Мен елімді сүйемін

Мен елімді сүйемін
ашық дереккөз
Мен елімді сүйемін

«Патриоттық тәрбие, қазақстандық патриотизм қандай болуы керек?» деген сауалға бір ғана жауап бар. Ол – Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Біздің балаларымыз бен немерелеріміз сырт елден гөрі Отанында өмір сүргенді артық көретіндей, өз жерінде өзін жақсы сезінетіндей болуға тиіс. Біздің еліміздің әрбір азаматы өзін-өзі жерінің қожасы ретінде сезінуге тиіс. Егер мемлекет әр азаматтың өмір сапасына, қауіпсіздігіне, тең мүмкіндіктеріне және болашағына кепілдік беретін болса, біз елімізді сүйеміз, онымен мақтанамыз. Өз бойымызда және балаларымыздың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуіміз керек. Бұл ең алдымен елге және оның игіліктеріне деген мақтаныш сезімін ұялатады» деген сөзі. 

Елін сүю – азамат бойындағы ең асыл сезім. Ал отаншылдықтың ең қарапайым үлгісі – туған еліңді сүюмен қатар, оған қалтқысыз еңбек ету. Ақын болсаң еліңді мақтаныш сезімімен жырлау, спортшы болсаң, мемлекетіміздің туын байрақты бәсекелерде көкте желбірету – міндетің. Ел патриоты өз еліңнің кез-келген саласындағы әрбір жетістігін мақтан тұтады. Астана қаласы орталық телекоммуникациялар қызметінде өткен «Мен елімді сүйемін» атты республикалық акцияның тікелей көрсетілімін тамашалай отырып, осылай деп ой түйдік. «Online» режімінде өткен тележобада таңдайынан бал тамған бүлдіршіндердің «Отан оттан да ыстық» деген ұғымды қалай түсінетіні жөнінде түсірілген бейнетуындының авторы Динара Әлихан түсірілім идеясының неден туындағанын айтып, ой-пікірімен бөлісті. «Kazsport» телеарнасының директоры Павел Цыбулин: «Қазақстан – менің Отаным! Бұл жерде менің атам, әкем, өзім және ұлым дүниеге келген. Мен Отанымды шексіз сүйемін!» – десе, танымал актер Қуандық Қыстықбаев: «Менің бағым болар, театрда да, кинода да мен сомдайтын рөлдердің бәрі ерлікке, отаншылдыққа, тәрбиеге арналған. Даңқты партизан, Халық Қаһарманы Қасым атамыздың рөлін сомдаған кезде Отанға деген махаббаттың қаншалықты қуатты болатынын сезіндім. Бұл Ұлттық арнаның қолдауымен түсірілген фильм болатын. Бүгінде туынды әлемнің бірнеше елінде көрсетілуде. Мен мұны еліміздің Тәуелсіздігіне, Отанымыздың рухани өміріне қосқан үлесім, азаматтық борышым деп білемін»,– деп өз ойын білдірді. Телекөпір арқылы Ақтау қаласы, Оңтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары байланысқа шықты. Оңтүстік Қазақстанның мақтанышы, боксшы Біржан Жақыпов, Шығыс Қазақстаннан жеңіл атлетика бойынша Лондон Олимпиадасының алтын жүлдегері Ольга Рыпакова, Ақтау қаласынан былғары қолғап шебері, Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов секілді елге ықыласы ерек жандар тікелей эфирде байланысқа шығып, өз елін жақсы көретіндерін мақтанышпен жеткізді. Тележобаға қатысушылардың сөздері әрбір азаматқа ой саларлықтай. Олар – өз елін және өз ісін жақсы көретінін іспен дәлелдеп жүргендер. Соның бірі астаналық мұғалім Гүлден Ертаубаева: «Оқу, білім, бала тәрбиесінің басты ұстанымы Отанды сүюде жатыр. Ал бұл – мен сияқты барлық ұстаздардың ұстанымы. Отанымыздың келешегіне жарқын жол бастайтын жас буынды тәрбиелеу – менің міндетім. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығында еліміз елеулі жетістіктерге жетті. Осының барлығы біздің ынтымақ-бірлігіміз, отансүйгіштігіміздің арқасы. Осы құндылықтарымызды әрі қарай құрметтеп, қастерлеуге жастарды шақырамын!» – дейді.

Нұрым Сырғабаев, «Ақ Жол».

Ұқсас жаңалықтар