсыластың қарсы шабуылынан жалт беріп, тамаша бокс үлгісін көрсеткен Сафиуллин қоржынымызға алғашқы ұпайды салды. Бұдан соң рингке 52 келі салмақ дәрежесіндегі боксшылар көтерілді. Қазақстандық команда намысын аталған салмақта жамбылдық оғлан Олжас Сәттібаев қорғаса, «Баку оттары» Магомед Ибиевке сенім артты. Ә дегеннен алдыңғы қолмен қарсыласын түрткілеп ашып, бірнеше соққыдан тұратын шабуылдарды қажетіне жарата білген жамбылдық жампоз раунд өткен сайын басымдылығын үстемелей берді. Олжастың асқан жылдамдығына Ибиев мүлдем үлгере алмады. Қапталдан бағытталған соққылар да, тікелей жұмсалған соққылар да Магомедтің қақ маңдайын, жақ сүйегін, самайын және бауыр тұсын дәл тауып жатты. Бес раундты бір демде өткізген Олжас Сәттібаевтың мықтылығын төрешілер де мойындады. Қарсыласын төртінші раундта нокдаунға жіберіп есеңгіреткен Олжас айқын басымдықпен жеңіске жетіп, «Астана арландарының» есептегі басымдылығын үстемелей түсті. Үшінші болып рингке беттеген 69 келідегі тағы бір жамбылдық оғлан Асланбек Шымбергенов Тамерлан Абдуллаевқа жол берді. Тең дәрежеде өткен кездесудің алғашқы раундтарында Асланбек белсенгенде жеңісті жұлып алар ма еді?! Есеп – 2:1. Рингке 81 келі салмақ дәрежесіндегі саңлақтар беттеді. Ел намысын қорғаған Нұрдәулет Жарманов пен бакулік Михаил Даухалявяц арасындағы жекпе-жек соңғысының жарақат алуына байланысты мерзімінен бұрын тоқтатылып, жеңіс Жармановтың еншісіне жазылды. Жарманов сыйлаған ұпайдан соң «Астана арландары» командалық есепте жеңіске қол жеткізіп қойғанымен, аса ауыр салмақтағы үмітіміз Нұржан Бекзатов бесінші раундта Арсланбек Махмудовқа техникалық нокаутпен жол берді. Иә, сырт алаңда сыр бермеген Нұрлан Ақүрпековтің командасы өзбекстандық командаға кеткен есені толығымен қайтарды. Қалған кездесулерде қарсыластарынан басым түскен жағдайда «Астана арландары» топта жеке дара көшбасшы атанары анық. Оған мүмкіндік те мол. Ол үшін екі мәрте Пуэрто-риколық команданы жеңіп, С2 салмағында елімізде өтетін кездесуде «Өзбек жолбарыстарынан» басым түсу қажет. Білікті бапкер Нұрлан Ақүрпеков шәкірттерінің шешуші сәтте жігерін жани білетініне күмәніміз жоқ. 26 наурызда Пуэрто-Риколық команданы қабылдайтын «Астана арландарына» тек қана жеңіс тілейміз!

Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар